Тойлап жүрміз-ау, ойлап жүрміз бе?

Бүгінде не көп – той көп,тойхана да жеткілікті. Сол көп тойдың ең бастысы – үйлену тойы. Оның өзі қыз ұзатудан басталып, құда табақ, төсек-орын апару рәсімдеріне ұласып жатады. Кейде есікашар дегеніміз тағы бар. Сүндет той, баланың мектепке бару, оны бітіру, оқуға түсу, жұмысқа орналасу тойлары өз алдына бір салтанат. Өзінің, әйелінің, балаларының, тіпті оны айтамыз, немере, шөберенің туған күндерін тойлау керек дегендей. Бұрын оның бәрі той иелерінің өз шаңырағында өз ортасында жақын-жұрағаттарының жанында өте беретін. Қазір мұның бәрін тойханаларда өткізу сәнге айналған.

Дұрыс-ақ-ау, бар болса тойлағанға не жетсін! Қадір Мырзалиев ағамыз бұл құбылысты:

Қазақ осы құда бол деп қинайтын,

Құдаларын құдайындай сыйлайтын.

Қазақ осы дүние мен малыңды

Ағыл-тегіл шашу үшін жинайтын, – деп қазақы мінезді қалай тауып айтқан!?

«Байға тай мінсе де жарасады» деген қазақ бүгінде қанағат, шүкірлікті қойып, күпірлікке салынып барады. Ұшақпен көкте ұшып жүріп жердегі жарлы-жақыбайларға доллар шашыпты дегенді де естідік. Бар ғой, бар болған соң пенде шіркін не істемейді. Қазақ атам: «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» дегенді осындайда айтқан шығар-ау!

Әлгіндей дарақылықты көріп тұрып осы сөзімді түсінеді-ау деген етжақыныңа ерсілікті ескертер болсаңыз, ол «Байдың асын байғұс қызғанады» деген мәтелмен бетіңнен ала кетеді. Қазір ерсілікті ескерткенің – өзіңе бәле тілеп алғаның. Ондайда «Бетпақ жеңдім, байғұс көндім» дегендей, сорақылықты көрмеген болып, жауырды жаба тоқып, үнсіз қалған жөн.

Бүгінде «Кедей – байға, бай Құдайға жетем» деп сарсылған жұрт көп. Ағайыннан қарыз, банктерден несие алып, тойын тойлап, ертеңінде қу тізесін құшақтап қалғандар қаншама?! Ондайларды жалған намыстың құрбандары демеске лажың жоқ. Ал, сол намыс ұрпағына тәлім-тәрбие, білім беруде қайда қалған деп таңқаламыз кейде.

Бұрын көзбен көрмек түгіл, құлақ естімеген «лимузин» деген пәле шықты қазір. Ұзындығы вагондай мәшинеге жас жұбайлар сауыт-саймандарын салып алып, шашбауын көтеруші шабармандарымен көше аралайды. Ескерткіштердің түбіне тоқтап, шампан, шарап, арақ ішеді. Бұрын-соңды ескерткішке келіп, ондағы кейіпкерді еске алып, арақ-шарап ішкен қазақты кім көрген?

Ал, әлгі «лимузин» бастаған топ улап-шулап, сырнайлатып-кернейлетіп тура қара жолда былайғы жұртқа жол бермей, біресе оңға, біресе солға бұрылып, ирек-ирек із тастап, еркіндейді. Кейде сондай тобырдың өкілдері мәшинесінің терезесінен кеудесіне дейін денесін шығарып, ұран тастап, уралағанының да куәсі болып жүрміз. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң елірген керуен көше кезуін одан әрі емін-еркін жалғастыра береді. Ал, енді естиярлау біреу: «Балаларым,-ау, бұларың не?» деп көрсінші, әлгі топ оны жабыла сөгеді, тіпті, қол қатуы да мүмкін. Оларға «Ақыл – арзан, күлкі – қымбат». Әлгі сайқымазақ керуеннің бағасы да удай, бір қараның құны дейді білетіндер. Оны айтасыз, әлі баратын жерінің табалдырығын аттамаған кейбір келін ата-енесіне «лимузин болмаса, той жасамай-ақ қойыңдар» деп кергитін көрінеді. Үлкендер: «Қарағым-ай, көрпемізге қарай көсілейік» десе, керегесі керіліп, уығы қадалып болмаған шаңырақ көтерілмей қалады. Кесір келін алған бетінен қайтпайды. Ал, тойдың кейіпкерлері керуендетіп жүргенде тойға келушілер оларды тағатсыздана, сарғая күтіп отыратынын қайтерсің?! Есіл уақыт-ай!

