Тіл – ұлттың байлығы

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Тілдер күні мерекесіне орай «Ана тілім – ардағым» атты қалалық фестиваль өтті.

Қаладағы ұлттық-мәдени орталықтардың қатысуымен өткізілген өнер мерекесі көпұлтты қаламыздағы халықтар достығының беріктігін тағы да дәлелдей түсті.Фестивальге қатысқан «Қазақ тілі» қоғамы, украин, орыс, татар орталықтары өздерінің салт-дәстүрлерінен қысқаша үзінділер көрсетіп, мемлекеттік тілде бір ән және таңдаулары бойынша бір би орындады.

Фестиваль шымылдығын мерекелік-сазды бағдарламамен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының өнерпаздары ашты. Құрылғанына тоғыз жыл толған қоғамда бүгінде 250 мүшесі бар бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын Мәуия Бекмағанбетованың басшылығымен «Ақбаян» қыз-келіншектер отауы және «Имандылық» отауы тұрақты қызмет етіп келеді. Бүгінгі фестивальде олар қазақтың келін түсіру дәстүрін ортаға салды.

Өз жұмыстарын енді ғана бастап келе жатқан Корей тобының мүшесі Ким Татьянаның қазақша орындаған «Анашым» әнін және өз тіліндегі «Саран-Любовь» әнін көрермендер ерекше қошеметпен қабылдады.

Т.Шевченко атындағы Украин мәдени орталығы қаламыздың қоғамдық-саяси және мәдени өміріне үлкен үлес қосып келе жатқан ұйымдардың бірі. Қарағандыда өткен ұлттық-мәдени орталықтардың облыстық фестивалінде бас жүлдені жеңіп алуы, «Наша земля – Украина» атты балалар шығармашылығының ҮІІІ халықаралық байқауында бишілер тобының дипломант атануы бұл ұжымның тынымсыз еңбектерінің жемісі. Украиндықтар «Құда түсу» рәсімі арқылы халқының салтын, өнерін, ұлттық нақыштарын шын жүректерінен жеткізіп, көрсете білді.

Думанды шараның дүбіріне дүбір қосқан орыс ұлттық мәдени орталығы болды. 2000 жылы №14 орта мектептің жанынан құрылған орталықты Татьяна Хмилярчук басқарып келеді. Ұлтаралық келісім мен рухани бірлікті ұран етіп, орыс халқының тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қана қоймай, одан әрі дамытуға, ұлттық құндылықтарын құрметтеуге бағытталған «Любавушки» орталығының дені ұстаздар мен оқушылардан тұрады.

Келесі кезекте сахна төріне «Дуслык» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы шықты. Қаламызға танымал дәрігер Руфина Абузярова әрі басшы, әрі белсенді мүше болып келеді. Өнерлі топтың ішінде оқушыдан бастап кенші, мұғалім, зейнеткер де, қызметкер де бар. Жас мөлшерлеріне қарай «Кынгырау», «Дулкын», «Салават купере» атты үш клуб құрылған. Бұл ұлт өкілдері қыздың тұрмысқа шығар алдындағы сыннан өтуінен бір көрініс қойды.

Мемлекеттік тілдің және өзге ұлт тілдерінің қоғамдағы рөлі мен маңыздылыңын арттыруды мақсат еткен фестиваль өз мәресіне жетті. Жері қандай ұлан-байтақ болса, құшағы да, пейілі де сондай кең Қазақстан өз бауырына жүзден аса ұлтты сыйғызып отыр. Достық пен бірлікте әр халық өз тілінде сөйлеу, оқу құқығына ие болып тәуелсіз өмір сүруде. Кең ауқымды қамтыған, достықты жырлаған мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген іс-шаралар осының айғағы.

Мерекені қорытындылаған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Гүлсім Есмұрзаева Тілдер күнінің еліміз үшін маңызды мереке екенін тілге тиек етіп, тіл құдіретін түсінген, өнерді сыйлап келген жұртшылыққа алғысын айтты.

Қалалық фестивальде өнер көрсетіп, өтуіне атсалысқан барлық үлттық-мәдени орталықтарына «Тіл жанашыры», «Ұлттың мәдени жаршысы», «Өнерлі ұлттық орталық», «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша дипломдар марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.

Тіл саясатына Президентіміз бен Үкімет үлкен мән беріп, мемлекеттік бағдарламалар жасалуда. Оны жүзеге асыруға атсалысу, үлес қосу әркімнің, алдымен мемлекеттік қызметкерлердің міндеті болмақ.

Өкінішке орай, мекемелердегі тілге тікелей қатысы бар бастауыш ұйымдардың төрағалары, тілдерді оқытып отырған мамандар саяси мерекеге қатысуға да жарамады.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.