Бағаны тұрақтандырудың барлық шаралары қарастырылуда

1 АҚШ доллары 185 теңгеге бір-ақ көтерілді. Бағамның бұлайша секіріс жасауы жұртшылықты дүрліктірмей қоймады. Ұлттық банктегі ұлықтар мұның ел экономикасын көтеруге ықпал ететінін айтып ақталуда. Үкімет те қарап жатқан жоқ. Бағамның көтерілуі бағаның көтерілуіне әкеліп соқтырмауының жолдарын қарастыруда. Осы мақсатта жергілікті биліктерге ауқымды міндеттер де жүктеді. Тіпті, Елбасының өзі барлық деңгейдегі әкімдерге бағаны қатаң бақылауға алуды тапсырды.

20140221-01-1

Бұл бағытта біздің Сәтбаев қаласында да барлық шаралар қарастырылуда. Қала әкімі Әнуар Омар барлық мекеме басшыларын жинап, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағасының көтерілуіне байланысты қалада қалыптасып отырған жағдайға тоқталып, аймақта бағаны тұрақты ұстауға, әсіресе, азық-түліктің, жанар-жағар майдың қымбаттауына жол бермеуге қатысты шаралар белгілеуді қатаң тапсырды. Осы орайда қалада арнайы штаб құрылып, бағаларды бақылап отыратын жұмыс топтары құрылды. Дүйсенбі күні біз осы штабтың жетекшісі, қалалық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Ербол Сәкеевке жолығып бағаны тұрақтандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары жайлы әңгімелескен едік.

– Ұлттық банктің мұндай шараға баруын қаржыгер ретінде қалай бағалайсыз?

– Ұлттық валютаға қатысты осындай жағдай осыдан бес жыл бұрын орын алғанын бәріміз білеміз. Сол уақытта қаржы, кәсіпкерлік, құқық қорғау, ірі сауда орындары және өзге де тиісті орындармен бірлесе отырып, мәселе оңтайлы шешілген болатын. Бұл жолы да орын алған қолайсыздықпен бірлесе күресеміз. Ең бірінші кезекте азық-түлік, жанар-жағар май, дәрі-дәрмек бағасы қатаң қадағаланады және бағаның тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Бағаны тұрақтандыруға қатысты барлық шаралар қолға алынып жатыр.

Ал, енді, сіздің сауалыңызға келер болсақ, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамының көтерілуі тек қана біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Іргеміздегі көрші елде көтеріліп отырған соң, біз де амал жоқ, сондай шараға барып отырмыз. Дегенмен, оның тиімді жақтары да бар. Біз сыртқа өнім шығарғанда бағамыз жоғары болады. Одан келіп түсетін түсім де, салық түрлері де артады. Мұның елде әлеуметтік саланы көтеруге ықпал етері анық. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге оңтайлы болып отыр. Осы салада біздің шығарып жатқан өнімдеріміз бәсекеге келмейді, себебі, екі жақтың бағалары әртүрлі деп айтып жүретін. Енді бұл шара сол мәселені шешіп, жақсы орайластырды. Бір сөзбен айтқанда, бағаның ортақ дәлізі белгілі болды. Оның жоғары деңгейі 188 теңге, төменгі деңгейі 182 теңге болып белгіленді.

– Таяқтың екі басы сияқты, мұның екінші жағы, тиімсіз жағы да бар ғой. Осы орайда бағаны өсірмеу үшін қандай шаралар қарастырылып жатыр?

– Иә, бағамның өсуі бағаның көтерілуіне әкеліп соғатын екінші жағы да бар. Оның тиімсіз екені рас. Бұл, әсіресе қарапайым халыққа кері әсер етерін де жасырмаймыз. Осы мақсатта Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет қатаң бақылау жасап отыр. Жергілікті билікке нақтылы тапсырмалар берілді.