Заманның ағымы солай ғой. Жастардың ескерткіштерге барып, тағзым етуін, әрине, құптаймыз. Бірақ, ескерткіш басына барып, шампан сындыру мәдениеттілікке жата ма? Бұл қайдан шыққан ырым? Ертеңінде әлгі ескерткіш маңындағы күл-қоқысты жинап жүрген сыпырушы әлгіндей жастарға алғыс айтпайтыны анық. Сонда жаңа ғана отау құрғалы отырған екі жастың қарғыс алғаны кімге жақсы? Бұл айтып отырғанымыз – запырандай шындық. Осы айтқандарымызды ақ пейілімен тыңдайтындар, әй, қайдам, табыла қояр ма екен?!

Бүгінде не көп – той көп. Олардың бәрі де арнайы, жалдамалы асабаларсыз өтпейді. Асабалар бірінен бірі өтеді. Шеттерінен шешен, шешен ғана емес, көшелі көсем. Әсіресе, тойшыл қауымды орынды-орынсыз шапалақ ұрғызуға келгенде алдарына жан салмайды. Қайсыбіреулері «Шапалақ-шапалақ, ұр-ұр, соқ-соқ!» деп, екпіндетіп, елеуреп кетеді. Ау, асаба ағайындар-ау, сіздер мазмұнды, тойшыл жұртқа тұщымды асыл сөз маржандарын айтып жатсаңыздар, тыңдаушы жұрт өзінен өзі риза болып, еркінен тыс қол соқпай ма? Асабалар кейде шектен шығып «Шапалақ соққандар молодес, соқпағандар алапес, олардың ұрпағынан май-май шопыр шықсын, алақандарына қотыр шықсын» деп қарғайтынын қайтерсің? Күлдірем деп бүлдіреді.

Бүлдіргеннің бір саласы беташарда жатыр. Біз білетін қазақ дәстүрінде келін табалдырықтан аттағаннан кейін көп ұзамай-ақ жыршы оның қадамына құттылық тілесе, үлкендер шашуын шашып, мәз-мейрам болатын. Асаба жаңа түскен жас келінге ата-енесін, ауылдың ақсақалдары мен атқамінер сыйлы адамдарын, қадірлі қайынағалары мен аяулы абысындарын таныстыратын. Ал, қазір ше? Сәлем салу әруақтардан басталып, жөргектегі шаранаға дейін жалғасады. Бірінші беташар тойханадағы екінші беташарға ұласып кетеді. Уа, тойшыл қауым-ау, бабаларымыз: «Бір тойда екі жар жоқ» дегені қайда? Бұрын келін болып түскенде айдан асып кеткенде беташар жасау, тіпті, болмаған. Оны қарияларымыз өрескел деп бағалаған. Ал, келінге жүкті қалпында беташар айту сорақы деп есептелген. Сезімі таяз жастардың ырқына көнеміз деп мұны көбіміз көрмеген боламыз. «Анада анау да сөйтті ғой» деп өз білместігімізді жуып-шаямыз. Бұл ұлттық дәстүрімізге қиянат емес пе?

Қиянат дегеннен шығады, бүгінде отың өшсін дегендей, жанып тұрған самаладай шамдарды сөндіріп, торт шырағын алаулатып, жалаулатып тойхана төріне әкелеміз. Енді екі жастың торт таратуы басталады. Күйеу бала енесінің, келін атасының аузына қасық толы тортты тықпалайды. «Ашынғаннан шығады ащы тілім» демекші, бұрын-соңды бұндай масқараны кім көрген?

