Жоба тың болса ағайын да көзайым

Дамыған заманда көгілдір экранда сан алуан бағдарламаның көпшілікке жол тартуы – заман үрдісі. Алайда, оның мәні мен мазмұнына ерекше көңіл аударған жөн. Жылқы жылының алғашқы айында «Дидар» телеарнасынан көрерменге жол тартқан «ОК» әзіл-сықақ бағдарламасының 5 бөлімі жарыққа шығып үлгерді. Сын да айтылып, қолдау да білдірілуде. Бұл бағдарламаның қос қаланың тұрғындарына жол тартуына бірден-бір себепкер болған Нұрперзент Сикимов жақында редакцияға келіп, бағдарламаның мақсаты мен алдағы жоспарлары жайында әңгімелеп берген болатын.

20140207-12-2

– «ОК» бағдарламасын жарыққа шығару үлкен жобаларды көргеннен соң ойыма келді, – деп сөзін бастады Нұрперзент. – «Наша Кzаша», «Мәссаған» сынды өзіндік аудиториясы бар бірегей жобалардың негізінде жасалған бағдарлама арқылы көптің көңілінен шықсақ деген ниеттен туындаған еді. «Қалауын тапса қар жанар» деген емес пе, қолдау болып, осы ойым жүзеге асты. Бағдарламаның мақсаты – әзіл-қалжыңға бейімі бар сәтбаевтық және жезқазғандық жастарды шығармашылық тұрғыдан шыңдау және олардың ізденісіне жол ашу.

Бұл жобаның жүзеге асуына көмек қолын созған Ернұр Балабеков пен Нұрсұлтан Түшеновке, Бақытжан Жайлаубаев пен Батырлан Сейтжапбаровқа және «Дидар» телеарнасының басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Бағдарламадағы қойылымдарға Айбатыр Орынбасаров, Еламан Әлиев, Аңсар Мұстафин, Елдос Бахтияр, Салтанат Серкебаева, Ықылас Ыбырай сынды ьалапты жастар шақырылды.

Қойылымның сценарийін өзіміз жазып, дайындаламыз. Әрине, сын-ескертпелер айтылып та жатыр. «Көш жүре түзеледі» демекші, алдағы уақытта бағдарламадағы қойылымдардың мәні мен мазмұнына ерекше көңіл бөлетін боламыз.

Жастар жағы көрсетілімнен кейін әлеуметтік желілерде өздерінің пікірлерін қалдырып та жатады. Бір айта кетерлігі, егер Сізде қызықты әрі әзілге толы жаңалығыңыз болса, оны бағдарламаның «OK NEWS» айдарынан тамашалауға мүмкіндігіңіз бар.

Бағдарламаның көкжиегін кеңейтіп, оның аудиториясын ұлғайту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Ақпан айының соңына дейін жобаны «Отау ТV» және «Жезқазған ТV» арналарында да көрсету қолға алынып жатыр.

Құрметті жерлестер! Бастау алған бағдарламаға қолдау көрсетіп жатсаңыздар біздің де шабытымыз еселене бермек, – дейді жобаның бас директоры Н.Сикимов.

Тың жобаны қолға алып отырған Нұрперзент Сикимов көпшілікке «Жайдарман» тележобасы арқылы таныс. Өнердің бір түрі – әзілді жанына серік еткен жас дарынның бұл бастамасын жерлестері қолдап, әр сенбі күні сағат 12.45-те және жексенбі күні сағат 19.05-те экран алдынан табылып, «ОК» бағдарламасын тамашалайды деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.