Шәкірттерге шындай биік

20140221-06-1Елі мен жерін сүйетін, қазіргі қоғамға лайық азамат тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер жауапкершілік жүгі әрқашанда салмақты. Өз кәсіби міндетін айқын түсініп, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұстаздар өмірдің қай кезеңінде де тау сияқты тұлғаланып қала бермек.

Осы орайда, өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртін білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік шуағын дарыта білген, білім ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз Байсалбаева Күлназия Жаканшиновна туралы айтып кетпеуге болмас. Тәжірибелі ұстаз бүгінде Сәтбаев қаласының С.Сейфуллин атындағы гимназиясында химия пәнінің мұғалімі.

1954 жыл. Қаңтар айы. Міне, осы айда Жезқазған елді мекенінде қарапайым шаңырақта болашақ химия пәнінің мұғалімі дүниеге келген екен. Күлназия Жаканшиновна орта мектепті 1970 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Өзінің зеректігі мен білімділігінің арқасында 1970 жылы Алматыдағы қыздар мемлекеттік педагогикалық институтына түседі. Күлназия Жаканшиновнаның өмір жолын еске алғанда ұстаздық қызметке жол сілтеген, әрі химия пәнін таңдауына өз ұстазы Хамзина Ғалия Сейсебайқызының ықпалы зор болғанын айтады. Еңбек жолын 1975 жылы Сәтбаев қаласындағы №7 орта мектепте бастап, бүгінде Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда жалғастыруда. Бір қызығы, Күлназия Жаканшиновна менің оқушы кезімдегі химия пәнінің ұстазы Көшкінбаева Мереке апайыммен бірге, бір топта жоғарғы оқу орнында дәріс алған екен. Сондықтан да мен Күлназия Жаканшиновнаны өмірде де, қызметте де ұстазым ретінде бағалаймын.

Бүгінде ұстаздың шәкірттері түрлі сайыстарға қатысып, биік шыңнан көрініп жүр. Оның дәлелі, 2009-2010 оқу жылында химия пәнінен қалалық олимпиадада Аяш Гаухар жүлделі орынды иеленді. 2010-2011 жылдары мұғалімнің оқушылары Сағындықов Сабыржан, Тұрғынбаева Еңлік, Ибраева Гүлжазира, Ибраева Аягоз, Санакулова Сания қалалық олимпиаданың жеңімпаздары атанды. 2011 жылы 11 сынып оқушысы Болат Ақерке биологиядан ІІІ Президенттік олимпиаданың грамотасымен марапатталды. 2013 жылы Ахтямов Альберт «ЭКСПО-2017» шеңберінде өткізілген «Болашақ жобалары» атты облыстық конкурста «Болашақ энергиясы» атты жобасын ұсынып, ІІІ орынды иеленді. Ибраева Гүлжазира «Ғылым әлеміне қадам» оқушылар арасындағы биология, география және экология салалары бойынша өткен ІV облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып 2 орын алды. «Жанпейісованың Модульдік технологиясын пайдалана отырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру» әдістемелік тақырыбы бойынша жұмыс істеп, елеулі жетістіктерге жетті. 2007 оқу жылынан бастап, таңдау пәні химия және биологиядан ҰБТ-де білім көрсеткіші 100 пайызды көрсетті. Ұстаз оқушыларының өмірден өз орнын табуына, мамандық таңдауына ықпал етеді. Оның А.Ермахан, А.Күнеділ, А.Маликова, А.Санакулова, С..Жунусова, А.Болат, А.Суюнжанов, Г.Ибраева және т.б. түлектері химия мен биология салаларында жоғары оқу орындарында грант иегерлері атанып, табысты оқуларын жалғастыруда. Күлназия Жаканшиновна өз тәжірибесімен қалалық, аймақтық семинарларда бөліседі. 2012 жылы «Химияны оқытуда оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру» тақырыбында қалалық семинарын өткізді. Күлназия Жаканшиновнаның осындай жетістіктерін саралай келе, ата салтын, халық мұрасын жанындай сүйетін, білімді ұрпағымызды тәрбиелеу ісіне бар күш-жігерін, білімін жұмсап, болашақ елдің тізгінін ұстайтын саналы ұрпақ тәрбиелейтін тағылымы мол ұстаздар қатары көбейе берсе деймін.

Бүгінде, Ұстаз Ана, сүйікті жар, ақылшы әже атанып отырған Күлназия Жаканшиновнаның 60 жас мерейлі тойына құтты болсын айта отырып, білімді ұрпақтар жүрегінде қалдырған ізіңіз мәңгілік болып, әлі де алар асуларыңыз бен жаңа табыстарыңыз мол болсын демекпіз.

Гүлнұр Сембетова, С.Сейфуллин атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.