Кембридж бағдарламасы мектепте

20140221-04-4Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім беру мен тәрбиелеу іс-тәжірибесін Қазақстан мектептерінде жаппай қолданысқа енгізу туралы арнайы бағдарлама еліміздің білім саласына соны серпіліс, үлкен өзгеріс әкелді. Бағдарлама барысында Кембридж университетінің әлемдік деңгейдегі сындарлы оқыту әдістемелері ұстаздарға кеңінен таратылуда. Еліміздің барлық мектептерінің мұғалімдері Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында үшайлық үш деңгейлік тәлім алып, курстардан өтуде. Курстың жалпы мақсаты жаңа форматтағы жаңа үздік педагогтар дайындауға негізделді.

Сәтбаев қаласының мұғалімдері де біртіндеп осы курстық бағдарламаларды оқып-біліп, мол тәжірибемен шыңдалып келуде.

Жуырда №27 орта мектепте мектеп басшысы А.Аманованың шақыртуымен осы бағдарлама бойынша семинар өтті. Оған Кембридж университеті бағдарламасы бойынша арнайы тренерлерден І деңгейде тәлім алған №16 мектеп ұстазы Р.Бекетаева, ІІІ деңгейде тәлім алған жас мамандар С.Сурауханова, Б.Қиянбекова, Ж.Бекмұхан, Э.Қаратауова және №27 мектептің жас маманы Л.Сариева «Коучинг» (яғни, топ болып тәжірибе тарату дегенді білдіреді) шеберлік сабағын өткізіп, жаңалықтарды ұстаздар қауымына жеткізді.

Бұл курстың үш деңгейде оқытылуы мұғалімдердің еңбегі мен іс-тәжірибесіне байланысты. І деңгейде оқыған тәлім алушы ұстаздар мектептің даму жоспарына, желілік қоғамдастық әрекеттеріне араласады. ІІ деңгейде оқығандар мұғалімдерді, оқушыларды ұйымдастыру, олардың арасына тәжірибе таратуды ұйымдастырады. ІІІ деңгейде оқыған жас мамандар оқушыларға сындарлы оқытуды жеті модуль аясында жүзеге асырады.

«Коучинг» – тәжірибе тарату жұмысы топтық әрекет түрінде, іскерлік ойындар бойынша өткізілді. Ұстаздар меңгеріп келген «алты ойлау қалпағы», «Көбелек» шығармашылық жұмыс сағаты, логикалық ойлауға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдер қатысушылар қызығушылығын оятты.

Мектеп басшысы А.Аманова №16 мектеп мұғалімдерінің және өз мектебіміздің мұғалімі Л.Сариеваның осындай презентациялау жұмыстарына көңілі толып, оң бағасын берді. №16 мектептің Роза Бекетаева бастап келген жаңашыл мұғалімдеріне үлкен алғысын білдірді.

Ә.Құлашева, бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.