Пайғамбарды ұлықтаған кеш

20140207-02-2Ұлы Пайғамбарымыздың өмірі мен оның адам баласына жасаған жақсылығын, пайғамбарлық жолда жүріп, Ислам дінінің таза қалпында насихатталуына сіңірген үлесінің мол екенін баршаға түсіндіру мақсатында қаламызда да діни әдеби-сазды кеш ұйымдастыру жолға қойылды.

Қалалық әкімдік пен Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігіне қарасты Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы қалалық мешіттің ұйытқы болуымен игі шара биыл да жалғасып, жиналған көпшілікке рухани кеш сыйлады.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайын бетке алған мұсылман жамағаты мешіт шәкірті Темірлан Сайлаубекпен бірге Ұлы Пайғамбарға құран бағыштады.

Одан кейін Аллаһ Елшісі жайында және намаз хақында бейнебаян көрсетілді. Ұлы ұстаздың туған күнімен қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай құттықтап, қала әкімінің тілегін жеткізді.

ҚМДБ Жезқазған аймақтық өкіл имамы Қабылбек Жұмабеков Пайғамбарымыздың өмір сүрген дәуірін және оның ұлы істерін айта келе, Мәуліт мерекесінің тәлімі мол екенін тілге тиек етті.

Тәлімі мінсіз тәлімгерге мешіт имамдары мен шәкірттері салауат айтып, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының күйшілері күй шертсе, әншілері діни әндерді орындады.

«Алғабас» жастар театры бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған Сирия мәселесін жиналғандарға әсерлі жеткізе білді. Бір отбасының жат ағымның етегіне еріп, ойраны шыққанын нанымды жеткізген жастар қойылым соңында Аллаһ Елшісі салған сара жолдан адаспауға шақырды.

Кеш барысында Пайғамбардың өміріне байланысты қойылған сұрақтардың жауабын дұрыс тапқан үш қала тұрғыны ұялы телефонға ие болды.

Сонымен қатар, діни іс-шаралардың басы-қасынан табылып жүрген қала әкімі Әнуар Омарға, мешіт жанашыры, жеке кәсіпкер Мұрат қажы Жағыпаровқа, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешке ҚМДБ Жезқазған аймақтық өкіл имамы Қабылбек Жұмабеков Алғыс хат тапсырды.

Осы діни кеште Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің ұйымдастыруымен өткен «Дін Ислам – діңгегім» атты шығарма байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың жүлделі ІІІ орнын мешіт шәкірті Темірлан Сайлаубек иеленсе, ІІ орынға Айдана Мұнайдар лайық деп танылды. Ал, І орын Құндызай Нұрғалиеваға бұйырды.

Аллаһ Тағала ерекше жаратқан ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) ұлылығын ұлықтаған кештен шыққан жұртшылық орталық мешіттің асханасынан дәм татып, Жаратушымыздың сүйікті құлының рухына Құран бағыштады.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.