Байытушылардың баптаушысы еді Қабекең

20140214-04-01Сарыарқаның сайын даласында осыдан 60 жыл бұрын жұмысшылардың шағын қаласы бой көтерді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1954 жылы 20 желтоқсанда Жезқазған қаласы құрылды.

Түсті металлургияның қарашаңырағы Қарсақбайға іргелес жатқан осынау бір байытушылардың қаласы 1973-97 ж.ж аралығында облыстық мәртебеге дейін көтерілді. Мысты шаһардың экономикалық-әлеуметтік жағдайы қарыштап дамып, ел экономикасына өз үлесін тиісті деңгейде қосып келеді.

Осы алпыс жыл ішінде мыс балқымасының алынуына бірден-бір себепкер болған Жезқазған байыту фабрикасы екені даусыз.

Былтырғы жылы іргетасының қаланғанына 60 жыл толған фабриканың бірінші кезеңінің құрылысы 1953 жылдың желтоқсанында толық аяқталып, осы айдың 22-і күні кен тиелген вагон алғаш рет фабрикаға атбасын бұрады.

Сөйтіп, фабриканың №1 бас корпусы бірінші секциясы жұмысын нәтижелі бастап кетеді. Ал, 1954 жылы фабрика секция бойынша жұмыс жасауды қолға алады. Осы жылдың наурызында – екінші, шілдеде үшінші секция қосылады. Ал, 1955 жылдың ақпанында төртінші секцияның жұмысы жолға қойылады.

Аймақтағы бұл іргелі өндіріс орнына әр қаладан білікті мамандар тартыла бастайды. Кен игеруде жаңа тың тәсілдерді игере бастаған кезде кейбір институттар қуатты №2 фабриканы іске қосуды жөн санайды. Сөйтіп, 1958 жылы оның құрылысы басталып кетеді.

Осы фабрика іске қосылысымен Қарсақбайдағы кен байыту фабрикасы өз жұмысын тоқтатады. Ондағы балқыту ісінің білгірлері «Жезқазғанда қуатты фабрика ашылып жатыр, онда мамандықтың қыр-сырына қаныққан мамандар керек екен» деген жаңалықты естісімен көбісі осында бет алады.

Солардың қатарында мақалаға арқау болып отырған менің кейіпкерім де бар.

Қарсақбайда мыс балқымасының алыну тәсілін меңгеріп, Жезқазған кен байыту фабрикасының басшылығына дейін көтерілген Қабжан Күсеновты аймағымызда танымайтын адам аз шығар.

Ол жайында жұрттан сұрай қалсаңыз қарапайым, білімді, бастысы ұлтжанды азамат ретінде есте қалғандығын айтады.

Жез мұхиттың желкеніне айналған Жезқазған қаласының дамып, өркендеуінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қ.Күсеновтың де еңбегі орасан. Өзі өмірден өтіп кетсе де ел-жұрты оны еліне жасаған еңбегі арқылы есте сақтап қалды.

Асыл азамат жайында Жезқазған қаласының мерейтойы қарсаңында сыр шерткенді жөн санадық.

Қабжан Күсенов 1936 жылы Ұлытау ауданының Қарабұлақ колхозының құрылуына басшылық жасаған Қасым ақсақалдың отбасында дүниеге келген. Әкесі Қасым қай шаруаның болмасын ебін тауып, ел арасына сыйлы болған жан дейді көпшілік. Колхоз құрылғанда жылқы фермасын түлеткен Қасекеңнің ел аузында тағы бір жақсылығы қалған. Соғыс жылдарында Қарабұлаққа тоған салу ісіне өз ақыл-кеңесін беріп, қолдаған осы Қабжанның әкесі болған екен.

Жалпы Қабжанның еңбекқор, білімпаз болуына әкесі Қасымның ықпалы мол болған. Әке тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Қабжанның жаны жақсылыққа алып ұшып тұрады. Ол сол жақсы мінезімен ел аузында қалды.

Ауылда оң-солын таныған бала Қабжан Қарсақбайға алғаш рет бірінші сыныпты аяқтаған соң келеді. Қарсақбай ол кезде үлкен аудан болатын. Алып мыс өндіру ошағына айналған зауыттың да атағы Одақ бойынша шығып тұрды. Қабжан Қарсақбайдағы №1 Ж.Жабаев атындағы мектепте білім алып, ұлағатты жандардың тәлімін көріп өседі.

Ол кезде бұл білімнің қарашаңырағы Ұлытау аймағындағы іргелі оқу орны болатын.

