Сот жалды қорытты

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотында 2013 жылы қаралған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің қорытындысын талқылау бойынша баспасөз конференциясы өткізілді. Отырысқа қалалық соттың төрағасы Р.Мұқатаев, судьялар Е.Қуанышев пен Ж.Данияров және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген төраға Руслан Мұқатаев сот әділдігін жүзеге асыру барысында өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Берілген мәліметке сейкес, былтырғы жылдың 12 айында Сәтбаев қалалық сотына 294 тұлғаға қатысты 258 қылмыстық іс түсіп, 288 тұлғаға қатысты 252 қылмыстық істің өндірісі аяқталған. Жазалау тәжірибесі бойынша 145 тұлға сотталып, 19 тұлға бас бостандығынан айырылды. Ауыр дәрежедегі қылмыс бойынша 77 тұлға, орташа дәрежедегі қылмыс бойынша 45 тұлға, жеңіл дәрежедегі қылмыс бойынша 23 тұлға сотталды. Есеп беру мерзімінде күші жойылған сот үкімдері болған жоқ.

Азаматтық істерді қарау жөніндегі мағлұматқа сүйенсек, өткен жылы 2186 арыз түсіп, 1956 азаматтық іс қозғалды. Әкімшілік істер бойынша қалалық сотқа 1381 іс түсті. Сотпен барлығы 1357 әкімшілік іс қаралып, оның ішінде 500 тұлғаға әкімшілік айыппұл, 357 тұлғаға көлік құралын басқаруға тыйым салу, 324 тұлғаны әкімшілік қамауға алу, 1 тұлғаға ҚР аумағынан тыс шығару және де қосымша шара ретінде 57 тұлғаны көлікті басқару құқығынан айыруға үкім шығарылды.

– Сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Сәтбаев қалалық соты өзінің жұмыс жоспарында бекітілген іс-шараларды міндетті түрде БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізеді. Қазіргі кезде сот жүйесі алдына қойған міндеттерді тиімді шешу, сондай-ақ, сот беделін көтеру үшін ақпарат аясындағы жұмысқа ерекше назар аударуда. Осыған байланысты Сәтбаев қалалық сотының стратегиялық бағыттарының бірі – бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста әрі толық түсіністікте жұмыс істеу. Сонымен қатар, бұл сот төрелігінің имиджін айқындайтын аса маңызды фактор болып табылады. Осы орайда қалалық «Шарайна» газеті мен «СТА» телеарнасының ұжымы соттың қызметін объективті көрсету, сот билігінің өзекті тұстары мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты мәселелерді көпшілік қауымға жеткізу жұмыстарын жүзеге асыруда айтарлықтай үлес қосуда. Сондықтан, алдағы уақытта да бірлесіп әрі қарай жемісті қызмет атқара береміз деген сенімдемін, – деп қорытты баспасөз конференциясын Руслан Қалиақпарұлы.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.