Болашаққа бастар жол

Тәуелсіздіктің 22 жылын артқа тастаған еліміз қазір жаңа экономикалық өрлеу жолына түскені ақиқат. 90-шы жылдардың аяғында қабылданған «Қазақстан-2030» бағдарламасында көрсетілген міндеттер мерзімінен бұрын орындалғанын Елбасы да айтып өтті. Ендігі мақсат – 2050 жылға дейін егемен елдің өркендеу жолына түсіп, дамыған отыздықтың қатарына кіруі болып отыр.

Әлем саясаткерлері Батыс Европалық мемлекеттерде қабылданған стратегиялар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда проблемалардың жиі кездесетінін, әр бес жыл сайын жаңа көшбасшы келіп, бұрынғы бағдарламаларды жүзеге асырып болмай жатып, жаңа бағдарламалар қабылдауға көшіп жататынын айтады. Ал, біздің елімізде стратегиялар мен бағдарламалар Президент Жолдауының негізінде құралып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Тарихшы ретінде біздің елімізде алдағы көздеген мақсатымызға жетуге қажетті ресурстар мен мүмкіндіктердің мол екенін, осы Жолдауды болашаққа бастар жол деп сеніммен айта аламын.

Болашаққа бастар жолды белгілеген биылғы Жолдауда барлық дерлік сала қамтылып, экономиканы дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жолдаудың ерекшелігі – «Мәңгілік Ел» идеясы.Ендігі жерде ел аузында Мәңгілік Ел боламыз деген аталы сөз айтылып, өскелең ұрпақ осы идеологиямен өмір сүретін болады. Өскелең ұрпақтың бойына осы идеологияны сіңіртіп, патриоттық сезім ұялату – ұстаздарға жүктеліп отырған тағы бір міндет!

Өз басым Елбасының жүргізіп отырған саясатының көрегендігіне осы Жолдауын оқи отырып, көз жеткізіп отырмын. Сондықтан, осындай көшбасшымыздың барын мақтан тұтамын. Ендеше, Елбасы сенген болашаққа біз де сеніп, қолдауға тиіспіз. Себебі, Елбасы жастар мен мемлекеттік қызметкерлерге ерекше сенім артып отыр.

Раушан Бимакаева, № 16 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Комментарии закрыты.