Қабжан мектепте оқып жүргенде география пәнінен қатарластарынан озық болды. Географ болсам деп армандайды. Бірнеше рет жоғары оқу орындарына құжат тапсырып көреді. Алайда, жолы болмай, Қарсақбайға қайта келіп, Мырзахмет көкесінің ақылымен байыту фабрикасының табалдырығын аттайды. Сөйтіп, Қ.Күсеновтың байытушы-инженерлік жолы басталып кетеді. Әрине, ол инженерлік дәрежеге бірден көтерілген жоқ. Мектеп қабырғасынан жаңа шыққан тәжірибесіз жасқа фабрикаға табан тіреу оңай болмайды. Дәл осы сәтте Қарсақбай фабрикасында тотыққан кенді байыту алғаш рет қолға алынады. Жаңа тәсілді енді меңгере бастаған байытушыларға Қабжан көмегін беріп жүреді. Сұйық концентратты лентамен тасып қалыпқа келтіреді. Қабжанның атқаратын жұмысы – төгілген концентратты қолына күрек алып тазалау. Еңбек ете жүріп фабриканың жұмысына төселіп, осындағы жұмыскерлерге бауыр баса бастайды. Осы сәтте Қабжанның ойына байытушы болу орала береді. Сөйтіп, Магнитогорскінің кен байыту институтына құжаттарын өткізеді, емтиханнан ойдағыдай өтіп студент атанады. Еңбек жолын қайта жалғастырып, тәжірибе жинақтайды. Басшылар енді Қабжанға өндірістік жауапты жұмыстарды жүктей бастайды. Келе-келе бригадирлік тізгінді қолына алады. Еңбегімен көзге түскен Қабекеңді басшылар ауысым бастығына дейін көтереді. Алпысыншы жылдың ортасына дейін Қарсақбайда еңбек еткен Қабжан Жезқазғанға келеді. Ол фабрика басшыларынын ұйғарымымен №2 бас корпустағы техникалық ауысымда бригадир, кейін ауысым шебері болады. Ол басқарған бригада үнемі алда болады. Оның ауысымы фабрика бойынша бірінші болып секцияларды іске қосады. Күсенов еңбегіне қарай озат ауысымның жетекшісі атанады.

Еңбекте – абыройлы, тапсырылған іске тиянақты Қабекең қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүреді. Өзінің қызметінен бөлек, бас ғимараттың партбюросының хатшысы қызметін атқарады. Фабрика парткомының мүшесі болады. Фабриканың партком хатшысы болып сайланғанда, сол кездегі Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, қоғам қайраткері, ақын марқұм Кәкімбек Салықов оған көп сенім артады. Сөйтіп, Алматыдағы Жоғарғы партия мектебінде оқып, бұл саланың да қыр-сырына қанығады. Кәсіпорынның партком хатшылығынан қалалық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары және Жезқазған кен-металлургия комбинаты партия комитетінің хатшылығына ауысады. Осы еңбек жолында да абырой биігінен көрінеді. 1985 жылы Қ.Күсеновты комбинаттың басшылары фабрикаға басшы етіп тағайындағандықтан, өзі қанат қаққан кәсіпорынға қайта оралады. Оны басшылыққа әкелген еңбекқорлығы мен адалдығы еді.

Фабрикаға басшы болып келгенде ол ең алдымен кәсіпорындағы ескірген қондырғыларды ауыстыру мәселесімен айналысады. Бұрын тарелкалы питательмен жұмыс істеп келген балқыма құю ісі енді ленталы конвейерлермен алмастырылады. Ленинградтан шыққан «КИД» ұнтақтау машинасын өндіріске қосуда мақала кейіпкерінің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның сыртында фабрикада тазалық пен тәртіп орнатып, айналасын көгалдандыруға аса мән береді. Одақтық түсті металлургия министрінің орынбасарлары бірнеше мәрте келіп, Қабжанның бұл ісіне оң бағаларын береді.

Оның басшылығы тұсында желдің, судың әсерімен тотыққан кенді өңдеу технологиясы қолданысқа енеді. Бұл оның Магнитогорскіде оқып жүргенде қорғаған дипломдық жұмысы болатын. Оны тек қағаз бетіне түсіріп қана қоймай, іс жүзінде іске асырған да Қабжан еді.

Қ.Күсенов Жезқазған фабрикасын отыз жылдан аса уақыт басқарған алғашқы қазақ азаматы екенін бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.

Өзі басқарған ұжымы оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XXVI шақыртылымының депутаттығына сайлайды. Бұл жолда да азаматтық ұстанымын көрсетіп, елге танымал азаматтармен ой-пікірін бүкпесіз бөліседі. Өзінің бір естелігінде «Жоғарғы Кеңеске депутат болғанда мен үшін ұмытылмастай есте қалған оқиға, бұл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның қабылданғаны» деп жазады.

Білімі мен білігін өміріне азық еткен асыл азамат жан-жақтылығымен есте қалған. Ол тек өндірістің ұйымдастырушысы ғана емес, өнерден де, әдебиеттен де хабары бар жан болды. Өнер саласының майталмандарымен қатар жүріп, олардың өнеріне сүйіспеншілікпен қарайды. Әсіресе, қазақтың маңдайына біткен атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов пен халық жазушысы Ғабиден Мұстафинмен және бірнеше зиялы қауым өкілімен кездесуі, олармен ортақ тіл табыса білуі – оның жайсаң мінезді жан екенін аңғартады.

Тегіне тартып текті болған Қабжан ағаның Жезқазған қаласына сіңірген еңбегін Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атағының, ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған медалінің берілуінен анық байқаймыз.

Қабжан әкей құдай қосқан қосағы Розамен бірге екі қыз тәрбиелеп, өсірген.

Мысты шаһардың гүлденіп, дамуына үлес қосқан Қабжан Күсенов 2010 жылы 74 жасында өмірден өтті. Алайда, асыл тұлғаның артында елі мақтана айтып жүретін ісі қалды.

Бағдат Қазкенов. Деректер Қ.Күсеновтың жеке қорынан алынды.

Комментарии закрыты.