Біржан Әлімбетов: Баласының қазасына қуанған ананы бақытты деп айта аласыз ба?

Шынын айту керек, көп қазақтар нағыз мұсылман діні қайсы, ондағы түрлі діни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажыратып жатпайды. Баласы мешітке барып, намаз оқып жатса «баламыз түзу жолға түсті, арақ ішпейді, бұзықтық жасамайды» деп қуанады. Ал, бірақ, кейбір ағымдар жас балаға жайнамазға жығылуды ғана емес, мұсылмандыққа жат нәрсені үйретіп, мүлдем басқа дүниеге жетелейтініне енді көз жеткізіп жүрміз. Маусым айының 22-сінде Ақтаудағы қатаң режимді колониядан 21 тұтқын қашып, өздерін өзі жарып жіберген оқиға елді бір дүрліктірген-ді. Қашқындардың барлығы дін жолына қатты берілген, тәкбіршілер ағымының мүшелері екенін ақпарат құралдары жарыса жазды. Арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Мүміновтің айтуынша, «Такфир» деген сөз – араб тілінен аударғанда біреуді кәпірге шығару дегенді білдіреді екен. Бұл – Қазақстанның батыс аудандарында әрекет ететін діни топ. Олар өздерінен басқа мұсылмандарды кәпір санайды. Зайырлы өмірді қабыл етпеуді, тек қана дін жолына қызмет етуді мақсат тұтады. Дін жолына жиһад, соғыс алып бару керек деп есептейді екен. Опат болған 21 жанның бірі – қордайлық Дәурен Әлімбет. Дәуреннің әкесі Біржан талай жылдан бері дәрігер болып еңбек етіп, абырой-беделінің биіктігі арқасында аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған азамат. Ол осы ағыммен алысқанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Сондықтан Біржан Әлімбетпен әңгімеміз осы бағытт өрбіді.

– Әңгімені әріден бастасақ… Сіздің балаңыз бұл діни ағымға қалай түсіп жүр?

– Ақтау түрмесінен қашқан 21 баланың бірі менің балам Дәурен еді. Бұл діни ағым менің отбасымды ойран қылды. Ұйып отырған отбасы едік, үш ұл, бір қызым бар еді. Әйелім де, өзім де дәрігер болып қызмет еттік. Ең алдымен бұл дінге әйелімді өз әпкесі жықты. Қордайда менің бажам болды, отбасымызбен жақсы араласып тұратынбыз. Сол бажамның көзі көрмейтін, аяғы жүрмейтін аурушаң баласы бар еді. Сол баласын емдетемін деп бармаған жері, баспаған тауы қалған жоқ. Біздің медицинаның шамасы келмеді. Содан бұлар баланы Қырғызстандағы бір молдаға емдетеді. Ол молдалар тәкбіршілер екен. Қалай екенін қайдам, олар баланың көзін көретін, аяқ-қолын жүретін қылады. Солар олар сол дінге кіреді. Одан бір күні дінге шешесін жығады. Жалпы, бұл ағымның Қордайда қанат жая бастағанына он шақты жыл болды. Байғұс бажам осылардың күйігіне шыдамай қайтыс болды. Ол өліп құтылды. Мен әлі күнге алысып жүрмін. Содан бұлар менің әйелімді жығады, әйелім келіп мені тартты. Мен «ондай дінге бармаймын» деп ашып айттым. «Онда сенімен тұрмаймын» деді. Сөйтіп дінге бола ажырастық, себебі, бұл діннің заңы бойынша ерлі-зайыптылар екеуі бір дінде болуы керек. Егер олай болмаса, біргі тұруға болмайды. О кезде балаларым бұл ағымға қосылған жоқ болатын. Содан не керек, әйеліммен ажырасып, балаларым сонымен бірге кетті. Әйелім әпкесінің қолына барып тұрды. Олар Алматыда жұмыс істейтін. Кейінірек қызым жоғарғы оқу орнында оқыды, осы қайтыс болған балам Алматыдағы статистика басқармасында бөлім бастығы болып жұмыс істеді. ҚазҰУ-тін бітірген, жоғары мамандығы бар, ақылды, ойшыл, бүкіл компьютердің бәрін шемішкеше шағатын. Ал кіші балам мектепте оқитын. Әйелім балаларымның бәрін әлгі діни ағымға жықты. Оған дейін әйелімнің діннен мүлдем хабары жоқ болатын. Содан намаз оқыды, бақсы-балгер боламын деп өзін-өзі ұстай алмай айқайлап, жүйке ауруына шалдықты. Дәурен жап-жақсы жұмысын, жас отбасын тастап, шешесінің соңынан еоді, Балам шала қазақ, діннен мүлдем хабары жоқ болғандықтан шығар, осы ағымға тез берілді.

