Ұстаздар үшсайыста сынға түсті

20140214-05-02Биыл Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толып отыр. Осы айтулы оқиға қарсаңында кеншілер қаласында ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – қаламыздағы №16 орта мектепте өткен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің арасындағы аймақтық үшсайыс. Оған қанаттас жатқан қос қаланың мектептеріндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалім-ұйымдастырушылары қатысты. Аталмыш шараны ұйымдастыруға қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі ұйытқы болды.

Бірер жыл бұрын мектептердегі алғашқы әскери дайындық сабағы кенжелеп, назардан тыс қалған болатын. Алайда, болашақ Отан қорғаушыларды жастай тәрбиелеудің маңызы зор екенін байқаған білім министрлігіндегілер бұл жұмысты шындап қолға алып, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға да мән бере бастады. Соның нәтижесінде қазір мектептерде бұл пәннің әлеуеті артып келеді. Оған бүгінгі өтіп отырған байқау айқын айғақ.

– Жалпы, біздің қалада мұндай байқау жыл сайын өткізіліп келеді. Оған мұғалім-ұйымдастырушылар да, оқушылар да кеңінен тартылуда. Ал, биыл байқауды аймақтық деңгейде өткізуді қолға алдық. Сол үшін қанаттас жатқан Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданы мектептерінің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін шақырдық. Ауа райына байланысты Ұлытау ауданынан ешкім келе алмады. Ал, Жезқазған қаласынан 6 мұғалім-ұйымдастырушы келді, –дейді осы байқаудың басы-қасында жүрген №19 мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалім-ұйымдастырушысы Жаслан Джамахаев.

Сайыстың аты айтып тұрғанындай, мұғалім-ұйымдастырушылар үш түрлі байқау бойынша сынға түсті. Оның бірі – Калашников автоматын бұзып-жинау, екіншісі – оқшантайды оқтау, үшіншісі – нысана көздеу. Сайыс шарты бойынша мұғалімдер 40 жасқа дейін және 40 жастан жоғары болып екі топқа бөлінді.

Жарыс әдеттегідей салтанатты рәсіммен ашылды. Онда Сәтбаев қалалық әкім аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бейбіт заманда оқ пен оттың ортасында жүріп, өздерінің интернационалдық борыштарын абыроймен атқарған ауған соғысы ардагерлерінің ерлік істері кейінгі ұрпаққа – үлгі, өнеге. Биыл осы қаһарлы күндердің тарих тереңінде қалғанына ширек ғасыр толып отыр. Әйтсе де, біз олардың ерлігіне әркез бас иеміз. Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шара да соның айқын дәлелінің бірі. Бұл істің ұрпақтар үшін тағылымы да мол болмақ, – деп түйіндеді өз сөзін Гүлмира Таңсықбаева.

Жалпы, үшсайыс тартымды да тартысты өтті. Намысты қолдан бермеуге тырысқан ұстаздар барын салып бақты. Біреулері нысананы дәл көздеп, мейлінше мол ұпай жинап жатса, енді бірі мүлт кетіп жатты. Мылтықты бұзып-жинау мен оқшантайды оқтауда да бірі уақыттан шығып кетіп жатса, енді бірі бұл істі санаулы секундтарда тындырып жатты. Осылайша жарыс та мәресіне жетті.

Әрине, жарыс болған соң жеңіс те бар, жеңіліс те бар. Бір қуанарлығы, бұл байқауда жерлестеріміздің желі оңынан туып, жеңіс тұғырына көтерілуі болды. 40 жасқа дейінгі де, 40 жастан кейінгі де топ арасында сәтбаевтықтар сәтті қимылдап, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Олар байқаудың үш түрінен де үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, жүлделі орындарды иемденді.

Әрине, Жезқазған қаласынан келген қонақтар да осалдық танытқан жоқ. Өздерінің мықты қарсылас екендіктерін көрсете білді. Бірақ, бұл жолы олардың мүлт кеткен тұстары көп болды.

– Осындай жарыс ұйымдастырып жатқан сәтбаевтық әріптестерімізге айтар алғысымыз мол. Биыл бірінші рет аймақтық байқау өтіп отыр. Бұл іс алдағы уақыттарда да жалғасын табады деп сенеміз. Және сәтбаевтықтар эстафета жалауын бізге ұсынып отыр. Яғни, келер жылы жарыс біздің қалада өтетін болады. Сол жолы біз қарымта қайтарамыз деп ойлаймын, – дейді Жезқазған қаласындағы №8 гимназияның алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалім-ұйымдастырушысы Қанат Дастанов.

Жезқазғандықтарды «әттеген-ай» дегізетін жайттар да жоқ емес екен. Олар қаламызда мектептердің әскери дайындық сабағына ерекше мән берілетініне, материалдық базамыздың жақсылығына қызыға қарайтындықтарын жасырмады. «Бізде оқушыларға үйрететін қарапайым көрнекілік қару-жарақтар жоқ. Автоматты оқушылар тұрмақ, біздің өзіміз ұстап көрмейміз. Бүгін мылтықты бұзып-жинауда мүлт кетіп жатқанымыз да содан», – дейді олар.

Сонымен, жарыс та аяқталды. Жеңімпаздарға көрсеткіштеріне сай бірінші, екінші, үшінші орындар беріліп, мақтау қағаздары мен медальдар салтанатты түрде табыс етілді. Жарыстың ең басты жүлдесі – ауыспалы кубоктар өз қаламызда қалды. Ал, жарыстың жеңімпаздары таяуда Қарағанды қаласында өтетін облыстық байқауға барып бақ сынасатын болады.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.