«Ауғанның от жалыны»

20140221-04-2Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай осы тақырыпта ардагерлермен кездесу өтті.

Өскелең ұрпақты өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі етуге, Ауған соғысында опат болғандардың рухына тағзым етіп, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған кешке құрметті қонақ ретінде жауынгер-интернационалистер Серік Садықов, Қайрат Амаралинов шақырылды.

Кештің барысында кешегі Ауғанстан жеріндегі сұрапыл соғысты көз алдына әкелетін «Пришел приказ» және «Вспомни Афган» атты бейнероликтер көрсетіліп, «Ерлік – ұрпаққа ұран» слайды ұсынылды. Қаламыздағы №1 мектеп-гимназияның 8 «Ә» сынып оқушыларынан құралған үгіт-насихат тобы ардагерлерге өлең жолдарын арнап, «Аман бол, ағаларым», «Атамекен», «Көк тудың желбірегені» т.б. патриоттық әндер орындады. Кеш қонақтары оқушыларға ерлік пен қайсарлықты талап еткен, қатаң кезеңде оқ пен оттың ортасында болған естеліктерін айтты. Өз кезегінде оқушылар да көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Ардагерлер жастардың келешекте Отанын сүйген ұл-қыз, ұлтжанды, ержүрек азамат болып өсулеріне тілектерін білдірді.

Кеш соңында «Жаралы жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Ардагерлерге кітапхана атынан шағын сыйлықтар табыс етілді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.