Мерейлі медбике

20140214-12-02Құрметті «Шарайна» газетінің редакциясы!

Мен өзім Ұлытаудың тумасымын. «Қыз дәм бұйырса қайда кетпейді» дегендей, бүгінде Екібастұзда тұрып жатырмын. Қашықта жүргендіктен бе, ел жаққа елеңдеп, интернет, теледидардан хабар іздеп отырамын. Жақында «Шарайнаның» сайтын тауып алып, қаланың тыныс-тіршілігі жайлы біліп отыратын болдым. Газет бетінде қаланың өсіп-дамуына үлес қосқан жандар туралы мақалаларды оқып, кеншілер қаласының медицина саласына елеулі еңбек қосқан, қала әкімінің «Жан ізгілігі» сыйлығының иегері әпкем Әлия Сәрсенбаева жайлы жазуды жөн көрдім. Бүгінде Әлия зейнеткерлік жасқа толып отыр. Мүмкіндік болса, хатымды жариялауларыңызды өтінемін.

Әркімге өз туысынан артық жан жоқ қой! Дегенмен, жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген де сөз бар. Сәрсенбаева Әлия Ахметқызы Ұлытаудың баурайындағы Сарлық селосында қарапайым отбасында дүниеге келді.

Әкеміз Ахмет пен анамыз Қадиша екеуі жеті баланы ешкімнен кем қылмай, еңбексүйгіш, тиянақты, атқарған ісіне жауапты болуға тәрбиеледі. Соның арқасында ұлдары Жұмағали мен Мұқан еңбектерімен елге сыйлы болып, қыздары бір-бір отбасының тұтқасы болып өсіп-өніп отыр. Марқұм әкеміз бір күні түс көріп, түс жорытушыға барғанын есіне алып отырушы еді. «Осы Әлеш дүниеге келерде, түсімде әп-әдемі жаңа белбеу буып алыппын, белбеудің үш-төрт шашақтары бар екен, соны айтқанымда, түс жорушы: «келіншегің қыз бала туады екен, бірақ, ұлға бергісіз және одан кейін тағы үш-төрт қыз дүниеге келеді екен, олар да несібелі болады екен» деп еді, сол айтқаны дәл келді. Қыздарым ешкімнің ұлдарынан кем емес» деп отыратын.

Айтқанындай, Әлия алғыр, ұғымды болып өсті. Анамыз он саусағынан өнер тамған шебер кісі болатын. Қасқыр, түлкі ішік, тымақтан бастап, шәлі тоқу, құрақ көрпе, кілем тоқу сияқты қолөнермен айналысатын. Осы өнерін қыз балаларына да үйретіп отыратын. Әлиясы, Ғалиясы, Жеңісі іскерліктен құралақан емес.

Әпкем мектеп бітірген соң Қарағанды қаласындағы дәрігерлер институтына барған, жолы болмады. Сәті түсіп оқуға түсіп кеткенде білікті бір маман болып шығатыны сөзсіз еді. Ауылда медбике болып жұмыста жүргенде ауылдық кеңеске хатшылық қызметке шақырды. Осы аталған қызметті ер-азаматтармен қатар абыроймен атқарды, үш рет аудандық мәслихатқа депутат болды. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық станцияда қызмет істеген жылдары да елеусіз қалған жоқ. Марқұм жолдасы Шәріптің өмірі қысқа болды. Әкелері қайтқанда ең кішісі 10 жаста, үлкені 17 жаста ғана болатын.

Әкелерінен жастай қалған 4 баласын өсіріп, жоғары білім алуларына жағдай жасап, қатарларынан қалдырмай оқытты. Қазір Мәншүк, Маржан, Алмас өз мамандықтары бойынша қызмет атқаруда.Ал, Марғұлан – студент, оқу озаты, болашақ – тіл маманы. Әпкем қайын сіңлілері мен қайындарына да өз бауырларындай қамқор бола білді.

Біздер үйіне барғанда, қалтасындағы соңғы теңгесін оларға ұстатып жататын. Жездеміздің іні-қарындастары қазір балалы-шағалы, бір-бір шаңырақ иелері. Әлия жеңгелеріне «тәтелеп» тұрады. Өткен жылы дүниеден озған марқұм енесі Ғайныш құдағиымыз да кісі жатырқамайтын, қолы ашық жан еді. Атасы қайтқаннан кейін әпкем мен енесі бір-біріне сүйеніш бола білді.

Ауданнан қалаға көшіп келгенде де өз бауырларына, қайындарына өзіне жақын жерден үй алуларына, оқуға түсулеріне ақыл-кеңес беріп отырды.

Балаларын тәрбиелей жүріп қызметін де қалдырмады. Жұмысына жауапты, тиянақты, ұжымында да сыйлы жан. Сәтбаев қаласындағы №5 отбасылық дәрігерлік амбулаторияда медбике болып ұзақ уақыт еңбек етті. 2013 жылы қала әкімінің «Жан ізгілігі» номинациясын жеңіп алды, бірнеше рет мерекелік марапаттар алды.

Бүгін, міне, зейнеткерлік жасқа да келіп жетті.

Мен үшін үлгі Әлия әпкемді жаңа жылмен және зейнеткерлік жасқа толуымен құттықтаймын. Шаңырағына шаттық, құт-береке, бақ, дәулет тілеймін. Ұл-қыздарының денсаулығы мықты болып, ел сүйсінер азаматтар болсын, зейнеткерліктің жемісін көр демекпін.

Мейрамкүл Арымбекова, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы.

Комментарии закрыты.