Жас Буын және Даму

Жас буын – біздің келешегіміздің кепілі. Елбасы салған сара жол – «Қазақстан-2050» Стратегиясының өз мәнінде жүзеге асып, еліміздің дамуына тікелей ықпал ететін де осы жас буын. Ұзақмерзімді бағдарламаны негізге ала отырып, еліміздің әлеуеті мен мәдениетіне күштерін сарқа жұмсайтын жастарға сол Стратегияның мәнін түсіндіруге ұмтылыс жасалуда. Оның бір парасы Сәтбаев қаласында да жүзеге асырылып отыр.

Оқушылар сарайында жастар арасында «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді Стратегиялық құжатындағы еліміздің даму тенденцияларын түсіндіруге және сценарий жазуға, шағын топтамалар түсіруге, режессураға баулу мақсатында бейнероликтер байқауы өтті.

Байқауда мектеп оқушылары «Астана-2050», «Мектеп-2050», «Оқушы-2050» номинациялары бойынша өздері дайындаған 40 секундтық бейнежазбаны ұсынды.

«Астана-2050» номинациясына ұсынылған бейнероликтердің саны көп болғанымен, сапасы сын көтермеді. Оқушылардың өз қиялынан гөрі қайталама, көшірме көп болды. «Бойдағы мін айтса түзеледі» демекші, алдағы уақытта әсем Астананың одан сайын гүлденуіне өзіндік қиял-ғажайып ойы бар жастар идеяларын ортаға салып жатса құба-құп.

Ал, екінші және үшінші номинацияларда балалардың қиялы мен өзіндік ойлау қабілеттері бірден жарқ ете көрінді. Бірі білім ошағының 2050 жылы толық компьютерлендірілген жүйеде жұмыс істеуін армандаса, енді бірі өзіндік білім беру жүйесінің тереңдей түсетініне сеніммен қарайды.

Әрине, сайыс болған соң жеңімпаздың болары хақ. Қазылар алқасы ақылдаса келе тек «Мектеп-2050» номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапаттады.

Бейнеролик байқауындағы шығармашылық қабілеттері үшін №14 М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары ІІІ орынды қанжығалады. Жүлделі екінші орынды Жезқазған кентіндегі №2 орта мектеп пен Сәкен Сейфуллин атындағы гимназия өзара бөлісті. Ал, байқаудың үздік бейнеролигі деп танылыған №3 және №16 орта мектеп оқушыларының еңбегі І орынға лайық деп танылды.

Байқауды ұйымдастырған «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.