Ермек Бегаев: «Ауғанстан асуларында жүріп есейдік»

20140207-04-1Тарих бетінде мағынасыз соғыс ретінде аталып жүрген Ауғанстанда болған қырғынның салдары қазақ елін де айналып өтпеді. Ауған жеріндегі билікке таластың әсері қырғынға ұласты. 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО Қарулы күштерінің арнаулы шағын тобы Ауғанстан жеріне енгізілді. Қазақ жерінен 22000 жауынгер аттанып, оның 761-і сол елде топырақ жастанса, 21-і хабарсыз кеткен. Он жылға созылған соғыстың салдары талай отбасын зар еңіретті. Аман келгендерінің көбі елге мүгедек болып оралды.

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толды. Оң-солын енді танып келе жатқанда мамыражай өмірлерін қырғын соғыс алмастырған сол батырларымыздың ерлігін дәріптеу, оларды құрметтеу қоғамымызда саябырсып қалғаны шындық. Тек 15 ақпан күнгі құрмет олардың ерлігі үшін аздық ететіні ақиқат.

Бүгінгі таңда қаламызда сол соғыстың 70 куәгері арамызда жүр. Соның бірі – 19 жасында Ауған шекарасына табан тіреген Ермек Бегаев болатын.

Өткен өмірі жайында аса сыр шертуді ұната қоймайтын Ерекеңнен аз да болса өзі жүріп өткен жолы жайында айтып беруін өтінген едік.

– Мен 1967 жылы Жезқазған кентінде дүниеге келдім. №27 қазақ орта мектебін тәмамдап, №3 кәсіптік училищеде жүргізуші мамандығын игердім. Оқуды бітірісімен қаламыздағы жолаушылар тасымалдау автокөлік кәсіпорнында еңбек еттім.

– Менің өмірімнің екі жылы Ауғанстанның Кабул қаласында өтті.

1986 жылдың 14 сәуірінде әскери комиссариатқа шақырту келді. Ол кезде бәрі құпия болатын. Кімді қайда жіберетінін де біле қоймадық.

Бізді әуелі Шешенстанның Грозный қаласындағы мотоатқыштар отрядына түсірді. Онда тамыз айына дейін жаттықтық. Бірде командир Ауған шекарасына енгізілетініміз жайында хабар берді.

Әскери антыңды бұзып, мен бармаймын деп қашып кете алмайсың.

Ажал ортасына баратынымызды білсек те, намыс үшін тайсалмадық.

Немерелес ағам Бегаев Талғат осы соғыс өрті тұтанған кезде алғашқылардың бірі болып аттанған азамат болатын. Ол Файзабад қаласында міндетті әскери борышын өтеді. Мен де сол ағамның жолымен Ауған жеріне табан тіредім. Бізді Кабул қаласындағы №18 полкке әкелді. Мамандығым жүргізуші болғандықтан, маған БТР 80 танкін тізгіндеуді тапсырды. Шағын колонналарды алып жүру жүктелді. Сексенінші жылдары шығарылған бұл танкті тізгіндеу аса қиындық тудырмады. Тек аңдыған жауыңа ұсталып қалмасаң болғаны. Кейбірінің шеберлігі жетіспеді ме минаның астында қалып, жарылып та жататын кездер болды. Сондай сәтте амалыңның жоғынан көз жасыңды сығып аласың. Талай қатарлас достарымыздың шыбын жанын шүберекке түйіп, қиын операциялардан аман шықса қуанып, кейде жараланып не болмаса өліп жатқанын көргенде тұла бойыңды ыза мен қимастық билейтін.

Өзіме жүктелген колонналарды діттеген жеріне жеткізу міндетім болып саналды. Оқ-дәрі, қару-жарақ тиелген машиналардың да талайының күлі көкке ұшты. Бірлі-жарым жүру деген болмайды. Әсіресе, түнде жүру өте қауіпті. Душмандардың қолына түссең талқандап, ойларына келгенін істейді. Бір Жаратқан жебеген шығар, екі жылдық әскери міндетімді аман-есен өтеп, 1988 жылы елге оралдым. Бұрынғы еңбек ұжымыммен қайта қауышып, бір қуанып қалдым. Алайда, сол қуаныштың артында соғыс салған ауыр жара жатты. Қатпар-қатпар таулардың арасында жүріп өмірдің ақ-қарасын ажыраттық. Нағыз жалынды шағымызда жат елге кетіп, Ауған асуларында есейдік.

Тәубе деймін, қазір еліміз – азат, шекарамыз бекемдеулі. Қазығы нық қағылған Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, – деген тілекпен сөзін аяқтады.

Жасын ғұмырда шекара асып, мағынасыз шайқастың куәгері болған Ермек Мұратұлы бүгінде «KM Logistic» ЖШС-не қарасты Жолаушылар тасымалдау автокәсіпорнында жемісті еңбек етуде.

Ерекең жұбайы Бақыт екеуі Аман, Азамат және Нұрай есімді балаларын тәрбиелеп отыр.

Ерлігінің белгісіндей саналатын «Ерлігі үшін», «Әскери бауырластық» және бірнеше мерекелік медальдар және жауынгер-интернационалист төсбелгісі Ерекеңнің өз ұрпағы үшін де, өзгелерге де мақтаныш.

Ерлік ешқашан көмескі тартпауы керек. Шынайы батырлықпен жауынгерлік борышын өткерген Ерекең сынды азаматтар қандай құрметке болса да лайық.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.