Халықтың мәртебесі өнерімен көтеріледі

Жаз айларында қаламызға Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының ұстазы, профессор Жұматай Әмзеұлы Махамбетов келді. Жұмекеңнің Жезқазған өңіріне тікелей қатысы бар. Ұлытаудың Қаракеңгір өзенінің бойында туып өскен. Жезқазған кентінің №7 қазақ орта мектебін тәмамдаған. Сонда оқып жүргенде өнерге деген бейімділігі байқалды. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты, ән салып, домбыра тартты. Орта білім алғаннан кейін қарапайым жұмысшы болып еңбек ете жүріп, өнерден қол үзген жоқ. Кеншілердің мәдениет Сарайында 60-шы жылдары халық театры болатын. Сонда Шынболат Ділдебаев секілді өнерлі адамдарымен бірге шағын спектакльдер қойып, ауыл-ауылды аралайтын. Сол кезде басталған өнерге деген талпыныс жас жігітті Алматыға алып келді. Консерваторияның 2 жылдық дайындық курсында оқып, кейін сол консерваторияда Қазақстанның халық әртісі, Глинка атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Мұрат Мұсабаевтың класында вокалдан дәріс алды. Осы өнер ордасында Мұсабаевтан басқа Нариман Қаражігітов, Сәуле Құрманғалиев секілді майталмандардан ән өнеріне ұйренді. Консерваторияны 1972 жылы бітіріп, Орта Азия әскери округінің ән-би ансамблінде қызмет атқарды.

Әскерден кейін ҚСРО халық әртісі Шамғон Қажғалиев жетекшілік еткен қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық оркестріне шақырылып, бұл оркестрде 1986 жылға дейін әнші болды. Жұмекең сол кезде Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Әбдірахмановамен бірге одақтас республикаларда, шет елдерде қазақ өнерімен бұқара халықты таныстырды. Кейін Нұрғали Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестріне ауысқанда да Жұматай аға талай дүлдүлдермен өнер жолында бірге болып, ән өнерінің қыр-сырына қанықты. Сол атақты әншілермен бірге Жұмекеңнің әндері қазақ радиосының алтын қорына енді.

Жұматай Әмзеұлы қазіргі кезде 1996 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында жеке ән салу кафедрасында дәріс береді. Отбасымен әсем қала Алматыда тұрып жатқан жағдайы бар. Жұбайы – Рәш апай қаржы саласында еңбек етті. Қазір зейнеткерлікте. Үлкен қыздары Әлия Канадада, Торонтода тұрады. Тағы бір қыздары Қорлан Астанада. Ұрпақ жалғасы болып 3 ұл немере өсіп келеді.

Жұмекең кеншілер қаласына келген сәтінде қаламыздың мәдениет бөлімінде кездесіп, осы бөлімнің сол кездегі бас маманы Рахметова Салтанат қарындасымыздың қонақжайлылығының арқасында өнер саласы төңірегінде біраз әңгіме-дүкен құрған едік.

Жұматай Махамбетовтің Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы деген атағы бар екенін естіп, ол атақ қалай берілгені жөнінде сұрадық.

– 2005 жылы 60 жылдығымда осында елге келіп кеткенмін. Сол кездегі қала басшысы Қанат Балмағамбетов жылы қарсы алды. «Аға, сіз қандай да болса сый-сияпатқа лайықсыз. Осы Сәтбаев қаласының мәдениетінің дамуына кезінде Шынболат ағамен бірге үлкен үлес қостыңыз. Шығармашылық кешіңізді де өткізуге болады» деген еді. Мен ризашылығымды білдірдім. Жоспарымда сол жылы желтоқсанда Алматыда сондай шығармашылық кеш өткізетінімді айттым. Сол кешке Қанат Сұлтанұлы келіп, мені «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Ол кісі өзімен бірге сәтбаевтық «Астана» квартетін ала келіпті. Талантты жас әншілердің өнеріне таң қалдық, үлкен әсер алдық.

– Аға, қазіргі ұстаздық жолыңызда сізден кімдер дәріс алып жүр?

– Мен дәріс беріп жүрген жеке ән салу (вокал) кафедрасында негізінен біз драмалық актерлердің ән саласындағы шеберліктерін шыңдаймыз. Оларға сахнада өз-өзін ұстау, вокал өнерінің қыр-сыры, би, ритмика сабақтары беріледі. Әрине, вокал жанрындағы әр өнер адамы фортепианода ойнай білуі керек, классикалық ән өнерінен хабары мол болғаны дұрыс, қазіргі өнер ағымынан да қалыс қалмауы қажет. Бір өкініштісі, бізде дәріс алған жастардың біразы эстрадаға кетіп жатады. Ал, опера, оперетта, театр өнеріне бара қоймайды, Әрине, бұл жанрлар әркімнің қолынан келе бермейді ғой.

