Жасыл желек қамқорлықта

20140221-06-2Осыдан екі жыл бұрын қаламыздағы ветеринариялық инспекция мекемесіне құрылымдық өзгерістер енгізіліп, жаңадан агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Сәтбаев қалалық аумақтық инпекциясы құрылған болатын. Аталмыш инспекция құзырына өсімдіктер карантині, өсімдіктерді қорғау бойынша бақылау және қадағалау жұмыстары өтті. Жақында инспекция жылдың қорытындысын шығарып, орындалған іс-шараларды таразылаған болатын. Жүзеге асқан жұмыстар жайлы бізге инспекция басшысы Ермұханбет Сәлемов әңгімелеп берген еді.

– Жалпы, инспекция бүгінгі таңда қала аумағында қандай қызметтер атқарып келеді?

– Инспекция өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині саласында міндетті сақтандыруды, арнайы бақылау-қадағалау міндеттерін жүзеге асырады. Карантиндік объектілердің таралу ошақтарын оқшаулау, жою және карантинге жатқызылған өнімді зарарсыздандыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады, өсімдік тектес өнімдерге ілеспе құжаттар – карантиндік сертификаттар береді, еліміздің өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, өсімдік тектес өнімді өсіретін, дайындайтын, жинайтын, өңдейтін және өткізетін ұйымдардың, базарлардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай шаруашылықтарының аумағы мен үй-жайларына, ауыл шаруашылығы, орман, су және басқа да мақсатқа арналған жерлерге тұрақты бақылау зерттеулерін жүргізеді.

– Жоғарыда көкөніс, өсімдік тектес өнімдерге сараптама жасалады деп айттыңыз. Осы бағытта қала төңірегінде қандай тексеру жұмыстары өткізілді?

– Аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі қызметі бойынша 2013 жыл ішінде қаладағы жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының орындалуын бақылау мақсатында «Тұрар» базары және кішігірім сауда орындарында сатылатын көкөніс өнімдері нитратқа тексерілді. Жалпы көлемі 138 тонна жеміс-жидек өнімдері 12 рет сараптамадан өтіп, құрамында нитрат, нитрит, ауыр металдар жоғы анықталды. Аталмыш тексеріс кезінде өнімдердің нормаға сай екеніне көз жеткіздік. Тексерістермен қатар сауда жасаушы жеке тұлғалармен көкөніс өнімдерінің сақталуы және зертханалық зерттеуден өткізу тәртібі туралы бірнеше сұхбат жүргізілді.

– Өткен жылда қандай химиялық өңдеу жұмыстары орын алды?

– Жасыл желектерді қорғау және сақтауға инспекция қатты көңіл бөледі. Ол тегін емес. Себебі, біздің жердің климаттық ерекшеліктеріне сай қалада жасыл желек онсыз да өте аз. Химиялық жұмыстарға келер болсақ, 2013 жылы ағаш зиянкесі саналатын мұр көбелекке (пяденица) карсы химиялық өңдеу шаралары жүргізілді. Бұл жұмысқа сәуір айында жергілікті бюджет есебінен 17 млн. теңге бөлініп, «ВетСервис» ЖШС қаладағы 35 га аумақтағы жасыл желектерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Тамыз айында да осындай тағы бір химиялық өңдеу жүргізілді. Біз өз тарапымыздан қоршаған ортаны қорғап, залалсыздандыру мәселесіне ерекше назар аударатынымызды да айтып кеткім келеді. Мәселен, өңдеуге арналған химиялық заттар сақталған ыдыстар да талапқа сай залалсыздандырылады. Мысалға алсақ, өткен жылдың қыркүйек айында пестицидтердің босаған ыдыстары «Магистраль-2010» ЖШС-не тиісті акті бойынша өткізіліп, залалсыздандырылды

– Өсімдік карантині бойынша нендей жұмыс түрлері жасалды?

– Өсімдіктер карантині бойынша қалаға әкелінген карантинге жатқызылған 438 тонна, 32 дана жүкке карантиндік тексеру жүргізілді. Сәбіз, алма, алмұрт, қызыл бұрыш, жуа, қияр, қызанақ, картоп сияқты өнім түрлеріне «Республикалық карантиндік зертхана» мекемесінде фитосанитариялық сараптама жасалды.

– Заң бұзушылықтар өткен жылда тіркелді ме?

– Жеке кәсіпкерлер өнімнің пайдалануға жарамдылығын нақтылайтын карантиндік сертификатсыз қандай да болсын жеміс-жидекті, көкөністі сатуға тиіс емес. 2013 жыл ішінде «Өсімдіктер карантині туралы» Заңды және Қазақстан Республикасы аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі Ереже талаптарын бұзудың 5 фактісі анықталып, жеке тұлғаларға 25965 теңге айыппұл салынды. Өзіміздің қала бойынша өткен жылдың он екі айында 30, оның ішінде 20 жеке және 10 заңды тұлғалардан аталмыш сертификат алу бойынша өтініштер түсіп, олардың бәрі мерзімінде қаралып, шешілді.

– Қала ішіндегі және төңіректегі жағдайды қадағалау бойынша қандай шаралар өткізілді?

– 2013 жылдың мамыр айының 28-29 күндері өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың қатысуымен Сәтбаев қаласының әкімшілік аумағы арқылы өтетін Жезқазған-Сәтбаев автомобиль жолдары бойында, «Жеңіс» саябағы, қаланың саяжай өндірістік кооперативтерінің жерлерінде карантиндік объектілерді аңықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ағашты өсірмей, бойына ылғалды жинап алатын қызғылт укекіре аталатын арам шөп өскен 851,46 га жер, өңделуге жататын 20,65 га аумақ анықталды. Нәтижесінде қаланың әкімшілік аймағындағы қызғылт укекіремен залалданған жерлерге химиялық өндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 500 мың теңге бөлініп, «ВетСервис» ЖШС қала ішінде, Жеңіс саябағында, Сәтбаев даңғылы, Гурба, Калмағамбетов, Ерден және Ұлытау көшелерінің бойындағы, «Горняк», «Меридиан» және «Восток» саяжайлар маңында қызғылт укекіремен залалданған 18,15 га жерге химиялық өндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Ш. Керімқұлованың меншігіндегі көгалдандыру цехының ішінде 0,5 га және ДЭУ- 44 кәсіпорнына қарасты Жезқазған-Сәтбаев автокөлік жолы бойында 2,0 га жерге укекіреге қарсы механикалық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы қызғылт укекіреге қарсы 20,65 га жер өңделді.

Сұхбаттасқан Айнұр Құлашова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.