«Жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту – ортақ міндет», — дейді Т.Сулейменов

20140214-05-01Елбасы өз Жолдауларында қазақстандықтарды патриотизмге үндейді. Биылғы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да біздің жеткен жетістіктеріміздің, мемлекеттік құндылықтарымыздың түп негізі Жаңа Қазақстандық Патриотизмде жатқанын баса айтты. Жаңа Қазақстандық патриотизмді дамыту ортақ міндет екенін жақсы түсінетін әскери саланың ардагері, қаламыздағы «Қанатты Ұлан» әскери клубының төрағасы Темірбек Сүлейменов өз ойын бізге былай деп жеткізген болатын:

– Шындығы керек, бүгінгі күні жастардың Отан алдындағы әскери міндетін өтеу мәселесі өткір тұр. Біз өсіп келе жатқан жас буынның бұғанасының берік әрі отаншыл болуына жағдай жасауымыз қажет. Спорттық секцияларға, клубтарға жаздырып, өмірге бейімдеумен айналысқан ата-анаға да, балаға да, қоғамға да ұтымды. Өзім 40 жылға таяу әскери салада еңбек еттім. Кеңестік кезеңде әр ата-ана өз баласын Отанын, елін сүюге, құрметтеуге аса мән беретін. Біз соның арқасында патриотизмнің не екенін жете түсініп өстік.

Зейнеткерлікке шыққан соң үйде қол қусырып отырмайын, тым құрығанда жастарды күшім жеткенше патриоттық тұрғыдан тәрбиелейін деп, 2011 жылы «Қанатты Ұлан» әскери клубын құрдым. Бұл клуб №25 орта мектептің қабырғасында сол жылдың қыркүйек айында өз жұмысын бастады. Алғашқы жылдары клубтың жұмысы баяу болды. Клубқа көбінесе колледждің студенттері, аракідік мектеп оқушылары келіп қатысып жүрді. Осы екі жарым жылдың ішінде клубтың жұмысы бір жүйеге қойылды. Арнайы оқу бағдарламасы бекітілген. Клубтың негізгі мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу. Бастысы, өзін-өзі қорғауға және ұқыптылыққа шақыру.

Қазіргі күні клубта 38 бала жаттығады. Әскери іс-қимылдардың біраз түрін меңгеріп алған жастар да бар. Клубтың мүшелері индустриалдық колледждің қабырғасында жаттығады. Соңғы жылдары жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, оған жаттығуға қажетті жабдықтар мен құралдар алынды. Әскери патриоттық іс-шаралар өткізілді. Бір өкініштісі, клубта жаттығатындардың көбісі орыс ұлтының балалары. Қазақ балаларының клубқа келіп, жаттығуға ынтасы байқала қоймайды. Дұрыс түсіну қажет, бұл клуб сен әскери маман боласың деп ешкімді дайындамайды. Тек өзіңді-өзің қорғау тәсілдерін үйретеді. Клубтың белсенді жастары қалалық әскери-патриоттық іс-шаралардың белортасынан табылып жүр. Облыстық әскери машықтандыру байқауларында клуб жастарының көрсеткен өнерлері ерекше деп бағаланған болатын. Және бір айта кетерлігі, мұнда келіп жаттығып жүрген жастардың көбісінің денсаулығында ақауы бар балалар. Олар әуелгіде жаттығуды ауырсынды, айлап үйренісе алмай жүрді. Клубқа келген бір баланың жүрегінде науқасы болатын. Тынбай жаттыққанның нәтижесі болуы керек, осы екі жарым жылдың ішінде ол өзін сергек әрі тың сезініп жүр. «Шынықсаң шымыр боласың» демекші, басқалар осы балаға қарап үлгі алса деймін. Мұндағы балалар тек жаттығумен ғана айналысып қоймайды, өздері би кештерін, әртүрлі сайыстар ұйымдастырып тұрады. Шағын клубта бас қосып, елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар төңірегінде ой бөлісіп, баяндамалар жасалады.

Алдағы уақытта клубтың жұмысын жандандыра түспекпіз. Егер қолдау болып жатса клубты әскери орталық деңгейіне дейін көтеріп, әскери машықтандыру ісіне көп көңіл бөлуді жоспарлап отырған жайымыз бар.

Күні кеше ғана Мәңгілік Ел идеясын жария еткен Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев жасалып отырған бағдарламалардың барлығы болашақ жастардың игілігі үшін деп қадап айтты. Болашақтың тізгінін ұстайтын жастарымыздың бойында ұлтына деген ұлы сезімі бұлқынып тұрса, қазақстандық патриотизмнің қоғамымызбен біте қайнасып жатқандығының дәлелі болары хақ.

Біздің жастар ел мүддесі үшін ұлы мұрат жолында аянбай еңбек етіп, қазақстандық патриотизмнің асқақ үлгісін көрсетеді деп сенемін.

Жазып алған Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.