Мұндайда көнекөз қарияларымыз: «Біреудің сасығы бізге таңсық» деп әжуалайтын. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген де өзіміздің қазекең емес пе. Жарықтығым-ай, айтудай-ақ айтып келесің-ау, бірақ, Сіздің даналығыңызды біздің шалалығымыз белден басып кетіп тұр ғой.

Асаба – тойдың негізгі тұлғасы дей отырып, осы жоғары талаптан шығып жүрген асабалардың есімін құрметпен атап кеткен жөн. Олар – айтыскер ақындар ұлытаулық Мұқаш Сейітқазинов, қарағандылық Тілеген Әділов. Екеуінің де сөз саптаулары ерекше. Тыңдап отырған былайғы жұрт тағы да айтса екен деп, шаттанып, шабыттанып отырады. Ондайда риза көңілмен еріктен тыс қол соғасың. Бұл қос асаба халқымызға танымал ақындардың өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, қажетті жерінде өз жандарынан суырып салып, көңіліңнен шығады. Жақсы өлең айтып, күй тартқандарға тойшы қауымның назарын аудартып, «өнерпазға қошемет көрсетейік, ағайын» деп, байыппен байсалды ғана ұсыныс жасайды. Осы жерде бір айта кететін нәрсе – тыңдаушыларымыздың самарқаулығы. Ақынның жүрегінен ақтарылып шыққан жақұттай жырлар лайықты тыңдалмаған соң еріксізден «Қайран, өлең-ай, қор болдың-ау» дейсің қынжылып.

Ел іші – өнер кеніші. Алыстан арбалатып әртістер алдырғанша елдің өз ішінен, сол тойға қатысушылардың арасынан өнерпаз таңдау да асабаның шеберлігіне байланысты. «Қалауын тапса қар жанады» демекші, асаба өнерпаздарды қолқалай білсе, небір сұңғыла әншілер мен бұралған бишілер де өз ортамыздан табылады. Бірақ, оларды дүние-мүлікпен, көп сыйлықпен марапаттамай, жолын беріп, жас балаларымыздың омырауына ақша қыстырып, еліктірмесек қайтер еді? Қазақта өнерпаз қасиетті өнерін өз халқына ешқашан сатпаған ғой, ал, әлгінде айтқан қылығымыз тағы да өзгенің дәстүріне есіре еліктеу емей немене?!

Жаңа бір сөзімде «Өзгенің сасығы – бізге таңсық» дегенді бекерге айтқам жоқ. Бізде биге кезек беріле қалса, басқа ұлттың би ырғағына жан салып жорғалай жөнелетініміз бар. Көкейде бір сұрақ тұрады, ал, сол басқа ұлт өкілдерінің тойында қазақ әні айтылып, қазақ биі билене ме, жоқ! Сонда олар қазақ әндерін, билерін білмейді емес, біледі. Білгенде қандай! Бірақ, қазақ әндерін ілуде біреу болмаса, басқалары мойындағысы келмейді. Олардың тойлары қазақ өнерінсіз-ақ өтіп келеді. Біз басқа ұлттың бір өкілі ортамызда қазақша сөйлесе, соған марқайып, мәз-мейрам болып қаламыз. Әлем халқының тең жартысы ағылшынша сөйлейді. Құдай-ау, сонда ағылшындар мақтаныштан жарылып кетпей, қалай жүр?!

Құрметті оқырман, біздің әңгімеден сіз жалыққан да шығарсыз? Ұлы уақытыңызды алғаным үшін кешірім сұрай отырып, мақаланың нүктесін қояйын. Менің пікірім – мына алтын-емел тәуелсіздік заманында тойлап жүрміз-ау, ойлап жүрміз бе деген мәселеге сіз қалай қарайсыз?! Пікіріңіз болса, редакцияға хабарласуды ұмытпаңыз! Әлдеқалай сын айтсақ, шама-шарқымыз жеткенше шын айттық. Ұлттық әдет-ғұрпымызды ластамайық, кейінгі ұрпаққа тау бұлағындай таза дәстүрімізді қаз-қалпында жеткізейік. Міне, мендегі тілек осы ғана. Досқа – күлкі, дұшпанға таба болмайықшы, ағайын!

К.Бимағанбетов.

Комментарии закрыты.