Мұз үстінде абай болыңыз!

Қыс мезгілін бәріміз асыға күтеміз. Бұл мезгілдің әкелер қызығы да көп. Бірақ, бұл қызықтар адам өміріне қауіп төндіретіні бәрімізге белгілі. Қыс айларында келеңсіз жағдайлардан аман болу үшін өзен, көл, айдындарда өте сақ болу керек. Қыстың алғашқы және соңғы күндерінде мұз қабаты жұқа, адам салмағын көтере алмайтын болып келеді. Сондықтан, мұз үстінде сырғанаған – өмір үшін қауіпті. Әсіресе, қалың қар басқан жерлерден сақ болыңыздар. Мұндай жерлерде мұз баяу қатады. Мұз айдынына жалғыз баруға болмайды. Бара қалсаңыз, өзіңізбен бірге бір басында ауыртпалығы бар жіп ұстап жүрген жөн. Мұз жарылған сәтте қасыңыздағы адамға жіптің ұшын лақтырыңыз, сонда ғана ол адам сізді құтқара алады. Рұқсат етпеген жерден өтпеңіздер, түнгі уақытта мұз бетіне шықпаңыздар!

Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатымен суда құтқару қызметкерлері мектептерде және басқа орындарда профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Оқушыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері және алғашқы көмек туралы кеңестер беріліп тұрады.

Ал енді балық аулаушылар мен автокөлік жүргізушілеріне айтар кеңесіміз – балық аулауға барарда туған-туыстарыңызға қай жерде болатындарыңызды ескертіп, өздеріңізбен құтқару құралдарын ала шығуды ұмытпаңыздар. Сондай-ақ, мұз үстінде көлікпен жүруге қатаң тыйым салынады! Көлікті жағалауға қойып кеткен жөн! Егер өзіңіз қауіпті жағдайға түсіп қалсаңыз сабырлы болуға тырысыңыз, қолдарыңызды екі жаққа жайып, мұзға кеудеңізбен немесе арқаңызбен жатуға тырысыңыз да ойылған жердің қарсы жағына аяғыңызды тіреп немесе аяқтарыңызбен жүзу әрекетін жасап, көлденең жатуға әрекеттеніңіз. Мұздың қалың жағына бір аяғыңызды, сосын екінші аяғыңызды шығарыңыз да ойылған жерден қауіпсіз жерге қарай еңбектеңіз.

Ал, қасыңыздағы адам мұз жарылып суға түсіп кеткен жағдайда оған қалай көмек көрсету керек? Мұндай кезде мұздың ойылған жеріне қатты жақындамай, еңбектеп, қолыңыздағы бар нәрселердің көмегімен (ұзын тақтай, арқан, жіп, олар болмаған жағдайда үстіңіздегі киіміңізді шешіп) еңбектеп бір ұшын лақтырып мұз үстіне шығарып алыңыз.

С.Алиманова, Сәтбаев суда құтқару стансасының аға медбибісі.

Комментарии закрыты.