«Көңілашар» қолдайды, шыңдайды

Қала жастарының пайдалы іспен айналысуына және уақыттарын тиімді өткізулеріне көңіл бөлу мақсатында 2010 жылы «Көңілашар» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын бастады. Бірлестік жастардың бойында қазақтың шешендік өнерін дамытып, тіл байлығын молайтуға, қоғаммен қарым-қатынас жасау әдебін қалыптастыруды қолға алды.

Алғаш құрылған жылдары жастардың жанашыры болған бұрынғы қала басшысы Қанат Балмағамбетов атындағы кубоққа пікірсайыс ойындары өткізіліп тұрды. Екі-үш жылдың ішінде қоғамдық ұйым өзінің жұмыс істеу ауқымын жаңа жүйеде көрсете білді. Соның бірі – Көңілді тапқырлар клубы ойыншыларын сахнаға шығару. Мектеп оқушыларынан, студенттерден, еңбек ұжымдарынан құрылған командалар «Жайдарман» ойындарына дайындалды.

Қазіргі таңда ойынға құлшыныс білдіріп жүрген 400-ден аса жастар бар. Соның ішінен үздік ойын көрсетіп жүргендер облыстық, республикалық лигалардың құрамына ілікті. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Қазақстан Қарағанды» арнасының ұйытқы болуымен өтіп жатқан ойындарда біздің топтардың да өнері сыналуда.

Бірлестіктің ұйымдастыруымен, қалалық әкімдіктің қолдауымен былтырғы жылы қаланың 40 жылдығына арналған республикалық «Жайдарман» КТК ойындарын өткіздік. Әр жылдары мектеп лигасын, студенттер құрамасын дайындаудан бөлек Жезқазған кентіндегі отбасы түріндегі М.Құлышева атындағы «Балалық шақ» балалар үйі мен «Мерей» балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алдық.

Бұл балалардың да дарындары республикалық чемпионаттарда сыналды. «Мерей» және «Айран» командалары чемпион атанғанын көзі қарақты оқырман біледі.

Бірлестіктің 2014-2016 жылдарға арналған жоспарында жоғарғы лигада өнер көрсету үшін студент жастар арасында көңілді тапқырлардың ойынын өткізу тұр.

Бір айта кетерлігі, кейде ата-аналар балаларының КТК ойындарында ойнауға қарсылық білдіріп жатады. Баланың жан дүниесі осы жанрды қалап тұрса, оған тосқауыл болудың қажеті жоқ. Қайта, баланың хоббиіне мән беріп, бұзақылыққа барар жолдан аман алып қалғандарыңыз жөн.

«Көңілашар» орталығына келіп, әзіл-сықақ жанрын серік етіп жүрген жастардың көбісі шығармашылық шыңдалудан өтіп, әзіл-қалжың арқылы қоғамдық мәселелерді көтеріп жүр.

Біздің бірлестік дарыны бар жастарды қолдап, шыңдауға әрқашан да дайын.

Батырлан Сейтжаппаров, «Көңілашар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Комментарии закрыты.