«Қазтест» жүйесі негізіндегі сынақ

20140124-05-02Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында «Қазтест» жүйесі бойынша емтихан тапсырудың нәтижесiнде мемлекеттiк тiлдi меңгерген қазақстандықтардың үлесi 2014 жылға қарай – 20%, 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай 95% құрауы қажет» делiнген. Осыған орай, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында өткен аптада №16 орта мектепте Сәтбаев қаласының 105 мемлекеттік қызметкері қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған байқау сынағын тапсырды.

Сынақты Астана қаласының республикалық ұлттық тестілеу орталығы мен Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Сәтбаев қаласына арнайы келген комиссияның құрамында облыстық басқарманың бөлім басшысы Сағат Ниязова және тестілеу орталығының мамандары Нұргүл Тоғызбай мен Ұлжан Садықова болды.

– Бүгінгі күні елімізде мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан қазақ тілін кеңінен қолдану бағытында бірқатар жұмыстар жасалуда. Солардың бірі – мемлекеттік тілді  білу деңгейін бағалайтын «Қазтест» жүйесі. Бұл – Қазақстан Республикасы азаматтарының және ел аумағында қызмет атқаратын шетел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын отандық жүйе. Мұнда тілдік білімді анықтаудың қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары деңгейлері негізге алынады. Тестілеуден өту кезінде сынақ тапсырушыларға 150 сұрақтан құралған тест тапсырмалары ұсынылады. Жалпы тестілеу үш бөліктен тұрады: тыңдалым, лексика-грамматика, оқылым. Тестті орындау үшін 2 сағат 30 минут бөлінеді. Мемлекеттік тілді дамытудың негізгі қозғаушы күші алдымен мемлекеттік қызметкерлер болып табылады. Сондықтан, «қазақ тілін білу – әр азаматтың парызы» екенін олар өздерінің жеке үлгілерімен көрсетулері қажет, – дейді Сағат Ниязова (суретте).

Биыл тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының 2014-2016 жылдар аралығын қамтитын екінші кезеңі басталды. Бұл кезең аясында мемлекеттiк тiлдi оқып-үйрену және қолдану саласында, сондай-ақ тiлдiк әралуандықты сақтауда жаңа стандарттар, технологиялар мен әдiстердi енгiзу жөнiндегi практикалық шаралар кешенiн iске асыру қарастырылады. Сонымен қатар, осы кезеңде мемлекеттiк тiлдi оқыту орталықтарын аккредиттеу iсiн жүргiзу және олардың қызметiне рейтингтiк бағалауды енгiзу жұмыстары жоспарлануда.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.