– Ал, балаңыз түрмеге қалай түсіп жүр?

– Шешесі жағы жақсылап тартқаннан кейін балам жұмысты тастап, осы ағыммен біржолата айналысты. Содан Ұлттіқ қауіпсіздік комитеті оларды бақылап жүріп, 2009 жылы тұтқындап, 11 жылға соттаған болатын. Біздің ауылдан 6 бала сотталды. Өмірі діннен хабары жоқ менің баламды соттағанда «осы діни топтың басшысы» деп соттады. Сөйтіп балам ешкімді өлтірген жоқ, ешкімді ұрған жоқ, осы дінге бола сотталып кете барды. Бірден Ақтау түрмесіне түсті. Негізі Ақтау мен Атырау нағыз діннің күйіп тұрған жері ғой. Ақыры балам сол ағымның ықпалынан шыға алмай, түрмеден қашып опат болды. Өздерін өздері жарып опат болды. Жалпы осы діни ағымдардың тарихын өзімше зерттеп көрдім. Сондағы білгенім – мұсылман дінінің 22 тармағы бар екен. Әрқайсысы өзінікін дұрыс дейді. Бір-бірімен тартысады да жатады. Басқа-басқа, мұсылман дінінің бір-бірін мойындамауы не деген сұмдық?! Мен де Аллаға сенемін, мойындаймын. Бірақ, бұлардың сенімдері, тірліктері тым бөлек. Менің балам бас иген діни ағымКавказдан келген көрінеді. Бұларда ұлт, ел-жұрт деген болмайды. Бұларда тек бір-ақ заң бар. Ол – Құран. Бес уақыт намазын оқып, мына дүниенің бәрін тәрк қылу керек. Ертең өлетін о дүниені, жұмаққа барудың жолын ойлау керек. Басқа ештеңе қызықтырмайды. Қайбір күні аудандық газетте имамның «Хиджабым – менің қорғаным» деген мақаласы шықты. Оқып көрсең, масқара. Мемлекетіміздің заңдарын пайдаланып, әр адамның жеке құқына қол сұқпау керек дей отырып, мектептерде хиджаб киюге рұқсат ету керек, балалар сақал жіберуі керек дейді. Бізді дін бөлек, мемлекет бөлек, мемлекет дін ісіне араласпайды. Ал керісінше, дін мемлекет ісіне араласып отыр ғой, Көз алдыңызға елестетіңізші, әйел-қыздарымыздың бәрі хиджаб киіп кетсе, еркектеріміздің бәрі сақал жіберсе, ұлттық келбетімізден не қалады? Қазақ мемлекеті деген қайда қалады?

– Сіз осы ағыммен алысқанда бұл мәселені айтып қайда шағымдандыңыз?

