Қала намысын қорғады

20140131-07-02Өткен жылдың аяғында қазақ тілінен өзге ұлт өкілдерінің 5-10 сынып оқушылары арасында VIII Республикалық қашықтық олимпиадасы өтті. Оның басты мақсаты Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, мемлекеттік тілді рухани даму және қарым-қатынас құралы ретінде еркін меңгеретін лингвистикалық қабілеті жоғары және қазақ тілін үйренуге талаптанатын оқушыларды анықтау мен қолдау болды.

Ғаламтор желісі арқылы жүргізілген олимпиаданың бірінші кезеңінде республикамыздың 14 облысынан 2300-ден астам оқушы қатысып, оның 97-сі екінші кезеңге жолдама алған болатын. Үстіміздегі жылдың 5-6 қаңтары аралығында Астана қаласында ақтық кезең өтіп, оқушылардың білім деңгейлері сыналды. Олимпиаданың тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының мемлекеттік тілді дамыту басқармасы мамандарының  дайындауымен құрастырылды.

«Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» атты бұл додаға Сәтбаев қаласынан №1 мектеп-гимназияның 7 «А» сынып оқушысы Марина Кулагина қатысып, олжалы оралды. Маринаның бұл жарыста жүлделі ІІІ орынға ие болуында ұстазы Гүлбану Исанқұлованың да үлесі бар. Оған дәлел – ұстаздың «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталуы.

– Маринаның бұл бірінші жүлдесі емес. Осыған дейін де қазақ тілінен өткен бірнеше олимпиадаларға қатысып, жеңіске жетіп жүрген. Әрине, республикалық деңгейдегі жарыста үшінші орын алуы біз үшін үлкен жетістік, мақтаныш, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Гүлбану Ғалымжанқызы.

Қазылар алқасының шешімімен анықталған барлық жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдар және сертификаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қаламыздың намысын қорғаған Маринаға алдағы уақытта да жеңіс тілейміз.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.