Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде

Қазақ халқы мың өліп, мың тірілсе, ғасырдан ғасырға халқымен бірге тілі де тағдыр тауқыметін тартып келеді. Тілдің тамыры мықты болса, аумалы-төкпелі заманда ұлтын алға сүйреп алып шығады, егер әлсіз болса ұлтымен бірге жойылып кетеді дейді тарихи деректер. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Толыққанды тілсіз толыққанда ұлт болуы мүмкін емес. Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл» деген сөзі бар. Қазақ тілі Қазақстандағы мемлекеттік тіл деп Ата Заңымызда жазылса да, мәртебесінің көтеріліп тұрғаны әзірге шамалы. «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына жиырма жылдан асты, осы уақыт ішінде екі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Алғашқы бағдарлама аясында қол жеткізген нәтижелеріміз де айтарлықтай. Басты мақтанар ісіміз – қазақ қазақпен қазақша сөйлесе бастады, «шалақазақтар» азая бастады.

Тағы бір дәлел өз қаламызда қазақ тіліндегі балабақшалар мен білім ошақтары санының жыл санап көбейіп келе жатқаны, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен мекемелер қатарының артып отырғаны. Міне, осындай жетістіктерімізді мақтан ете отырып, кемшіліктерімізді де талқыға салу мақсатында қала жастары форум өткізді.

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген атпен Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне арнап №14 орта мектептің қабырғасында өткен форумды «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев қалалық филиалы ұйымдастырды.

Республикалық «Қазақша сөйлесейік» акциясы аясындағы форум «Тілгі құрмет – елге құрмет» тақырыбында дөңгелек үстел басындағы отырыстан басталды. Ашық әңгімеге қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г. Есмурзаева, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Бегимова, орыс ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Т. Хмилярчук, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаева, қалалық «Қазақ тілі» қоғамы төрайымы орынбасары Г. Нүсіпбекова, қала мектептеріндегі «Жас Отан» ЖҚ белсенді мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелді «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев филиалының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаев ашып, қонақтарды әңгімеге тартты.

Гүлсім Есмұрзаева Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасының негізгі бағыттары туралы қысқаша айтып берді.

Ашық диалогта қонақтар қатарында №16 орта мектептің оқушылары, №3 орта мектептің экс-президенті Мадина Рахман, №15 мектептің экс-президенті Дамир Салимов белсенділік танытып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. «Таза қазақ тілі – ауылда» деді олар. Сондықтан жастар қазақ тілін үйрену үшін каникул кездерінде ауылдық жерлерге барып тұрса, ауыл мектептерімен арада тығыз қарым-қатынас орнатса деген ойларын айтты. «Біз жастардың ортасында жүргендіктен, замандастарымызға бір табан жақынбыз үлкендерге қарағанда, қазір бұрынғыдай бір-бірімен орысша сөйлесу «модасы» қалып барады» деген қуаныштарын да жасырмады. Дөңгелек үстел басында аға буын өкілдері мен жастар арасында еркін де ашық түрде өткен кездесу алдына қойған мақсатына жетті.

Құрылтай

Жастармен ашық әңгіме одан әрі мектептің кең залындағы «Құрылтай» атты жалпы мәжіліске жалғасты. Форумның жұмысына барлық қала мектептеріндегі тіл мамандары, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледждің, №3 мектеп-лицейдің директорларының орынбасарлары, «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері, ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, жастар ұйымдары, тіл жанашырлары қатысты. «Жас Отан» Жастар қанаты Сәтбаев филиалының атқарушы хатшысы Нұрлыбай Наурызбаев форумды кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

– Бүгінде барша қазақстандықтарды топтастыру үшін мемлекеттік тілдің мәртебесін белсенді түрде нығайту қажет. «Нұр Отан» партиясы қазақ тілі қазақстандық қоғамның ауызбірлігінің факторына, олардың берік ынтымақтастығының белгісі ретінде табиғи қажеттілігіне айналуы керек деген қағиданы ұстанады. Қуатты және бәсекеге қабілетті қазақ тілі өзінің әлеуметтік қызметі мен қолданыс ауқымын біртіндеп кеңейтуі тиіс. Партия қазақ тілін жетілдіру мен енгізуге және оны үйренуді жастайынан бастап қажет екендігі туралы мәселелерге басты назар аударады.

Жылдан жылға қазақ тілінде оқитын оқушылар саны артуда. Қазір олардың саны мектеп оқушыларының жалпы санының 58 пайызын құрайды.

Тіл саясаты саласында жүргізілген социологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша қазақ тіліндегі мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленетін басқа ұлт балаларының саны 33,3 % артқан. Оның 3 % – орыс ұлтының балалары. Бұл – халықтың тіл саясатын дұрыс түсінуінің айғағы, – деді Нұрлыбай Наурызбаев.

Форумның күн тәртібіне сәйкес қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.Есмұрзаева, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымының орынбасары Г.Нүсіпбекова, «Нұр Отан» ХДП бақылау комиссиясының мүшесі М.Жаппасбаева баяндама жасады. Жарыссөзге №3 кәсіби-лицейдің оқушысы Е.Оберст, №16 орта мектептің оқушысы М.Байтенова, жас мамандар қатысып, ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.

– Тілімізбен қатар мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді де естен шығармауымыз керек. Бәрін қатар алып жүргенде ғана тіліміздің мәртебесі артып, ұлтымызды сақтай аламыз, – деп тың ой қосты ҚарМУ-дың ІІІ курс студенті Айжан Садырбаева. Басқа да шығып сөйлеген жастар өздерінің тіл мерекесіне бей-жай қарамайтындарын білдірді. Олар өз замандастарын ана сүтімен берілген тілдерін қорламауға, құрметтеуге, бір-бірімен тек қана ана тілінде сөйлеуге шақырды.

Форум жұмысын аяқтай келе өз қарарын қабылдады. Онда көрсетілген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне «Қазақша сөйлесейік» акциясы аясында жастар арасында іс-шаралар өткізу, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерімен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты айдармен хабарлар жүргізуді «СТА» мен «Шарайна» газеті қарастыру, «Қазақ тілі» қоғамы қала жастарымен, «Жас Отан» ЖҚ тығыз қарым-қатынаста бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы ұсыныстар бірауыздан қабылданды.

Тіл мәселесі өте нәзік, ол зорлықпен емес, тек шынайы ынтамен шешілетін шаруа.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бірігіп, сатылап жүзеге асырсақ, бұл біздің болашағымызға қосқан, Тәуелсіздігімізге қосқан үлесіміз болмақ. «Келешек жастардікі» деп күні-түні айтып жатырмыз. Сол жастардың қандай екендігінен, алдыңнан қай тілде сөйлеп шығатындығынан еліміздің болашағы шешіледі. Сондықтан да жастар өзінің дінін, ұлтын сатпайтын, Қазақстанды сүйетін, намысшыл, адал, әділ, тілін құрметтейтін азамат болулары керек, соған тәрбиелеу керек. Осындай жастардың қолындағы Қазақстанның болашағы жарқын болары сөзсіз. Жастар – жаңа заманның иесі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жаңашыл қазақ жастары тіліміздің жанашыры болуға міндетті. Сонда біз елу елдің қатарында ғана емес, алдында жүреміз.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.