«Ер айтса, ел айтқаны, көптің қамын жеп айтқаны»

Ал, қаламыздағы 15 жалпы білім беретін орта мектебінде өткізілген отырыс осы елдіктің үні–жолдау маңыздылығына арналды. Еліміздің бағын асырып, рухани дем беретін жолдаудың түйткілді мәселелеріне мектеп басшысы Тлемисова А. Т. жан-жақты тоқталып өтті. Оның ішінде еліміздің жаңа экономикалық өрлеу бағытына қоғамдағы білім саласының қосатын үлесі зор екенін ерекше атап өтті.Болашақ жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті білім алуы елбасының жіті назарында екені белгілі. Бұл қамқорлықты нақты шаралар мен атқарылған жұмыстардан анық көруге болады.

Тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендіру ісі мектептердегі тәлім-тәрбие, білім беру үрдісіне жаңаша көзқараспен қарауды міндеттейді.Себебі, мектепте ғана білімді, дені сау, ізгілік жолын бекем ұстанған тұлға қалыптасатыны айдан анық.

Олай болса, ҚР «Білім туралы» заңы, мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту, озық технологияларды отандық жүйеге енгізу мен тәжірибе алмасу , ұстаздар біліктілігін арттыру сияқты т.б күрделі мәселелерді талқылау барысы біз үшін де аса маңызды.

Қорыта келе, әр білім ордасында осындай саяси сауаттылықты арттырып, саналы тұлға қалыптастыратын іс-шаралар орын алса деймін.

№ 15 орта мектебінің қазақ тілі пән мұғалімі

Қ.Есмағамбетова

Комментарии закрыты.