Сала жұмысына сараптама

Денсаулық сақтау саласында қала бойынша 2013-2014 жылдары атқарылған жұмыстарды саралап, сараптау мақсатында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға емхана басшылары мен кеңес мүшелері қатысты. Қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Серік Имамбай жүргізген кеңестің күн тәртібінде 2013 жылға есеп беріліп, бала өлімі, туберкулезге қарсы күрес, жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмаудың алдын алу мәселелері талқыланды.

Бірінші мәселе бойынша қалалық емхананың дәрігері Людвисе Шалнайте мәлімдеме жасады. Оның айтуынша 2013 жылы қала бойынша 1497 бала өмірге келген. Туу көрсеткіші көңіл көңшіткенмен, шетінеу жағдайлары күрсіндіріп отыр. Былтырғы жылы 7 сәбидің көбісі мидағы ісік, дем жетіспеушілік салдарынан бір жасқа жетпей үзілген.

– Бүгінгі таңда сәбилер арасында әртүрлі аурулардың түрі анықталып отыр. Өкініштісі сол, сәбилердің өмірі ең бірінші анасының жүктілік кезінде уақытылы учаскелік дәрігерлерге, акушер-геникологтарға қаралмауының салдарынан туындап отыр. Жыл басында бір бала өлімі тіркелді. Мәселенің мәнісіне үңіліп қарара болсақ, баланың өмірге дені сау болып келуі ең бірінші – ананың денсаулығына тікелей қатысы бар. Алайда, оны кейбір жас аналар түсініп, байыбына бармайды. Соның соңы осындай өкінішке әкеліп соқтырады. Ананың күтімі – дені сау ұрпақтың кепілі екенін ұмытпаса, – деді баяндамашы.

Туберкулез ауруын алдын алу шаралары бойынша туберкулезге қарсы емхананың меңгерушісі Мәрияш Оразбекова баяндады.

Бұл салада атқарылып отырған жұмыстар бұрынғы жылдарға қарағанда бір шама жүйеленіп қалған. Халықты жылына бір рет флюоротексерістен өткізу, ауру белгісі анықталғандарды оқшаулап, емдеуді жүзеге асыратын емхананың алдағы мақсаттары да ауқымды. Ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, науқасын біле тұра қашып жүргендерді оқшаулауға ерекше мән берілмек. Сонымен қатар, Мәрияш Оразбекқызы осы қаладан ауылдарға мал бағуға көмекшілікке кеткен кейбір азаматтардың денсулығына қожалық иелері салғырт қарайтынын, олар көмекшілерін ақырғы демі таусыларда емханаға кіргізер-кіргізбестен тастап кететінін жеткізді.

– Ащы да болса шындық, біздің өз басымыздан өтті. Бірнеше азаматтарды емхананың дәлізінде қалдырып, кетіп қалғандар болды. Маскүнемдікке салынғандар, жайсыз азаматтар өзінің қай ауылда болып, кімнің қожалығында жұмыс істегенін білмейді. Денсаулықтары әбден сыр бергенде қолымыздан келгенінше бетін бері қаратуға тырысамыз.

Тағы бір айта кетерлік мәселе – алғашқы жедел жәрдем көрсетудің сапасын арттыруға ерекше мән берілсе. Аурудың жанға батып, ушыққан сәтінде көмекке келетін бірінші сол алғашқы медициналық жәрдем көрсетушілердің қолында, – деді емхана меңгерушісі.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – тұмау және жедел респираторлы вирустық инфекциялардың алдын алу шаралары жөнінде Сәтбаев қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзина есебін ұсынды.

Баяндамашының айтуынша, қала бойынша бұл бағытта жұмыстар бір жүйеге қойылған. Әр отбасылық дәрігерлік-амбулаторияларда тұмауға қарсы егу жұмыстар жүргізіліп отыр. Бірақ, кезең-кезеңімен көтерілетін бұл ауру түріне салғырт қарап, арқаны кеңге салуға болмайтындығын жеткізген басқарма маманы әр тұрғын өз денсаулығын күтуге шақырды. Сондай-ақ, Гаухар Шәріпқызы медицина мекемелеріне шетелге шығатын азаматтарға ерекше көңіл бөліп, оларды егу жұмысына тартуды тапсырды. Оның айтуынша қазіргі күні өзге елдерде инфекциялық аурулардың түрі көбейіп тұр.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазғандағы аймақтық өкілдігінің басшысы Кенжетай Қабыкенов сөз алып, Сәтбаев қаласы бойынша денсаулық сақтау саласында атқарылып отырған жұмыстар қанағаттанарлық деңгейде деді.

Өкілдік басшысының айтуынша, қазіргі күні барлық жағдайда алғашқы медициналық жедел жәрдемнің көмегі тапшылық көрсетіп отыр. Осыған ерекше мән берілуін барлық емханалардың басшыларына тапсырды.

К.Қабыкенов сондай-ақ, ана мен бала денсаулығын жақсартып, өлім-жітім оқиғаларын азайту, қаладағы жалғыз №1 емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін қозғады.

Саланың жұмысы сарапқа салынған кеңес барысында туындаған мәселелер бойынша жиын соңында шешім шығарылып, емхана басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.