Бабалар рухына бағышталды

«Сарысу» өзені бойындағы «Баймырза-Жаман ата» бейіті басында Найман руы, Қарабала атасы, Бодық руының үрім-бұтақтары ата-бабаларының әруақтарына арнап ас берді. Кезінде ашаршылық, конфискация заманында туған жерін, жиған-тергендерін, бар қолдағы малдарын тастап Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз, Ауған жерлеріне қоныс аударып кеткен ағайындар заман тынышталған кезде ел аумағына жинала бастаған. Тағдыр тәлкегіне түскен Бодық руының ұрпақтары бүгінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, Өзбекстанда және осы аумақтарда тұрады екен. Осы асты ұйымдастырушылардың арқасында жер-жерден туған-туыстар жиналып, ата-бабаларының басына құран оқытып, талай жылдан бері бірін-бірі көрмеген ағайын-туыстар құшақ жая кездесті.Осы аруақтарға құран оқытып, ас беру келесі ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деп Жезқазған қаласы мешітінің бас имамы Нұрлан қажы аруақтарға құран бағыштады.

Осы өткен асты деректі фильмге түсіруге «Қазақфильм» киностудиясының операторлары келіп бастан-аяқ таспаға түсірді.

Бодық ата руының азаматтарының қызметтеріне алыс жерден келген ағайындары ыстық ықыластарын білдіріп, игі істі жалғастыруды өскелең ұрпаққа аманат етіп, ризашылықпен тарқасты.

Сапархан Исахов.

Комментарии закрыты.