Жәрмеңкедегі жағдай қалыпты

Осы жолғы ауылшаруашылық жәрмеңкесін тұрғындар асыға күтті десе де болады. Оған бір себеп алдыңғы екі сенбіде ауа райының қолайсыздығына байланысты жәрмеңкенің өтпей қалуы болды. Ал, екіншіден, елдің елеңдегені бағаның өсуі еді. Жәрмеңкеге келгендердің бағаның бұрынғыдай екенін көріп күдіктері сейіліп, көңілдері көтеріліп қалды.

Атап айтсақ, 1кг сиыр етінің бағасы – 1000 теңге, қой еті – 900 теңге, картоп, сәбіз, қырыққабаттың келісі 80 теңгеден, алма сұрыпына қарап – 230-250, мандарин 180 теңге болды. Бір-ақ жерде сатылғандықтан болар, қызылшаның келісін 130 теңгеден түсірмеді.

– Жергілікті кәсіпкерлер мен маңайдағы шаруа қожалықтарының қатысуымен бұл жолы 3 тонна сиыр еті, 1,5т. қой еті сатылды. Картоп 3 тонна, сәбіз 1 тонна, 4000-дай жұмыртқа, сүт және сүттен жасалған тағамдар сатылды. Жалпы алғанда 3,1млн. теңгенің өнімі сатылып, тұтынушылар 465 000 теңгесін үнемдеді, – дейді ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы А.Әбілқасымов.

Бір байқағанымыз, жәрмеңкеде көкөніс, жеміс-жидек екі нүктеде ғана сатылды. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше, сатушылар тауарларын үсітіп алудан қорқып шықпаса керек. Ол да дұрыс шығар, дегенмен, бағаның өспегенін көрген халықтың көңілі толып қайтты жәрмеңкеден.

Елбасы мемлекеттік органдарға әлеуметтік тауарлар бағасын негізсіз өсіруге жол бермеуге байланысты тапсырма берді. Осыған орай, қалада арнайы штаб құрылып, жұмыс істеуде. Жәрмеңкедегі бағаның қалыптылығы да осы жұмыстардың нәтижесі болса керек.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.