Отбасы құндылығы дәріптелді

20140207-07-2Әдетте үлкендер қауымы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Отан отбасынан басталады» деп, тәрбиелік мәні бар ұлағатты сөздердің мәнін әріден қозғап жатады. Ұрпақтарының ұқыптылығына, адами институтының қалыптасуына өмірге алып келген ата-ана жауапты, әлбетте.Бүгінде есігімізді айқара ашып, батыстың ықпалын төрімізге көтеріп отырғанымыз шындық. Қазір Қазақстанда үйлену, ажырасу процессі бірнеше күннің айналасында жүзеге асатын болды. Оған ешбір таңданбайтын да болдық.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Сәтбаев қаласында 700 азамат пен азаматша некесін қидырса, соның ішінде 300-ден астамы ажырасып үлгерген. Он пайызға артқан бұл көрсеткіш – ешкімнің назарынан тыс қалмайтын, күн тәртібіндегі шешімін табуы тиіс өзекті проблема.

Осы орайда жақында қалалық жастар бастамашылдығы орталығының жанынан ашылған «Жас жалын» пікірталас клубының ұйымдастыруымен Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «Отбасылық құндылықтар» атты жиналыс өткізілді. Ажырасу мәселесінің алдын алуды талқылаудың негізгі мақсаты қала жастарының пікірін бір жерге ұштастыру болды.

Жиналыста жастарға бастама ретінде ой салған үлкендер ақыл-кеңестерімен қатар кешегі қоғам мен бүгінгі қоғамның аражігін ажыратып, түсіндіріп берді. Жастар әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Г.Таңсықбаеваның, қаланың Құрметті азаматы М.Қожахметовтың, қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі Қ.Махамбетованың, қалалық жастар бастамашылдығы орталығының директоры Н.Наурызбаевтың ұтымды ойларын тыңдап, пікірталасқа біркісідей атсалысты. Олар ішкіліктің салдарынан, отбасылық бюджетке ата-ененің араласуынан туындайтын мәселе, қаражаттың жетіспеушілігі сынды ажырасуға дейін алып баратын құбылыстарды көтерді.

Шешім біреу – ұлттық құндылықты сақтай отырып екі жас өз араларында түсініспеушілікті тудырмауы қажет. Қоғамдық дерттің алдын алуға аз да болса үлесін қосқан жиналыстың берер нәтижесі көп болмақ.

Мөлдір Мұқатова.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.