– Ал, осы өнер академиясында Сәтбаевтан барып оқып жатқан жастар бар ма?

– Сондай өте талантты жастардың бірі – Сәтбаевтың тумасы – Динара Ширекбаева.

Динара академияның музыкалық драма актері бөлімінде оқып жүр. Бұл өнерпаздың бойында әншіге деген қасиеті де, қабілеті де зор. Мен әрқашан да Динараны өз назарымда ұстап отырамын. Ойлаймын, болашағы үміт күттіретін өнер адамы болады.

– Жұматай аға, жаңа өзіңіз айтып кеттіңіз, жастар өнердің классикалық жанрынан гөрі, эстрадаға бейім деп. Оның ішінде фонограммамен ән айту, мән-мағынасы жоқ әндерге клип шығару басып барады…

– Бұл өзі айта-айта жауыр болған әңгіме. Біз еліктегіш халықпыз ғой. Орыстарға еліктедік (әлі де еліктеп келеміз), қазір Америка, Европа сахналары ашық, олардан келушілер де көп. Солардың әсері мол. Енді осы еліктегеніміз жеткілікті сияқты. Біз сол шет ел сахналарына өз өнерімізді жеткізуіміз керек.

Қазір өздеріңіз көріп, естіп жүрсіздер. Бізде «Ұлытау» тобы бар. Мен олардың шығармашылық жолын, ұстанымын поп-рок музыка мен ұлттық, дәстүрлі қазақ өнерінің синтезі дер едім. Біздің өнердің інжу-маржанын эстрадаға шығарулары тамаша.

Фонограммаға келсек, бұл өзі шын өнерге жатпайтын ұят шаруа. Айталық, үлкен Республика сарайына бірнеше жүздеген халықты жинап, өтірік аузын жыбырлатып, ән айтқан болады. Бұл – халықты алдау, көзбояушылық.

Сосын мен эстрадаға енді шыққан жастардың жұлдыз болып шыға келетініне таң қалам. Жұлдыз деп Біржанды, Ақанды, Ермекті, Бибигүлді айтуға болады. Олар бізге жарқырап жол көрсетіп тұрған шын мәніндегі жұлдыздарымыз. Ал, өнерге енді ғана қадам басқан жастарды қалайша жұлдыздар дейміз?! Олар қандай жолға бізге жұлдыз боп бағыт көрсетіп тұр?! Қазіргі халықаралық аренада жүрген Қайыржан Жолдыбаев, Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкірова сияқты саңлақтарды қазақ өнерінің жұлдыздары деп те айтуға болады. Ал, бір күндік «жұлдыздардың» бізге не қажеті бар?!

Біздің қазақтың өнеріне ештеңе жетпейді. Әлемге соның барлық палитрасын, қобыз бен домбыраның құдіретті күші мен әуенін танытуымыз керек. Біздің кейбір классика жанрындағы әншілер шет елге шыққанда міндетті түрде итальян операсынан ариялар орындайды, шет ел әндерін шырқайды. Оны олар күнделікті естіп жүр. Сен өз ұлтыңның өнерін көрсет, сол – оларға таңсық, жаңашылдық. Әр халық өз өнерінің деңгейімен өлшенеді, бағаланады. Мәртебесі өнерімен бірге көтеріледі.

– Жұматай аға, сәтбаевтықтарға не тілек айтасыз?

– Арқа жері тұнып тұрған өнер қазынасы ғой. Сол қазына сарқылмасын, өшпесін. Өнерлі жастар биікке самғай берсін, туған жерін әлемге паш ете берсін.

Құт-берекелі сәтбаевтықтарға тілерім: денсаулықтары мықты, дастархандары мол да кең болсын. Әрқашан да жақсылықта кездесейік.

Арнайы атбасын бұрып, Сәтбаевта қонақ болған Жұматай ағамызға да біз ризашылығымызды білдірдік. Салтанат Рахметова қадірлі қонаққа ескерткіш сыйлық табыс етіп, болашақта Жұматай Әмзеұлымен жарқын жүздесулерде кездестіруге жазсын деген тілек білдірді. .

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.