Салық – халық несібесі

Серікбаев Мылтықбай Қордабайұлы – Жаңаарқаның тумасы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік  Университетінің экономика факультетін және осы университеттің заң факультетін бітірген.

1997-2010 жылдары Жезқазған облысы бойынша салық инспекциясында аға салық инспекторы, бас салық инспекторы, кейіннен Жезқазған қаласы бойынша салық комитетінде бас маман, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. 2010-2013 жылдары Ұлытау ауданы бойынша салық басқармасы басшысының  орынбасары, басшысы қызметінде болды. 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасының басшысы.

– Мылтықбай Қордабайұлы, көп жылдық тәжірибеңізге қарап, осы уақыт ішінде біраз нәрсені аңғарып, талдап тастаған шығарсыз? Кеншілер қаласының салығының салмағы, халқының жағдайы қалай екен?

– Салық органының негізгі міндеттері салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толығымен әрі уақытында түсуін қамтамасыз ету болып табылады.

Өткен 2013 жылы Сәтбаев қаласының салық органдарымен бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылыпты. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджет бойынша жоспар 2 822 353,0 мың теңге болғанда, 2 944 630,0 мың теңге түсім түсіп, жоспар 104,3 пайызға орындалды, яғни, жоспардан тыс 122 277,0 мың теңге түсіп отыр. Ал, оның ішінде қалалық бюджет бойынша жоспар 1 496 108,0 мың теңге болғанда, 1 591 022,0 мың теңге түсім түсті немесе 106,0 пайызға орындалды, яғни, қазынамыз жоспардан тыс 92 333,0 мың теңгемен толықты деген сөз.

2013 жылды өткен алдыңғы жылмен салыстыратын болсақ, 2012 жылы 1 259 123,0 мың теңге түссе, 2013 жылы 1 591 022,0 мың теңге түсім түсіп, өсу қарқыны 126,3 пайызды құрады.

Мұндай нәтижеге жетуге жалпы экономикалық көрсеткіштердің өсуімен қатар, Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы жасаған жұмыстың да ықпалы зор болды.

– Салық пен халық бір-бірімен тығыз байланысты. Табысын жасырып, қулығын асырып жүргендер көп демесек те, жоқ емес. Олармен қалай күреспексіз?

– Елбасының тапсырмасымен, Үкіметтің   қолдауымен   орта және шағын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында салықтық жеңілдіктер қарастырылып, тексерістерге шектеу қойылып, салық төлеушілердің тарапынан болған заң бұзушылықтарды өз еріктерімен түзетуге мүмкіндік берілуде. Айыппұлдық санкциялар қолданбау және салықтық тексерістер жүргізбеу сияқты шаралар жасалып жатса да, кейбір салық төлеушілер тиісті салық міндеттемелерін орындамай, атқарылған жұмыстар бойынша табыс көздерін декларацияларында көрсетпей, жасырып қалу жағдайлары кездесіп қалады.

Мұндай кемшіліктер көбінесе мемлекеттік тапсырыспен аударылған қаржылардың толық көлемде салық төлеушілердің салық есептерінде көрсетпеу нәтижесінде орын алып отыр. Осы жұмыс бойынша 2013 жылы камералдық бақылау жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде Сәтбаевтың 187 салық төлеушісі орын алған олқылықтарды өз еріктерімен түзетіп, қалалық бюджетке 3 831,2 мың теңгеге қосымша қаржы түсірді.

Сонымен қатар, қалалық бюджетке қосымша резервтерді іздестіру мақсатында 2013 жылға арналған салық салу базасын кеңейту іс-шара жоспары бойынша 160 664,0 мың теңге күтілсе, салық органының жұмыстары нәтижесінде 300 942,6 мың теңге қосымша салықтық түсімдер анықталып, толығымен өндіріліп алынды.

Бұл – негізінде жеке тұлғалардың меншігіндегі мүліктерін бір жыл көлемінде сатып алып, қайта сату барысындағы табыстан есептелінген салықтар, жеке меншік құқығындағы пәтерлерін жалға беру бойынша табыс көздерінен есептелінген салықтар және салық төлеушілердің мүліктерінің бағалау құнын тиісті салық есептерінде төмендетіп көрсету немесе мүлдем көрсетпеу нәтижесінде есептелінген салықтар. Сондай-ақ, асабалық, такси қызмет түрлерімен айналысып жүрген жеке тұлғаларды салық төлеуші ретінде тіркеу нәтижесінде, салық төлеушілердің жалдамалы жұмыскерлерінің санын жасырып қалу барысында анықталып есептелінген салықтардан түсіп отыр. Бұл жұмыстар осы жылы да белсенді түрде жалғаса бермек.

– Ал, енді осы асабалар мен таксистерді тіркеу қаншалықты нәтиже беруде?

– Өткен жылы тамадалық қызмет бойынша – 9, таксистерден – 56 тұлға және 17  пәтерді жалға беруші тіркеуге алынды. Әрине, бұл қала үшін үлкен көрсеткіш емес.

– Осыдан барып салық төлеушілер қаншалықты заңға бағынады деген сұрақ туып тұр…

– Сәтбаев қаласы бойынша салық мәдениеті көңіл толарлықтай емес. Өкінішке орай, Үкімет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бойынша қанша заңнамалар қабылданып жатса да, әлі де болса салық төлеушілердің мақсаты табыс көздерін жасыра отырып пайда табу. Қайткен күнде де төлемеудің, салық көздерін жасырып қалудың схемаларын ойластыра отырып, салық органына тіркелмей заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу орын алып отыр.

Алдағы уақыттарда жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2014 жылға арналған салықтық түсімдердің орындалуын қамтамасыз ету, оның ішінде салық картасын жасау, яғни қаланың барлық нысандарын қамти отырып, нақты салық төлеушілер бойынша мәліметтер жинап, қосымша салық резервтерін анықтау жоспарланып отырып. Әрине, бұл оң нәтиже береді деген ойдамын.

– Мылтықбай Қордабайұлы, бұл жолы сізді таныстыру және басқарма жұмысына жалпы шолу жасаған сұхбат болды. Келесі әңгімемізде бетін беттеп, жүзін түстейтін «қақталған» фактілер күтеміз. Іске сәт, қаламыздың қазынасын толтырып, адал қызмет ете беріңіз.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.