Жігерлі жастар – нұрлы болашақ

20140214-03-01Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауындағы барлық Стратегиялық бағыттардың жүзеге асуына жастардың күші керектігін және бұл бағдарлама Қазақстанның болашақ жастары үшін маңызды деген болатын.

Елімізде және облысымызда жастар саясатының жүзеге асырылуына кенді қаланың да қосып отырған үлесі айтарлықтай.

Жақында Жезқазған аймағына, оның ішінде Сәтбаев қаласына атбасын тіреген Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай №16 орта мектепте жастармен жүздесіп, толғандырып жүрген сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады.

Кездесудің тізгінін қала басшысы Әнуар Омар өзі алып, жиынның маңыздылығына тоқталды.

– Елімізде «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының іске асырылып жатқанын барлығыңыз жақсы білесіздер. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясының басым бағыттарының бірі ретінде жастар саясатын жүзеге асыруға басымдық беру болашақтың нұрлы жолы екенін баса айтуда.

Қала жастарының басын құрап, жиын өткізудегі бірден-бір мақсатымыз – бүгінгі тәуелсіз қазақ елінде жастарға жасалып жатқан қамқорлықты түсіндіре отырып, мазалап жүрген сұрақтарға жауап беру, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуын бір жүйеге келтіру мақсатында қаламызда 2012 жылы жастар бастамашылдығы орталығы құрылған болатын. Орталық қала жастарының басын біріктіру және қоғамдық жұмыстарға тартумен шұғылданып келеді.

Осы орталыққа жаңадан басшылыққа келген Нұрлыбай Наурызбаев 2013 жылы атқарылған жұмыстарды саралай келе, 2014 жылға жоспарланған іс-шаралармен таныстырды.

– Қазіргі таңда жастар бастамашылдығы орталығының 2014-2016 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленген. Қала жастарының әлеуметтік жағдайын, белсенділігін арттыруға септігін тигізетін тұжырымдама қала басшысының сараптамасынан өтіп, бекітілді.

Аталмыш тұжырымдаманың басты қағидасы – орталықты жастар ұйымының мақсат-мүдделерін қорғайтын, оларды әлеуметтендірудің әдістемелік, құқықтық және кеңес беру алаңына айналдыру.

Біз қазір орталық қызметін қайта құруды, волонтерлік қызметті дамытуды, жастарға кеңес беру қызметін және оларды әлеуметтік қолдауды жетілдіруді мақсат етудеміз. Сонымен қоса, бүгінгі күндегі өзекті мәселе – жастарды жұмыспен қамту саласында бірнеше жобаларды да қолға алып отырмыз. Жастарды тұрғын үймен қамтуда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесіп жас отбасыларымен ақпараттық-насихат шараларын өткізу, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін бірнеше форумдар мен фестивальдар ұйымдастыру жолға қойылуда.

Орталық қызметі жастар арасындағы құқық бұзушылықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға аса мән беріп отыр.Патриоттық тәрбие берудің де тиімді тетіктері қарастырылған.

Сонымен қоса, әр тоқсан сайын қала жастарының мемлекеттік жастар саясатына деген көзқарастарын білу үшін және жылына 2 рет жастар дамуының негізгі трендтері, жастар және дін, жастар және саясат сынды өзекті тақырыптарда әлеуметтік зерттеу жүргізу ісін де қолға алмақпыз, – деді баяндамашы.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жастар саясаты төңірегінде қалалық жастар мәслихатының хатшысы Қымбат Балғазина, С.Сейфуллин атындағы гимназияның 11 сынып оқушысы Анастасия Карфик өз ойларын ортаға салды.

Аймақтық жастардың басшысы Мирас Жанатбекұлы өз кезегінде жиналған жастарға бүгінгі күні барлық жағдайдың жасалғандығын, тек соны тиімді пайдалану керектігін баса айтты.

– Қазір біздің қоғамда жастардың мәселесі өткір де өзекті болып тұр. Жұмыспен қамту, баспаналы болу сынды мәселелерден бөлек, ақпарат дамыған заманда интернеттің әсерінен жат ағымға құл болғандардың қатары көбеюде. Біз Мәңгілік Ел боламыз десек, бірлігі бекем, тұтастығы мен татулығы жарасқан ұлт болуымыз қажет. Біріміз – оңға, біріміз солға тартып жатсақ ертеңгі болашағымыз не болмақ? Құрметті жастар, іні-қарындастарым, озық отыздыққа кіруді мақсат еткен еліміз үшін сендердің білімді әрі белсенді болуларың керек. Облыс бойынша жастар саясатын жүзеге асырудың бірден-бір негізі – өздеріңмен кездесіп, пікір алмасып, ұсыныстарыңды тыңдау, – деді М.Құттыбай.

Жылына бір келетін мұндай мүмкіндікті құр жіберіп алмауды ойлаған қала жастары да ұсыныстары мен сұрақтарын қоюдан қашпады. Жастар әсіресе, облыстан шалғай жатқан қалада облыстық деңгейде жастарға үлгі боларлық форум, жиындардың өткізілуіне мұрындық болуды сұраса, енді бірі білім ошақтарында 3-4 сыныптан бастап «Исламтану» пәнін енгізу керектігі жөнінде айтып, ой салды. Спортқа бейімді жастар спорт саласындағы мәселелерді қозғады.

Қала басшысы мен облыстық жастардың басшысы қатысушылар тарапынан көтерілген ұсыныстар ескеріліп, жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Кездесуді қорытындылаған Әнуар Серікбайұлы Мирас Құттыбайға жастармен кездесіп, олармен ой бөліскені үшін алғысын білдірді. М.Құттыбай өзі басшылық жасап отырған басқарма алдағы уақытта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда Елбасы жүктеген міндеттерді біріге атқаруға дайын екендігін жеткізді.

Кездесуден соң Мирас Құттыбай Жезқазған кентінде орналасқан отбасы түріндегі М.Құлышева атындағы «Балалық шақ» балалар үйінде болып, биылғы жылғы түлектерге басқарма тарапынан арнайы бағдарламалар бойынша оқуға түсуге жеңілдік қарастырылатынын және шәкіртақы тағайындалатынын жеткізді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.