Одақтың алғашқы отырысы кеншілер қаласында өтті

Үстіміздегі жылдың басында Жезқазған қаласында Қазақстан Жазушылар одағының бөлімшесі ашылғанынан көзі қарақты оқырман құлағдар болса керек-ті. Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай сол жолы Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі қаламгерлер мен зиялы қауымның басын біріктіретін ордалы ортаға басшы етіп көпшіліктің ұйғарымымен жазушы, ақын, журналист Батырбек Мырзабековты тағайындаған болатын. Сол одақ өзінің жұмысына кірісіп те кетті. Ал, оның алғашқы отырысы өткен аптада кеншілер қаласында өтті. Оған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар мұрындық болды.

20140207-02-1

– Жезқазған-Ұлытау жерінде біртуар тұлғалар мен солардың ізін басқан дарынды майталман жастар жетерлік. Бірақ, олардың басын біріктіретін ортаның болмауы шығармашылықтарын дамытуға кедергі келтірген. Ашылған бөлімше сол олқылықтардың барлығын жояды деген сенім зор. Оның алдағы күндері әрі қарай жұмыс істеуі үшін барлық материалдық-қаржылық жағдайлар жасалатын болады. Себебі, шығармашылықпен айналысатындарды қолдау арқылы біртұтас еліміздің тарихына, әдебиетіне деген берік негіз қалануда, – деген әкім Әнуар Омар жергілікті ақын-жазушылардан үлкен үміт күтетіндіктерін білдірді. Әдебиетке жаңалық болып енетін дарындар шығады деген сенім бек екендігін алға тартты. Сонымен қатар, одақтың алғашқы отырысын кеншілер қаласында өткізуге келісім берген бөлімше басшысы Батырбек Мырзабековке алғысын білдірді.

Бұдан соң сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған бөлімшесінің төрағасы Батырбек Мырзабеков аймақтық Жазушылар одағының алты мүшесі бар екенін, болашақта олардың құрамын жастармен толықтыру көзделіп отырғанын айтты.

– Әрине, бұл жұмыста ең бірінші шарт сапа болары сөзсіз. Сол секілді аймақта бірер жылдан бастап «Ұлытау кітапханасы» сериясымен жезқазғандық қаламгерлердің кітаптары шыға бастады. Бұл серия келешекте де оқырмандарын тың дүниелермен қуанта бермек.

Бұл бағытта одақ өз қаламгерлеріне қолдан келген көмегін жасайтын болады. Біздің өз жұмыс жоспарымыз бар. Сол арқылы біз жас жеткіншектер арасында әдебиетті, мәдениетті насихаттайтын ауқымды шаралар жасауды қолға аламыз, – деді төраға өз сөзінде.

Жазушылар одағының жұмыс барысымен танысқан қаламыздың қалам ұстаған қауымы бір серпіліп қалды. Бір атап өтерлігі, былтыр қала әкімінің қолдауымен қаламыздағы ақындардың жыр жинағы жарыққа шықты. Бұл іс келешекте де өз жалғасын табатын болады. Қала әкімі «Ұлытау кітапханасы» сериясымен жергілікті қаламгерлердің туындысын басып шығаруға ықпал ететінін айтты.

Сол секілді Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі есімі елге мәлім болса да, еңбектері басылмай жатқан тұлғалардың туындыларын жинақтау, оларды басып шығару, насихаттау жұмыстары одақ бөлімшесінің басты міндеті болмақ.

Отырыс барысында жергілікті қаламгерлер өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды. Оған бөлімше төрағасы байыпты жауап беріп, келелі кеңестер айтты.

Отырыста Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, драматург Кенжебай Ахметов (суретте) сөз алып, әдебиет пен мәдениет саласында бүгінгі таңда қордаланған мәселелер жөнінде ой қозғады. Ол жастар арасында әдебиетті, кітапты насихаттау мәселесін бірінші кезекке қою қажеттігіне тоқталды.

– Біз жастарды кітап оқымайды деп кінәлағаннан гөрі, оларға сол кітапты оқуды үйретуіміз керек. Ол үшін зиялы қауым жастар арасында оқырмандар конференциясы, тақырыптық кеш сияқты тағылымды дүниелерді өткізуді қолға алып, өзіміз оларға кітап оқып беру арқылы он баланың екеуінің кітап оқуға қызығушылығын оятсақ үлкен іс жасағанымыз. Ол екі бала ертең өз соңына тағы екі не одан көп баланы ертеді. Осылайша кітап оқу күнделікті дағдыға айналады. Осындай іске ұйытқы болайық, – деді ол.

Одақтың отырысында зиялы қауым өзара пікір алмасып, алдағы үлкен іске әзірлік әрекетіне кірісіп кетті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.