Жанболат пен Диас — біздің чемпион

20140221-07-2Мәдени-сауықтыру спорт орталығының жас дзюдошылары кезекті республикалық чемпионаттан жүлдемен оралды. Ақпан айының 7-9 аралығында Атырау қаласында өткен 1997-98 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 50 кг салмақта боз кілемде белдескен Омар Жанболат І орынды, Әшім Диас ІІ орынды еншілеп қайтты.

Қалада спорттың осы бір ауыр түрінен шәкірт тәрбиелеп жүрген жалғыз қаракөз қызымыз Кенжезәру Қашқынованың әдіс-тәсілін меңгеріп жүрген екі чемпионнан бөлек бұл сында екі жас спортшы бақ сынапты.

Мұнайлы өлкеде өткен байрақты бәсекеге еліміздің 14 облысы мен екі қаласы – Астана, Алматыдан 600-ден аса жасөспірім қатысып, күш сынасты. Қазақстан Республикасының денешынықтыру істері агенттігінің ұйытқы болуымен өткен чемпионатта асығымыз алшысынан түсті. Сөйтіп, екі палуан Мәскеу мен Түркияда өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.

Чемпионатқа іріктеу Теміртау қаласында өтіп, облыстық іріктеуге 8 шәкіртім қатысқан болатын. Алайда, бақ пен бап қатар сынға түскен сәтте 4 шәкіртім ел чемпионатына жолдама алған еді. Чемпионатта екі тәрбиешім сенімімді ақтап, бірі – алтыннан, бірі күмістен алқа тағынды.

Жалпы алғанда, өзім тәрбилеп жүрген жастардан мол жеңіс күтемін, – дейді жас чемпиондардың жаттықтырушысы К.Қашқынова.

Республиканың жас дзюдошыларының бабын сынға салған чемпионаттан жүлделі оралған Омар Жанболат Жезқазған гуманитарлық колледжінің ІІ курс студенті. Ал, Әшім Диас №16 орта мектептің 10 сынып оқушысы.

Қос чемпион: «алған асуларымыздан бағындырар биігіміз алда. Сол үшін көп жаттығып, Кенжезәру апайымыздың айтқанын қалт етпей, үнемі дайындық үстінде жүреміз», дейді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.