Ауыл шаруашылығы саласында атқарар іс көп

Өткен аптада қала басшысы Әнуар Омардың төрағалық етуімен Сәтбаев қаласының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу және ветеринария саласы бойынша жиналыс өтті. Оған әкім орынбасарлары, мәслихат депутаттары, мекеме мен бөлім басшылары, шаруа қожалықтарының иелері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Күн тәртібінде қаралған екі мәселе бойынша баяндаманы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Амантай Әбілқасымов жасады.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында өткен жылы қала әкімінің өкімімен мобильді топ құрылып, сауда орындары мен дүкендерде өнімдерге үстеме бағаның 10 пайыздан аспауына мониторинг жүргізіліп отырды. Сату бағасын бұзу фактілері анықталған жағдайда оларға әкімдіктің шешімімен шара қолданылды. Қала тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру бағытында «Сәт Сәулет» ЖШС айналымына жергілікті бюджеттен 15 млн. теңге қаржы бөлініп, соның негізінде жасалған фьючерлік келісім-шарт бойынша картоптың әр келісі 65 теңгеден ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 2 тонна көлемінде сатылуда. Бүгінгі таңда қалалық қорда 110 тонна картоп, 4 тонна жуа сақталған. Көктем мезгілінде қала  аумағында  картоп өніміне бағаны реттеу үшін «Сәт Сәулет» ЖШС пен ЖК «Дин» қазірден бастап жұмыс жасауда. Көктемде картоп егілетін жердің көлемін 20 гектарға дейін ұлғайтып, оның 6 гектарын тамшылату әдісімен суару жоспарымызда бар. Тауарларды арадағы делдалсыз саудаға шығару үшін әр сенбі сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіледі. Онда сатылатын өнімдердің бағасы 15-20% төмен болады. Жақын орналасқан аудандардан әкелінген шаруашылық өнімдері қаламыздағы кез келген базарларда еш кедергісіз сатылып жатыр. Жыл басынан бері жалпы сомасы 7,5 млн. теңгені құрайтын екі жәрмеңке ұйымдастырылды, – деді Амантай Әбілқасымов.

Осы орайда қала әкімі өз пікірін білдірді.

Қаламыздағы сұранысқа ие барлық азық-түлік тауарлары өзге қалалардан, тіпті басқа елдерден әкелінеді. Әрине, қалыптасқан табиғи ерекшеліктерге байланысты біздің өңірімізде кез келген өнімді өндіре алмаймыз. Алайда, белгілі бір тауар түрлерін өз жерімізде де өндіруге болады ғой. Сәтбаев қаласының келешегі мол екеніне күмәнім жоқ. Мұнда 70000-нан астам тұрғын бар және де олар әр уақытта тұтынушылар болып қала береді. Сондықтан бүгінгі күннен бастап кейбір азық-түлік өнімдерін өз аймағымызда шығару мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Себебі, біздің мақсатымыз Үкімет белгілеп берген негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру, оның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық күнделікті тұтынатын тағамдарды барынша арзанға ұсыну және бағалардың маусымдық ауытқулығын жұмсарту болып табылады. Ал, бұл мақсатқа біз тек өз өндірісімізді дамытқан кезде ғана қол жеткізе аламыз, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Келесі кезекте Амантай Әбілқасымов ветеринария саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы хабарлады. Оның берген мәліметіне сәйкес, бұл сала үш басым бағыт бойынша жұмыс жүргізеді – ауыл шаруашылығы малдары мен құстарын алдын ала егіп-емдеу және диагностика жасау, малдарды бірдейлендіру мен атрибуттарға жұмсалған қаржыны мемлекет бюджетіне қайтару, иттер мен мысықтарды Ережеге сай күтіп ұстау. Осыған байланысты жиналысқа қатысқан барлық пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларына өз құзырларындағы тұрғын үйлердің иелері ұстап отырған иттер мен мысықтар жайлы толық мағлұмат жинау тапсырылды. Одан әрі ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстарына тоқталған Амантай Әбілқасымов бұл шараның белгіленген жоспар бойынша 100 пайыз орындалғанын және барлық малдардың толық тіркелгенін айтты.

Жиын барысында «Береке» АҚ директоры Қ.Жандарбекова қалада әлеуметтік дүкендер ашу керек, Сәтбаев қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Г.Жалмурзина сырттан әкелініп жатқан көкөністерді токсикологиялық тексерістен өткізу қажет деген ұсыныстарын білдірді.

Жиынды қорытындылаған қала басшысы Әнуар Омар барлық жауапты мекемелердің басшыларына азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ветеринария саласы бойынша бірқатар мәселелердің шешу жолдарын қарастыруды жүктеді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.