Құжаттың құндылығын дәріптеді

Жылқы жылының алғашқы айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы кезекті Жолдауын халыққа ұсынды. Ел дамуына қатысты барлық саланы егжей-тегжейлі қамтыған құжат болашаққа салынған сара жол іспеттес.

20140207-03-1Осы құжаттың құндылығын дәріптеп, оның басым бағыттарын ел арасында түсіндіру жұмысынан кеншілер қаласы да тыс қалып отырған жоқ.

Елбасының Жолдауын түсіндіру мақсатында қалалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында, қоғамдық бірлестіктерде жиын өткізуде.

Осындай келелі жиынның бірі Жезқазған кентіндегі әскерилендірілген тау-кен құтқару бөлімшесінде болып, онда Жолдауда басымдық берілген бағыттар жайында және құжаттағы көзделген межелерді жүзеге асыруда кенді өлкеде атқарылатын жұмыстардың барысы жайында сөз қозғалды.

Құтқарушылармен өткен жиында АНТ мүшелерінің бірі, қалалық ауылшарушылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ерзақов Жолдаудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындаудың бес жылдық кезеңді қамтитын маңызды міндеттерін атап көрсетті. Он басым бағытқа негізделген құжат әлеуметтің әлеуетін жақсартатын салалардан бөлек патриотизм, инновация, геология, ауылшаруашылығы, ғылым, аймақтық даму, энергетика салаларын дамытуға ерекше мән беруге негізделген.

Елбасы осы Жолдауында да ұлттың алтын діңгегі – тілдің жай-жапсарын тілге тиек етті. «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген болатын Елбасы.

Құжат Мәңгілік Ел идеясының ұсынылуымен ерекшеленді. Біз – бағындырар белесі айқын елміз. Көздеген отыздыққа жетудің межесі құжатта тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Тек құлшыныспен еңбек ету керек, – деді баяндамашы сөзін қорытындылай келе.

Алдағы дамуымыздың бағыт-бағдарын айқындаған құжатты бұл ұжымның да еңбеккерлері қолдайтындықтарын, ондағы көзделген межелерге жету үшін бірлесе еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Мәңгілік Ел идеясының іргесін қалаған құжатты түсіндіру мақсатындағы ақпараттық-насихат тобының мүшелері, сондай-ақ, қалалық емхана мен Оқушылар сарайының қызметкерлерімен, «Нұр Отан» партиясының мүшелерімен, №7, 19 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің ұстаздар қауымымен де кездесу өткізіп, Жолдаудың маңыздылығын түсіндірді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.