Мемлекеттік тілдің мәртебесі өз қолымызда

Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» – деп атап көрсеткен-ді.

Қоғамда қай саланы болсын мемлекеттік тілден хабардар, салалық мамандар басқарғаны абзал. Себебі, тіл білгеннің тамырында ұлттық, халықтық, елдік, мемлекетшілдіктің қаны мен қасиеті болады. Ұлттық болмысты ұғатын рух, қоғамдық бағытты аңғаратын, ерекшелігін түсінетін, еліне деген асқақ сезімі басым жандар ғана көсегемізді көтертеді. “Мемлекеттік тіл – менің тілім” дегенді мемлекеттік қызметкерлерге міндеттегенде ғана оның өміршеңдігіне қол жетеді. Халықтың қаны мен жаны саналатын қазақ тілінің абыройы мен беделі қазақстандықтардың міндеті, адам борышы болуы тиіс. Тіл қарым-қатынас құралы болуымен бірге, оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани-мәдени байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, жеткізуші, жинақтаушы қызметін атқарады.

Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатқаны мәлім. Мысалы, соттар саласындағы қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып жүргізілуде. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері де бар. Қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс-қағаздары мемлекеттік тілде орындалады. Мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді.

Тіл білігі – мәдениеттілігіміз бен елжандылығымыздың нышаны. Әрбір ісіміз мемлекеттік мүддені ұлықтап, халықтың абырой-беделін көтеретін, рухы биік, мәдениеті мәртебелі ұрпаққа берілетін ұлттық тәрбиемен бағытталғаны дұрыс. Осы орайда барлық өңірде мемлекеттік істі мемлекеттік тілде жүргізу қажет. Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде. Оған қазақ тілін меңгерген кадрларды тарту бүгінгі басты міндетіміз болғаны абзал. Яғни, болашақтың іргетасы бүгіннен қаланатынын ескерген жөн. Сөз сөзден туады. Құнарлы тілдің құнын түсірмей, күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге өзіміз үлес қоспасақ, өзгелерден қалай талап етеміз?

Тіл саясатына қатысты айқын мақсат – Елбасы алға қойған міндетті пәрменді түрде іске асырып, барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін белгіленген межеге жеткізу.

С.Бухарова, Сәтбаев қалалық сотының бас маманы.

Комментарии закрыты.