Отан алдындағы антқа адалдық

20140214-02-04– Ауған соғысы жайлы бүгінде әркім әртүрлі айтады. Әртүрлі саяси астар беруге тырысады. Бірақ, біз, қатардағы жауыншгерлер, өзіміздің Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтедік. Өзіміз қабылдаған антқа адал болдық. Осы жолда қаншама боздақтар қыршын кетті?! Қаншама жас жігіттер бейбіт заманда еліне жарымжан болып оралды. Әйтсе де, олар өздерінің интернационалдық борыштарын абыроймен атқарды. Кешегі біздің әкелеріміз бен ағаларымыз да осылай істеді. Өздерінің ерліктерімен, сертке селкеу түсірмеген адалдықтарымен үлгі болды. Біз де өзімізден кейінгі жастарға сондай патриоттық үлгі қалдырдық деп айта аламыз, – дейді ауған соғысының ардагері Берік Әлібаев.

Берік 1987 жылы 21 мамырда сол кездегі Жезді аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылыпты. Алты ай Әзірбайжан жерінде, Таулы Қарабақта әскери жаттығудан өткен.

– Біз өзіміздің Ауған жеріне, сондағы түрлі жорықтарға қатысатынымызды білдік. Рас, бойымызды үрей билегені де жасырын емес. Әйтсе де, намысымызды қайрап, жігерімізді жаныдық, – деп еске алады Берік сол бір үрейлі жылдарды.

1987 жылдың 1 қазанында Беріктер Гардез қаласындағы №56 десанттық шабуылдау батальонының бригадасына келіп кірді. Бұл бригада Кеңес әскерлерінің бекеттері мен қару-жарақ, азық-түлік тасып жүрген керуендерге тұтқиылдан шабуыл жасайтын дұшмандардың топтарын жою жорықтарына жиі шығып тұратын. Осы батальонда жүріп Берік Әлібаев бірнеше рет дұшмандармен болған ұрыстарда жаумен бетпе-бет шайқасты. «Хрост», «Долина» деп аталатын операцияларға қатысты.

– Гардезге алғаш келген күні-ақ мұндағы жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын байқау қиын емес еді. Жергілікті тұрғындар бізге өшпенділікпен қарайтын. Бетімізге күліп тұрғанымен, сырт айнала берсек ту жонымыздан қанжар сұғуға әзір еді, – дейді Берік Ауған жеріндегі арпалыстарды еске ала отырып.

Берік Арыстанбайұлы, өзі айтқанындай, антына адал, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Старшина шенін алып, бөлімше командирінің орынбасары болды. Әскери жорықтар мен кескілескен ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Әскери қызметі үшін» және «Үздік әскери қызметі үшін», «Ізгілікті Ауған халқынан жауынгер-интернационалистке» медальдарымен марапатталды. 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерлері Ауған жерінен шығарылғанда сол құрамалармен бірге елге оралды. Бүгінде еңбек майданында тер төгіп жүр.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.