– 2007 жылы Отар ауылында мешіт ашылғанда соған келген Діни басқарманың мүфтиі Дербісәлі қажының қолына хат ұстатқанмын. Негізі дініміздің абыройын қорғайтын, түрлі ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтап беру діни басқарманың міндеті ғой. Құқық қорғау органдары дінге берілушілерді жазалаудан басқа ештеңе істеп отырған жоқ. Президент бүкіл діндердің бәрінің басын қосып, татулыққа шақырып жатқан кезде біздің діни басқарма мұсылман дініндегі ағымдарды жинап, басын қосып, ортақ тіл табыстырып, қазақ ұлтына кесірін тигізбейтіндей жағдай жасау керек емес пе? Ағымдар бір-бірімен келісімге келуі керек қой. Оның орнына әр ағым бірін-бірі жамандап, айтысып-тартысады да жатады. Шынын айту керек, қазіргі ағымдар біздің балалардың бәрін құртып жатыр. Ата-анасы баласы мешітке барып, намаз оқып жүргеніне мәз. Бірақ, теріс ағымдардың жетегінде кетіп бара жатқанын білмейді. Ол ағымдар «бұл дүниенің қызығы жоқ, сендер о дүниені, ақіретті ойлаңдар» деп тәрбиелейді. Аруақ жоқ, өлгендердің басына барып құран оқуға болмайды, құдайы тамақ беруге болмайды, газет оқуға болмайды. Бес уақыт намаз оқудан басқа ештеңе білмейді. Жас балалар көзді жұмып тұрып олардың айтқанын орындайды. Сондықтан барлық үміт тек Президентте, басқа ешкімнің қолынан келмейді. Оған ҰҚК, діни басқарма өтірік ақпарат беретін сияқты. «Ойбай, бізде діни экстремизм жоқ, бәрі әйбат» деп. Мұның бәрі өтірік. Қазір бұл мәселе қып-қызыл өрт. Дәл қазір осыған тоқтам болмаса, бес-алты жылда бұл ағымдар бір-бірімен қырқысады. Бала әкесіне, қыз шешесіне қарсы шықса, болашағымыз не болады?! Ағымға кіріп кеткен балалардың ата-аналары «балаларымыз бір түрлі, менің істеген тамағымды ішпейді, «сен кәпірсің» дейді» деп күйінеді. Олар «сендер кімсіңдер?» десең «мұсылманбыз» дейді. «Ұлтың кім?» десең, «Ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз» дейді. Сөйтіп, қазір ұлтымыздың жоқ болып кету қаупі төніп тұр. Бұл ағымдар – қазаққа төнген қатер. Ертең ұлт ретінде жоқ болып кетеміз. Сондықтан барлық қазақ бауырларымды мына жат ағымдарды тоқтатуға шақырып отырмын. Оларды күшпен емес, уағыз, идеология арқылы тоқтату керек.

– Ақтауда түрмеде отырған кезде балаңыздың артынан бардыңыз ба?

– Жоқ, барған жоқпын. Өз-өздерін жарып жіберген оқиғадан кейін ғана барып, баламның денесін әкеліп, ауылға жерледім.

– Баласының жерлеуіне анасы келді ме?

– Келді. Бірақ мен «баламның жерлеуіне тек анасы, баламның әйелі ғана келсін» деп айтқанмын. Сөйтсем, ұбап-шұбап бәрі келіпті, қуып жібердім. Шынымды айтсам, олар көздеріне жас алыпжылаған да жоқ. Қайта «Біз бақыттымыз, баламыз шейіт, шаһид болды» деп қуанып жүр. Туған баласының өліміне қуанған қандай бақыт ол? Баласының өлгеніне қуанып, «Әне, менің балам дін жолында қаза тапты» деп басқаларға мысал етіп жүр. Әйелімнің қазіргі тірлігіне қарап отырсам, зомби болып кеткен секілді. Менің балам не ұшін өлді? Осы сұрақтың жауабын таппай жүрмін. Осы сұрақты кімге қоюым керек? Ел үшін, жер үшін өлсе өз-өзімді тыныштандырар едім. Құқық қорғау органдарының тірлігі – қамап, түрмеге жіберу болды. Меніңше, бұл бағыттағы жұмыста басқаша жүргізу керек. Прокуратура органдары «ей, сен қандай дінсің, қайда тіркелгенсің» деп сұрамай ма? Ислам діні тіркелген, қалған ағымдар соның көлеңкесінде жұмыс атқарып жатыр. Бұл ағымдардың Қазақстарға қандай пайдасы бар екенін тексеру керек.

– Басқа балаларыңыздың жағдайы қалай?

– Үш ұл, бір қызым бар еді деп айттым ғой. Үлкен ұлым осыдан бірнеше жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Екінші ұлым осы Дәурен болатын. Одан кейінгі қызым – дәрігер, ол да шешесінің кесірінен сол дін жолына түсіп кеткен. Кіші баламды зорға-зорға дегенде қолыма алып, бетін бері қаратқандай болдым. Ол – Алматыда студент. Бірақ, шешесінен ажырата алмай жатырмын. Қолымда жүргенде беті бері қарап қалады, шешесіне барса қайтадан айнып қалады…

Әңгімелескен Оралхан Дәуіт.

«Жас Алаш», №70, 3 қыркүйек, 2010 жыл.

Комментарии закрыты.