Қаламгерге риза болдым

«Шарайна» газетінде аймағымызға танымал қаламгер ініміз Көбейсін Еңсебаевтың «Тойлап жүрміз ау, ойлап жүрміз бе?» деген мақаласы жарияланды. Осы мақала маған көп ой салды.

Автор біз сияқты қариялардың көкейінде жүрген мәселелерін тап басып айтыпты. Ия, біз тойлап жүрміз. Ал, шындығына келгенде, соның мән-мағынасын ойлап жүрміз ба? Тойды алда тұрған кезекті бір міндет ретінде атап өтеміз де, оның мән-мазмұнына жете көңіл аудармай жатамыз. Той ең алдымен ата-ананың, той иесінің міндеті десек, екінші жағынан оған қатысушыларға тәрбиелік маңызы бар мәселе деп қараған жөн.

Асабаларымыздың тойшыл қауымды күлдіремін деп бұралқы сөздерді орынды-орынсыз пайдаланатын тұстары бар. Автор айтқанындай, бізде көбіне көп шетелдік әндер мен билерге орын беріледі. Егер асабалар қисынын тауып жатса, жақсы әндер мен билер тойшыл қауымның өз ортасынан да табылады.

Ертеректе біздің ел жақта Дос атты үлкен кісі болды. Әке-шешелеріміз ол кісі туралы «Шіркін, Достың билегені қандай» деп тамсанып отыратын. Сонда Дос әкеміз тек қана таза қазақтың күйлерінің ырғағымен билейді екен. Қамшысын екі бүктеп қолына ұстап билегенде, мұңайған жұртты тамсандыратын көрінеді. Бүгінгі таңда қазақтың күйіне билеген үрдіс «Қара жорға» болып жетті. Ал осы мәселеге тереңірек маңыз берсек, қазақтың «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Би» күйлері кез-келген салтанатта, тойда биге сұранып тұрған жоқ па. Қазақтың халық әндері де тойымыздың шырайын келтірері анық. Тойшыл қауым осыған мән берсе деймін.

Той болған соң, онда ақ тілек айтылады. Ақ тілек айтқан осы екен деп, тойшыл қауым бір-бірінің сөзін айна қатесіз қайталап жатса, оның несі жақсы? Тойға шақырылған екі жүзден астам адамның бәріне сөз беру міндетті ме? Ертеректе бір тойда асаба «Екі жас бақытты болсын, бақыттары баянды болсын» деген сөздердің әр сөзін жеке сөйлеушіге айтқызып, олардың сөзінің қорытындысын да әлгіндей жақсы тілекті халықтың құлағына жеткізетін. Бұл да бір жақсы дәстүр. Ал, лоторея билетін ойнатқанда, тойға қатысушылардың барлығының да ұтысқа ие болуы ойдан шығарылған әдіс. Жеке ән айтқан адамдарға, билеген бишілерге жақсы сыйлықтары беріліп жатса, олар ынталанады. Басқа тойшыл қауымның арасынан да үздіктер шығады. Жалпы айтқанда, «Шарайнадағы» жоғарыда айтылған мақалаға риза болдым.

Мұқан Жұманов, зейнеткер.

Комментарии закрыты.