Не істелді? Не істеледі?

Өткен аптаның соңын ала Жезқазған кентінің әкімі Асылхан Сәдуақасов Весовая елді мекеніндегі «Теміржолшылар» клубында Жезқазған кенті мен оған қоңсылас жатқан Весовая, Крестовский, Перевалка елді мекендерінің тұрғындары алдында қорытынды есеп берді. Кездесуге Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар қатысты. Жұртшылық ең әуелі кент әкімінің есебімен танысты. Аймаққа қатысты туындаған сауалдарға Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар жауап беріп отырды.

20140131-06-01Кент әкімі өзінің баяндамасын өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралаудан бастады. Оның айтуынша, өткен жылғы қорытынды есеп беру жиынында тұрғындардан 5 ұсыныс-ескертпе түскен екен. Оның бәрі өз деңгейінде шешімін тауыпты. Бүгінгі күні кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы күн тәртібінде тұр. Жалпы, Жезқазған кенті бес елді мекенді біріктіретін, 6075 тұрғыны бар іргелі қалашық. Мұнда 4 мектеп, 1 өнер мектебі, 1 балалар бақшасы, 250 орындық клуб үйі мен 41 мың кітап қоры бар отбасылық кітапхана жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар медициналық көмекті Сәтбаев қаласындағы жаңа емханадан алады.

Кенттегі мұқтаж жандарға тиесілі әлеуметтік көмек көрсету мәселесі жолға қойылған. Мұндағы 140 мүгедектер мен 35 көп балалы аналарға қалаішілік қоғамдық көлікте тегін жүру билеті берілген. Жезқазған кенті мен оған іргелес жатқан елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Кент пен оған іргелес жатқан елді мекендерде ауыл шаруашылығын дамытуға да мүмкіндік мол. Бұл орайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы негізіндегі шағын несие берудің ықпалы зор болып отыр. Аталмыш бағдарламаның аясында Қанат Нұржанов 3 млн. теңге, Алтынай Искакова 1 млн. 800 мың теңге шағын несие алып отыр.

Экономикалық салаға қатысты жайттардың басын осылай бір қайырып тастаған Асылхан Күрдебайұлы келесі кезекте кенттің коммуналдық саласы мен санитарлық жағдайын жақсартуға, көшелерді жарықтандыру мен елді мекендерді сәулеттендіруге қатысты атқарылып жатқан жайттарды да барынша байыппен жіктеп шықты. (Әкімнің толық есебі газеттің 3 санында жарияланған).

Баяндамадан соң кездесуге жиналған жұртшылық өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Жасыратыны жоқ, Жезқазған кенті мен оған қоңсылас жатқан елді мекендердің тұрғын үй-коммуналдық саласы өте күрделі жағдайда. Тұрғын үйлер өзінің қызмет көрсету мерзімін әлдеқашан өтеп біткен. Инженерлік инфрақұрылымдардың жайы да сондай. Құбырлар тозған, жылу мен су беру жиі тоқтап қалады. Тұрғындардың көтерген бірінші мәселесі осы болды. Олардың бірі оншақты күннен бері ауыз сусыз отырғандарын айтса, енді бірі жылудың жиі тоқтап қалатынын, тағы бірі жылудың күндіз ыстық болып келіп түнгі мезгілде салқындап, таң ата мүлдем мұздап кететінін айтып, шағымданды. Бұл мәселелерге орай қала әкімі Әнуар Омар жауапты мамандарды тұрғызды. Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының инженері, «Сәт-Тазалық» ЖШС-ның инженері және кент әкімдігінің жауапты мамандары көтерілген мәселеге орай өз уәждерін айтып бақты. Бірақ, олардың жауабы тұрғындарды қанағаттандырмады. Осыдан барып әкім Әнуар Омар өзінің коммуналдық салаға жетекшілік ететін орынбасарын бас етіп арнайы топ құрып, елді мекендерде мониторинг жүргізуді ұсынды және тиісті мамандарға нақтылы тапсырма да берді.

Көпшілікті толғандырған келесі мәселе «Сәт-Тазалық» ЖШС беріп отырған кейбір коммуналдық саланың тарифіне қатысты болды. Мінберге шыққан аталмыш серіктестіктің инженері сұрақтың астына алынды. Сауал негізінен коммуналдық тарифтердің қандай мақсаттарға ұсталатынын, не себептен өсірілгенін, аталмыш серіктестіктің құзырына қандай қызметтердің кіретінін білуге бағытталды. Өкінішке орай, серіктестік инженерінің жауабы тұрғындар сауалын қанағаттандыра алмады. Әңгіменің ұзаққа созылатынын ұқтырған әкім Әнуар Омар тараптарға бұл бағытта арнайы жиын өткізіп, мәселені барынша пысықтай түсу қажеттігін ұсынды.

Кездесуге жиналған жұртшылықты алаңдатқан тағы бір үлкен мәселе кент пен оған қоңсылас жатқан елді мекендердің көші-қонына қатысты болды. Тұрғындар көштің алды қашан қозғалады, бұл жұмыстар қалай жүзеге асырылады, өтемақылар қалай төленеді деген сауалдарын тағы қарша жаудырды. Бұл сауалдарға Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар жауап берді.

Әкім бүгінде іргелес жатқан елді мекендерді көшіру мәселесінің оң шешім тапқанын, бұл іске қомақты қаржы қаралғанын және оның аймақты дамытудың кешенді жоспарына енгендігін айта келіп, оның қалай жүзеге асырылатынына да тоқталды.

– Таяу үш жылда қала орталығында 70 пәтерлік бес қабатты отыз үй, үш жүзден астам екі басты коттедждер салынатын болады. Ал, тұрғындарды көшіру осы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ең әуелі апатты аймақтағы тұрғындар қоныс аударады. Одан кейін кеніш ашылатын аймақтардағы тұрғындар көшірілетін болады. Өтемақылар тек арнайы құжаттары бар, кезінде салық төленіп тұрған сарайлар мен гараждарға ғана беріледі. Одан өзге құрылыстарға ақша төленбейді. Әр тұрғын қазіргі тұрып жатқан үйлеріне сай баспаналы болады, – деп кесіп айтты.

Кент әкімінің есеп беру жиынын қорытындылаған қала басшысы бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелердің назарға алынғанын, ол мәселелер алдағы уақытта да талқыланып, шешілетінін, жұртшылықтың одан хабардар болатынын ескертті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.