Жауынгер-интернационалистерге құрмет

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толды. Он жылға созылған соғысқа КСРО аумағынан 620 мыңға жуық жауынгерлер қатысса, оның 22 269 қазақстандық еді. Қарағанды облысынан аттанған 2 мыңнан астам сарбаздың қанды майданнан аман-есен оралған 1800-і бүгінгі күні ортамызда жүр. Олардың қатарында Ауған соғысының ауыртпалығын бастан кешірген 65 сәтбаевтық та бар.

20140221-03-1Осындай азаматтарға құрмет көрсету және Ауғанстанда қаза тапқандарды еске алу мақсатында 15 ақпан күні еліміздің барлық өңірлерінде патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай салтанатты жиындардың бірі Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. Оған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Саят Бакиров, қалалық мәслихаттың депутаттары, Құрметті азаматтар, мекеме басшылары, жауынгер-интернационалистер, Ауған соғысында қаза болғандардың туған-туыстары, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Жиын ерлікпен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етуден басталды. Алдымен жиналғандарды құттықтаған қала басшысы Әнуар Омар өз сөзінде «Әскери борышын адал өтеп, Ауған жерінде жан беріп, жан алысқан сарбаздардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Туған елін қорғау – ер азаматтың парызы екенін өз істерімен дәлелдеген жауынгерлер жастар үшін әрдайым патриоттық тәрбие беруде үлгі болады» деп атап өтті. Одан әрі бір топ азаматтар қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Келесі кезекте сөз алған «Жезқазғантүстімет» Өндірістік бірлестігінің бас директоры Саят Бакиров Ауғанстанда қаза тапқан боздақтардың ата-аналарына «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огайдың атынан Алғыс хат пен 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек тапсырды. Одан әрі Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толуына орай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қатысушы елдерінің Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен тағайындалған естелік медальдарын Сәтбаев қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Руслан Шакерханов пен қалалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сайлау Қайранбаев табыс етті.

Салтанатты шара барысында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, «Импульс» хореографиялық ансамблі мен «Қанатты ұлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Жиын Ауған соғысының ардагері, қала тұрғыны Қанат Амановтың орындауындағы «Виват» әнімен аяқталды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауған соғысында мыңдаған өмір қиылды, бәрібір кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» деген болатын. Сондықтан сол күндерді есте сақтау, әскери борышын өтеу кезінде қаза болған жерлестерге тағзым ету, бейбітшілік үшін күрескен жауынгерлердің ерлігін үлгі-өнеге тұту – кейінгі ұрпақтың парызы.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.