Басым бағыттар белгіленді

Өткен аптада Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын зерделеп, оларды жүзеге асырудағы біздің қаланың орнын айқындау, жүктелген жаңа міндеттерді таразылау мақсатында қала активінің басқосуы өтті. Онда қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме, ұйым басшылары, шағын және орта бизнес, үкіметтік емес ұйымдар, ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері маңызды стратегиялық құжатта көрсетілген тапсырмаларды орындау жолдарын бірлесе талқылады.

Алқалы жиын қала әкімі Ә.Омардың баяндамасымен ашылды.

– Жаңа Жолдау – әдеттегідей халықтың болашаққа деген  сенімін күшейтетін, елді бірлікке, ынтымаққа, жасампаз еңбекке шақыратын аса маңызды стратегиялық құжатқа айналғалы отыр. Болашақты алыстан болжайтын сарабдал саясаткер Н.Назарбаев болашақта бағындырылуға тиіс жеті басымдықты белгілеп берді. Біздің мақсат – сол міндеттерді орындау жолындағы жоспарды айқындау, – дей келе, қала әкімі аталмыш бағыттарға тоқталды.

Өз сөзінде Әнуар Серікбайұлы елімізде атқарылуға тиіс ауқымды міндеттерді тілге тиек ете отырып, баяндамасын Жолдау аясында кеншілер қаласында орындалатын келелі істер туралы әңгімемен сабақтады.

Бірінші дәстүрлі кен өндіру секторларының тиімділігін арттыру бағыты бойынша қала әкімі кәсіпкерлік бөліміне жаңа салалық игерілмеген бос орындарды анықтауды, инвестиция бойынша қалалық жоспар әзірлеуді тапсырды.

Екінші агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытына қатысты қала басшысы ауылшаруашылық және ветеринария бөліміне жаңа технологиялар негізінде мал шаруашылығы мен өсімдік өсіруді дамыту бойынша қалалық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді жүктеді.

Үшінші бағытқа қатысты Ә.Омар кеншілер қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес индустриалдық алаң құрылысы жоспарланып отырғанын қуанышты сезіммен жеткізді. Жаңа бастама, сонымен қатар, кәсіпкерлікті қарышты дамытуға мүмкіндік береді деп атап көрсетті Әнуар Серікбайұлы.

Төртінші. Инфрақұрылымды дамыту

Қаламызда 2020 жылға дейін 8 шақырым жаңа жол салу, 15 шақырым автокөлік жолдарын, шығыс және батыс аудандарының 18 шақырым жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, қала әкімі аймағымызды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2016-2022 жылдары Сәтбаев қаласын қамтитын екінші Жезқазған жылу электр орталығының құрылысы, сонымен қатар №2 жылу станциясынан №1 жылу станциясына жылу құбырын тарту көзделгенін атап көрсетті.

Бесінші. Бизнесті дамыту

Аталмыш мәселеге байланысты Ә.Омар қаламызда құжат рәсімдеу барысындағы әкімшілік кедергілерді қысқарту жұмысы жалғасуда деп мәлімдеді. Рұқсат беру рәсімдерін жалпы оңтайландыру үлесі 65% жетті, заман талабына сай лицензияның барлық түрлерін беру электрондық форматқа ауыстырылған деп атап көрсетті.

Алтыншы. Қазақстандықтардың әлеуетін көтеру

Қазақстанда 2020 жылға дейін 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамту жоспарланып отыр. Ал біздің қалада бұл жоспар бүгіннің өзінде орындалуда, дегенмен, халық санының өсуіне байланысты 320 орындық жаңа балабақша салынады деп баяндады Ә.Омар.

– Жолдауда Н.Назарбаев мемлекеттік тілді дамытуға ерекше көңіл бөлді. Біздің қалада мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдіргендер саны күн санап өсуде. Тіл үйрену курстарына өткен жылы 2460,0 мың теңге бөлінсе, биыл осы мақсатқа 3246,0 мың теңге қаражат қарастырылып отыр, – деді әкім.

Жетінші. Мемлекеттік институт жұмысын жетілдіру

Сәтбаев қаласында бұл бағыт бойынша да жұмыстар қарқынды орындалуда. 2013 жылы индустриализация картасы аясында жаңа 2 өндіріс орны ашылса, биыл құны 415 млн. теңге тұратын тағы 2 жаңа жоба жүзеге аспақ деп айтып өтті қала басшысы.

Осылайша, қала әкімінің баяндамасы Елбасы атап көрсеткен әр басымдық бойынша шаһарымызда ауыз толтырып айтарлық істер орындалып жатқанын айқын көрсеткендей болды.

Қала әкімінің баяндамасынан кейін қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы А.Тұрлыбек, қалалық мәслихат депутаты Т.Хмилярчук, «Денсаулық» медициналық колледжінің қызметкері М.Кәкенова, Оңтүстік Жезқазған кенішінің машинисті Т.Рахымбеков, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі К.Макулова да сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауын бірауыздан құптап, межелі міндеттерді бірлесіп орындауға үндеді.

– Болашаққа үлкен сеніммен қарап, Елбасын қолдайтынымызды құрғақ сөзбен емес, нақты іспен дәлелдейтін кез келді.

Жолдау саралап берген тапсырмаларды бірлесіп, абыроймен атқарып, табысты даму жолын одан әрі жалғастыруымыз қажет, – деп қорытындылады жиынды Әнуар Серікбайұлы.

Айнұр Құлашова.

Комментарии закрыты.