«Отряд Кара-майора»

20140207-01-1Сәтбаев қаласының №16 қазақ орта мектебінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылағанына 25 жыл толуына орай жарық көрген Ауған соғысының ардагері, полковник Амангелді Жантасовтың «Отряд Кара-майора (мусульманский батальон)» атты естелік кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап авторымен кездесуге Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық мәслихаттың депутаты Жақия Күнеділов, Ауған соғысының ардагерлері, қала мектептерінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты.

Естелік кітапта аты аңызға айналған қара майор Борис Керімбаевтың басшылығымен Ауған жерінде соғысқан мұсылман батальонының 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрылу тарихы мен жасақ жауынгерлерінің әскери жолы көркем тілмен суреттелген.

«Қара майор жасағы» кітабы орыс тілінде 2012 жылы 500 данамен шықса, 2013 жылы 1000 данасы қайыра басылып шықты. Естеліктің қазақ тіліндегі түпнұсқасы «Жартасты жастанған жасақ» деген атпен биылғы жылы жарық көреді. Кітап авторы Амангелді Жантасов кездесуде тартымды да тәрбиелік маңызы бар әңгіме айтып, өзі жазған жыр жолдарын оқыды.

Тұсауы кесілген естелік кітапты автор қала әкіміне, Ауған соғысы ардагерлеріне және қалалық кітапханаға сыйға тартты. Өз тараптарынан қала басшысы, ауғандық жауынгерлер мен қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім Амангелді Жантасовқа сый-сияпаттарын көрсетті.

Мәди Әлжаппаров. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.