АҚШ долларының көтерілуі 2009 жылы да болған-ды. Демек, біздің бұл жұмыстардан тәжірибеміз бар. Бұл жерде ең басты мәселе – дүрлігуге, қандай да бір берекетсіздікке жол бермеу керек. Ал, қалада бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында барлық жұмыстар жасалып жатыр. Қаладағы түрлі кәсіпкерлік салада қызмет көрсететін нысандардың басшыларын жинап, өздері өндірген өнімнің бағасын негізсіз көтермеуді тапсырдық. Мұның сыртында бағаны бақылап отыратын арнайы үш жұмыс тобы құрылды. Оның бірі азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар және ақылы қызметтер бойынша жұмыс тобы. Бұған қала әкімінің орынбасары Александр Ким жетекшілік етеді. Екінші топ жанар-жағар майға, көліктік қызметтерге және коммуналдық қызметтер саласындағы бағалардың өсуін тежеу бойынша жұмыс істейді. Бұл топқа қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаев жетекшілік етеді. Үшінші топ білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау саласы мен дәрі-дәрмекке, сондай-ақ, спорт саласындағы ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандырумен айналысады. Оған қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай жетекшілік етеді. Бұл топтардың құрамына әр салаға қатысты бөлім басшылары мен жергілікті мәслихат депутаттары енгізілген.

– Аймақтағы қазіргі ахуал қандай?

– Ұлттық банктің теңгеге девальвация жасауына байланысты тұтыну рыногіндегі бағаның, оның ішінде азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуге мүмкіндік мол. Күн сайынғы және 11 ақпанға дейінгі жүргізіліп отырған мониторинг қорытындыларына қарағанда, аймақта азық-түлік тауарларына деген тапшылық жоқ. Сәтбаев қаласының сауда жүйелерінде баға тұрақты. Азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

Ал, 11 ақпаннан бастап бағаны тежеу мақсатында күнделікті тұтынылатын азық-түліктің 33 түрі бойынша және азық-түлік емес тауарлар дүкендерін, соның ішінде тұрмыстық тауарлар дүкендерін, жанар-жағар май құю бекеттерін, түрлі қызмет көрсету нысандарын, әсіресе халық көп тұтынатын шаштараз, тігін ательесі, монша, техникалық қызмет көрсету стансаларын аралап, жағдай жіті бақыланып отыр. Бұл бағыттарда бағаның негізсіз өсуі байқалған жоқ. Әйтсе де, тұрмыстық тауарлар құны бүгінгі күнге сатып алу бағасынан 15-20 процентке өсіп отырғаны байқалады.

Осындай аласапыран уақытты пайдаланып, бағалық келісімге жол бермеу мақсатында жұмыс топтары дәріханалар мен қала базарларының басшыларымен, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де қолға алған.

Бірінші сұрыпты ұн бағасының қымбаттауына жол бермеу және қала халқының нан өнімдеріне деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында қала әкімдігі мен «Жезқазған нан өнімдері» акционерлік қоғамы арасында екі жақты меморандумға қол қойылды.

Халықтың аз қамтылған және әлеуметтік әлсіз тобын қолдау мақсатында ағымдағы жылдың 13 ақпанында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен кәсіби фармацевтика ассоциациясы арасында дәрі-дәрмектің 210 түрі бойынша бағаның өсуін тежеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы меморандумды жүзеге асыру мақсатында жұмыс тобымен қаламыздағы дәріханалардың иелерімен меморандум жасасу да ойластырылуда.

Штаб жетекшісінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда қалада жағдай тұрақты. Дүйсенбі күнгі мониторингке қарағанда азық-түлік жетіспеушілігі және жанар-жағармай мен өзге тауарларға бағаның өсуі секілді мәселелер орын алып отырған жоқ. Қаржы және экономика бөлімінің басшысы бұған дейін ірі сауда желілері мен атқарушы билік арасында меморандумға қол қойылғанын, осы келісімге сәйкес негізгі азық-түлікке он пайыздан артық үстеме ақы қосылмайтынын айтты.

Сондай-ақ, қалыптасқан жағдайға байланысты айырбас пункттерінің жұмыстары да басты назарда болады. Егер айырбас пункттері өз бетімен жұмыс жасап, бағаның негізсіз көтерілуіне жол берсе, лицензияларынан айрылуы мүмкін, – дейді Ербол Сәкеев бізбен әңгімесін түйіндей келіп.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.