«Сақалды құрылыстар» жайы сөз болды

Өткен аптада қала әкімдігінде құрылыс саласындағы өзекті мәселелер талқыға түскен алқалы жиын болып өтті. Оған қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және құрылыспен айналысып жатқан жеке кәсіпкерлік иелері қатысты. Жиынды Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар ашып, жүргізіп отырды

20140207-05-1-1Алқалы жиында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Айтжанов қала аумағындағы құрылыс нысандарының бүгінгі жай-жапсары туралы хабарлама жасады.

Оның айтуынша, бүгінде қаламызда шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің күшімен жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары аз емес. Олардың көбі үстіміздегі жылы ел игілігіне пайдалануға берілмек те. Мәселен, Ұлытау көшесіндегі дүкеннің, Ерден көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысындағы «Екі жұлдыз» мейрамханасының, академик Қ.Сәтбаев даңғылы бойындағы «Халал» дәмханасының, Ұлытау, Гурба көшелерінің бойында салынып жатқан құрылыс материалдары мен автобөлшектер дүкендерінің құрылысы таяу уақыттарда аяқталмақ.

Жиында құрылысы басталып, бүгінде тоқтап тұрған нысандар жайлы да сөз қозғалды. Хабарламашы өз сөзінде қаланың көркін кетіріп, адам өміріне де қатер төндіріп тұрған «сақалды құрылыстардың» қатары аз емес екеніне тоқталды.

– Бұл құрылыстардың қай-қайсының болмасын маңайы талапқа сай қоршалмаған. Айналасы жарықтандырылмаған және құрылыс нысанының төлқұжаты жоқ, – деген Талғат Айтжанов, өзі айтқан «сақалды құрылыстарды» тізіп шықты. Олардың көшін 2006 жылдан бері тоқтап тұрған М.Ділдебаевтың «Нұртай» дүкенінің құрылысы бастап тұр. Сондай-ақ, кәсіпкер Ж.Досетовтың қонақ үй-көңіл көтеру кешені (Сәтбаев даңғылы), Д.Гайнуловтың көлік жуу орталығы (Ерден көшесі), БТА банк кепілдік берген 60 пәтерлік тұрғын үй (Шаталюк көшесі) 2008 жылдан бері тоқтап тұрса, А.Оразбаевтың көлік жуу орталығы (Ұлытау көшесі), А. Макуловтың автобөлшектер дүкені (Ұлытау көшесі) 2009 жылдан бері «сақалды құрылысқа» айналған.

– Әрине, олардың бірі –қаржы, енді бірі құрылыс материалдарын жинақтау мақсатында уақытша тоқтатылған. Алайда, құрылыс алаңын талапқа сай ұстау, аумақтарды қоршау, құрылыс мерзімі мен сипаты туралы құжаттарды ілу, құрылыс аумағының санитарлық жағдайын сақтау және жарықтандыру мәселелері назардан тыс қалмауы тиіс, – дейді бөлім басшысы.

Жиын барысында қала әкімі Әнуар Омар осы құрылыстардың қожаларын тұрғызып, мәселенің мән-жайымен танысып, нақтылы тапсырмалар да берді.

– Құрылыстың уақытша болса да тоқтауына өзіндік себептер бар екенін түсінемін. Аймағымыздың келешегі жайлы алыпқашпа әңгімелердің де бұған ықпалы болған шығар. Қазір бәрі қалыпқа келді. Жезқазған өндірісінің өмірі тағы елу жылға ұзартылды. Бірақ, уақыт бір орнында тұрмайды және ырғалып-жырғалғанды көтермейді. Заң талаптары күн сайын өзгеріп жатыр. Қазірдің өзінде мақсатты пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекеттің меншігіне алынуда. Ал ертең, ұзақ жылдар тоқтап тұрған құрылыстарды қайыра сараптаудан өткізіп, оның жарамды-жарамсыздығы тексеріліп, басқаша қорытынды жасалуы мүмкін. Сонда, басталған құрылысыңызды түгелдей бұзып, іргетасынан бастап қайта тұрғызуға шешім қабылдануы әбден кәдік. Сондықтан, қазіргі істі ертеңге қалдырмай, уақытылы аяқтауға күш салайық. Жергілікті билік қашанда сіздердің сөздеріңізді сөйлеп, сіздерге көмек қолын созатын болады. Қолдау да жасалды. Бірақ, заңның аты – заң. Оған біз тосқауыл бола алмаймыз, – деді қала басшысы.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.