Қалтаны қақпауы тиіс

20140221-02-2-120140221-02-2-2Ел көлемінде өткен аптадан бері теңгенің долларға шаққандағы құнының көтеріліп кеткендігі жұртты әбігерге салғаны шындық. Азық-түліктің барлығы қымбаттайды деп үрейленген халық дүкендердегінің бәрін үйіне тасып әлекке түсті.

Әлемдік нарықта доллардың бағасы көтерілгенімен, елдегі әлеуметтің әл-ауқатын төмендетпеу, азық-түлік, дәрі-дәрмектің бағасын сол қалпында ұстап тұру күн тәртібіндегі бірінші мәселеге айналды.

Ұрымтал тұсты пайдаланушылар да мұндай сәтті құр жібере қоймасы анық. Алайда, осы мәселе шыққалы бері үкімет пен министрліктерге, облыс басшылары мен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне Елбасы алыпсатушылыққа жол бермей, бағаның халық қалтасына күшін түсірмеуін қадап айтқан болатын.

Қаладағы ахуалды қадағалау мақсатында арнайы топ құрылып, дүкендердегі, дәріханалардағы бағаның негізсіз өспеуін бақылауға алуда.

Осы құрылған топтың мүшелері апта басында «Шарапат», «Виола», «Надежда» дәріханаларына рейдтік тексеріс жүргізіп, ондағы бағалардың жай-күйімен танысты.

Топ мүшелерінің бірінші болып бас сұққан жері «Шарапат» ЖШС-нде оларды дәріхананың директоры Ләззат Махамбетова күтіп алып, әзірше бағаның тұрақты екенін жеткізді.

– Біз қолымыздан келгенінше бағаны тұрақты ұстап тұрудамыз. Бірақ, бізге келетін дәрі-дәрмектің бағасы келер жолы қымбаттап келсе, бағаны көтеруге біз де мәжбүрміз. Өйткені, сатып алуға кеткен шығынды ақтауымыз қажет. Дәріханада қаңтар айына дейін жеңілдіктер болған. Бір айдың көлемінде барлық жеңілдіктер алынып, есесіне барлық дәрілік препараттардың бағасын төмендеткен болатынбыз. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне дәрі-дәрмектер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген тізім бойынша тегін беріледі. Ендігі бағаның болжамын келесі тауардың келуімен байланыстырамыз, – деді Л.Махабетова.

«Надежда», «Виола» дәріханаларында да баға әзірше тұрақты. Алайда, тауар жеткізушілер алдағы уақытта бағаны өсіріп әкелсе, тұтынатын дәрілердің де бағасының қымбаттауы ғажап емес.

Дүйсенбі күні өткен рейдтік шарада бағаның тұрақтылығына көз жетті. Ендігі тексерістің барысында бағаның халық қалтасын қағатындай көрсеткіш болмайды деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.