Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Қазақ тілінің қоғамдық қызметі артып отырған қазіргі тұста оның үздіксіз даму процесін терең ұғынып, жан-жақты жетік зерттелуде. Еңсесі биік еліміздің барлық іс-әрекеті мәдениетінің, әсіресе, тіл мәдениетінің дәрежесін көтеру халыққа қызмет ету мүддесімен ұштасып жатса, ондай іске халық болып кіріскен жөн. Ең алдымен, тілдің халықтық қасиетін дамыту, ана тілінің байлықтарын ой елегінен өткізіп, кез-келген жерде тиімді пайдалану әр қазақтың міндеті болып табылады.

«Кен байлығы – жерде, сөз байлығы – елде» екенін жақсы білетін ақын-жазушылар және басқа қалам қайраткерлері біздің асыл байлығымызды, яғни, тілімізді жырлаудан еш шаршаған емес. Ана тілін тірлігінің тірегі етемін деген ақын-жазушылар үшін ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар көрікті, көркем нақышқа толы туындыларының да бірден бір құралы. К.Д.Ушинский «Ана тілі – бүкіл ақыл-ой дамуының негізі және бүкіл білімдердің қазынасы» деп айтқан болатын.

Тіл Қазақстан халқын біріктіруші күш болуы тиіс. Қазір еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде, егер қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналар еді. Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас, сол себептен де оған бей-жай қарамайық. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керектігін, орыс тілін білу біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Ағылшын тілін игертуде серпіліс жасап, кемел келешекке нағыз білімді, білікті мамандарды, жастарды дайындап шығаруымыз керек. Бұл біріншіден, ұстаздарға жүктелген жұмыс. Сол себепті, білім қызметкерлеріне 29 пайыз жалақы қосылмақшы. Ұстаздарға артылған сенім мол, сол сенімді сарп етпей бар күш-жігерімізді аямай қызмет еткеніміз абзал.

Елбасының тапсырмасы бойынша осыдан тура он жыл бұрын Қазақстандағы тілдерді дамытудың 10 жыл мерзімге арналған бағдарламасы жасалған болатын. Осы бағдарламаның аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Биыл ол өзінің мәресіне жетеді. Енді алдағы 10 жылға арналған жаңа бағдарлама жасауға кірісуіміз керек. Бұл бағдарламаның бұрынғыдан ерекшелігі, оның мемлекеттік мәртебесі жоғары болады. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітіледі. Өздеріңіз баспасөзден білетін боларсыздар, кейінгі кезде Президенттің орындалатын-орындалмайтын бағдарламалар санын көбейтпеу жөнінде тапсырмасы бар. Сондықтан, мұндай бағдарламалар жасауға шектеу қойылған. Бірақ, тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, бұл мәселеге Нұрсұлтан Әбішұлы ерекше маңыз беріп, бағдарламаны жасауға тапсырма берді. Елбасы тапсырма беруші болса, халық соны орындаушы. «Мен елімнен не аламын?!» деп емес, «еліме не беремін?!» деп бір кісідей еңбек етсек, Елбасының Жолдауында көтерілген барлық мәселелер өз шешімін табары анық.

Қарлығаш Сагиева, С.Сейфуллин атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.