Ел экономикасына негізделген құжат

Cәтбаев қалалық қазынашылық басқармасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын талқылау бойынша отырыс өткізілді. Жиынды басқарма басшысы Б.Шакенов ашып, Жолдауға байланысты баяндама жасады.

– Елбасының биылғы Жолдауы егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған тарихи құжат. Осы стратегиялық құжатта Президентіміз мемлекеттік қызметтің барлық саласын қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесін қорғаудың нақты жолдарын айтып берді.

Жолдауда ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу, жер қойнауындағы байлыққа барлау жасау, геологиялық зерттеулер жүргізу нақты айтылды, – деді баяндамашы.

Отырыста басқарма қызметкерлері де өз пікірлерін білдірді.

Басқарма басшысының орынбасары Р.Шертаева: – Елбасы Жолдауында әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Соның ішінде студенттердің стипендиясын көбейту, білім, әлеуметтік сала және «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысы, мүгедектікке және асыраушысынан айрылғандарға төленетін жәрдемақылар өсетіндігі атап айтылды. Ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жариялады. «Мәңгілік Елдің» жеті қағидасы біздің дамуымыздың арқаулық құндылықтарын, Қазақстан халқының ортақ мүддесі мен тарихи тағдырын айшықтайды, – деді.

Қаржылық және шарттарды тіркеу тобының бас қазынашысы З.Есенбекова бұл Жолдаудың бізді жаңа бағыттарға жетелейтіндігін, жаңаша ойлап, кемел істер атқаруға жұмылдыратынын жеткізді.

Отырысты қорытқан басқарма басшысы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» Стратегиялық даму бағдарламасы шеңберінде жасалып отырған жұмысты ары қарай жалғастыруға, бірігіп табысты жұмыс жасауға шақырды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.