Жүлделі атанды

20140221-07-3Ақпан айының басында Жезқазған қаласында әскери самбо күресінен ересектер арасында ашық біріншілік өтті. Аталмыш додаға Қарағанды облысының барлық аймағынан 150-ге жуық спортшылар қатысты.

Бұл жарыста Сәтбаев қаласының мәдени-сауықтыру спорт орталығының 11 тәрбиеленушісі бақ сынасып, олардың тоғызы жеңімпаз атанды.

Сайыс қорытындысына сәйкес, жалпыкомандалық есепте Сәтбаев қаласының құрамасы І орынға ие болды. Оның ішінде, 62 келі салмақта І орынды Мадияр Қалмағанбетов, ІІ орынды Асхат Наурызбаев иеленсе, 52 келі салмақта І орын – Дамир Болатов пен ІІІ орын Азамат Дүйсендинге бұйырды. Сондай-ақ, 68 келі дәрежесінде ІІ орынды Рухан Алиев қанжығасына байласа, 57 келі салмақта ІІІ орынға Валерий Асадов ие болды. Ал, 74 келі салмақта І орынға Қайрат Исаев және ІІ орынға Неймат Асадов табан тіреді. Сонымен қатар, 82 келі дәрежесінде күш сынасқан Андрей Ковтунов ІІ орынмен марапатталды.

Іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен барлық спортшылар Талдықорған қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.