Облыста елбасы жолдауы талқыланды

20140124-04-02Дүйсенбі күні Қарағанды қаласында өңір басшысы Бауыржан Әбдішевтің төрағалық етуімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің жиыны өтті. Оның жұмысына барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, діни және этно-мәдени орталықтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, шағын және орта бизнес саласының өкілдері қатысты.

Бұл алқалы жиынға Сәтбаев қаласынан қала әкімі Әнуар Омар бастаған арнайы делегация қатысып қайтты. Жиналыс барысында облыс әкімі Жолдауда көрсетілген он басым бағыт бойынша аймағымызда атқарылар бірқатар жұмыстарға тоқталды.

– Елбасының биылғы Жолдауы – дамудың даңғылына түскен егемен еліміздің адастырмас темірқазығы, басшылыққа алатын басты бағдары болды. Бұл – әрбір қазақстандық үшін, әрбір отбасы үшін, келешек ұрпақ үшін маңызды құжат деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы басымдықтарды жүзеге асырудың негізгі он тетігін айқындап берді. Атап айтқанда, инновация, геология, ауыл шаруашылығы, ғылым, аумақтық даму, транспорт, энергетика, шағын және орта бизнес салаларын дамыту керектігін айтты. Осыған байланысты аймағымыздағы энергия жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін Қарағандыда ЖЭС-4, Жезқазғанда ЖЭС-2 құрылысын бастау, «Қазақмыс Энерджиге» қарасты 3 стансада және ЖЭС-3-те қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. «Энергоүнемдеу – 2020» жаңа республикалық бағдарламасы негізінде 2020 жылға дейінгі аталмыш саланың Кешенді жоспары дайындалуда. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында биылғы жылы жалпы құны 77 млрд. теңгені құрайтын жаңа өндіріс орындарын іске қосу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде халықты 1700 жұмыс орнымен қамтамасыз етпек, – деді Бауыржан Түйтеұлы.

Сондай-ақ, жиында Жезқазған өңіріне геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін 25 млрд. теңге қарастырылғаны және облыстағы алпауыт компания алдында көмір химиясын жетілдіру міндеті тұрғандығы туралы айтылып, аудан, қалаларда жаңа инновациялық жобалар мен шағын бизнесті одан әрі дамыту керектігі жайлы сөз болды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ерекше атап өтті.

– «Қазақстан – 2050» – «Мәңгілік Елге» бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол» деді Елбасы. Ендеше, Президентіміздің ұлы бастамасы ұлттық идеяға айналу үшін барлық мақсат тоғысып, Елбасының айналасында бірігіп, «Мәңгілік Елдің» төңірегіне топтасуымыз қажет. Еліміздің ең ірі өндірістік орталығы болып табылатын Қарағанды облысы Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда көш басынан көрінуі тиіс. Оған біздің мүмкіндігіміз де бар, күш-қуатымыз да жеткілікті, – деді Бауыржан Әбдішев.

Жиналыста «Сары қазына» ЖШС директоры Павел Семенченко, Қарағанды медициналық университетінің ректоры Раушан Досмағамбетова, сұрыптау және егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Рашид Нұрғазиев, «Литуаника» облыстық литвалық этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионис және Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Диана Платанович сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ал, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты «Қазақстан» шахтасының машинисі Қанат Мұстафин 3000 кенші қол қойған, Елбасыға жолданған пікір-хатты облыс әкіміне тапсырды.

Алқалы басқосу соңында Бауыржан Әбдішев облыс тұрғындарын Жолдауда белгіленген ауқымды міндеттерді бірігіп жүзеге асыруға шақырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.