Мейірім әлеміндегі мереке

20140221-07-1Биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын тізбектеген Елбасы мүгедектер мәселесіне де ерекше мән берді. Олардың қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет.

Тумысынан тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың ішінде жас бүлдіршіндерімізге  ерекше қамқордың  болғаны олардың ақ парақ тәрізді жаңа өмірін жақсы арнаға бұрып, өмірге деген көзқарасын өзгертеді.

Қаладағы мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту орталығында бүгінде 200-ден аса мүгедек бала тәрбиеленіп жүр.

Демеу мен мейірім шуағын, жақсылықтың шарапатын қалап тұратын бұл бүлдіршіндерді Оқушылар сарайы қонаққа шақырып, мейірім әлемінде мереке көркін қыздырды.

Сарайдың мұғалімдері оларға әртүрлі ойындар ойнатып,  шат-шадыман күлкіге кенелтсе, оқушылары – Ислам мен Ильхам, Аида Құдайбергенова, Ақнұр Әбдіраманова, Қанат Мақсат, Аяулым Қайырбек  – әндерін тарту етті.

Бүлдіршіндердің көңілін көтерген  мерекелік шара соңында ұйымдастырушылар кішкентайларға тәттіден сыйлық үлестірді.

Концерттік бағдарламаға бала да, үлкен де риза болып, Оқушылар сарайының ұжымына алғыстарын жеткізді.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.