Баға бақылауда

Баға тағы басқа шауып, төске өрлеп тұр. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы босатылғалы бері бұған дейін бұғаулап әзер ұстап отырған баға шапшып шыға келді. Үкімет шара қолданып жатыр. Жергілікті билік арнайы жұмыс тобын құрып, бағаны басты назарда ұстауда. Күн сайын қаланың барлық сауда орындары мен халыққа қызмет көрсететін нысандарында бағаға мониторинг жүргізілуде. Ал, оның нәтижесі қандай? Осы сауалға жауап іздеген біз бағаны тұрақтандыру мақсатында құрылған қалалық штабқа келіп түскен дүйсенбі күнгі ақпараттарға шолу жасауды жөн көріп отырмыз.

Дәрі-дәрмектен тапшылық болмайды

Өткен аптада елімізде дәрі-дәрмектің бағасына қатысты біршама даулы мәселелердің туындағанынан көзі қарақты оқырмандарымыз құлағдар болғаны анық. Біз де осы жайттың жай-жапсарын білуді бірінші кезекке қойған едік. Әйтсе де, қаламызда дәрі-дәрмектің бағасына қатысты алаңдайтындай жағдай жоқ екен. Оған қалалық штабқа келіп түскен осы іспен айналысатын жұмыс тобының ақпаратынан көз жеткіздік. Жұмыс тобының жетекшісі қала әкімі орынбасарының м.а. С.Имамбайдың мәлімдеуінше дәрі-дәрмекке қатысты баға өзгеріссіз.

– Қазіргі уақытта арнайы жұмылдырылған топ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 210 медициналық препараттардың көтерме сауда бағасын тұрақты ұстап тұруды күн сайын қадағалап отырады. Бүгінгі күнге дейін аталған тізбедегі дәрілік заттардың бағасы өзгерген жоқ, – дейді Серік Сағынатұлы өз ақпаратында.

Жұмыс тобы жетекшісінің айтуынша кеншілер қаласында 17 дәріхана халыққа қызмет көрсетеді. 2014 жылдың 13 ақпанында Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігі басшыларының қатысуымен дәріхана иелерімен кездесу өткізіліп, оларға қазіргі девальвацияның жай-жапсары түсіндіріліп, дәрілердің бағасын көтермеу жөнінде әңгіме жүргізілген. Ал, қала әкімдігі жанынан құрылған жұмыс тобы облыстық денсаулық сақтау басқармасы жіберген медициналық препараттардың негізгі 30 түріне бағаны тұрақты ұстауды бақылауға алып отыр.

– Дәрі-дәрмектер бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында қала әкімдігі қалалық фармацевтикалық қызмет субъектлерімен меморандум жасау үшін алдын-ала жұмыстар жүргізіп, дәріхана иелерін меморандумда белгіленген 210 дәрілік заттардың тізбесімен таныстырды. 18 ақпан күні мемеорандумға қол қойылды, – дейді Серік Имамбай.

Осындай алдын алу шараларының нәтижесінде бүгінде қалада дәрі-дәрмек бағасының өскені немесе оның түрлеріне тапшылық болған жайттар орын алған жоқ.

Ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы түрақты

Халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері де бар. Бұлардың дені бүгінде қала базарлары мен арнайы жабдықталған тоғыз ауыл шаруашылығы өнімдерінің дүкендерінде сатылады. Осы сауда орындарына қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі тарапынан тұрақты бақылау жасалып отыр. Бұл жайлы бізге аталмыш мекеменің басшысы Амантай Әбілқасымов әңгімелеп берді.

– Қалада ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы қалыпты. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қала бойынша 5 топ күнделікті базарлар мен сауда орындарында мониторинг жүргізіп отыр, – дейді бөлім басшысы.

Амантай Әбілқасымовтың айтуынша ауыл шаруашылығы тауарлары бағасының тұрақты болуына осы салада тер төгіп жүрген кәсіпкерлермен биліктің екі жақты меморандум жасауының да ықпалы болып отырған сыңайлы. Қалада әсіресе бірінші сұрыпты нанның бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың 10 ақпанында қала әкімі мен «Жезқазған нан өнімдері» акционерлік қоғамы арасында осы жылдың шілде айына дейін 1 сұрыпты ұнның бағасын қымбаттатпау туралы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ, қаладағы 5 наубайхана иелерімен 1сұрыпты нанды сауда орындарына 53 теңгеден тарату туралы, ал сауда орындарымен бұл нандардың бағасына 2 теңгеден артық үстеме қоспау туралы да меморандум жасалынған. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі қаладағы 7 жеке кәсіпкермен көкөніс түрлеріне артық үстеме ақы қоспау туралы екі жақты меморандум жасасып отыр.

– Қалада көкөніс түрлеріне бағаның өспеуіне біздің тұрақтандыру қорында көкөніс түрлерінің болуы да өзінің оң ықпалын тигізуде. Қазір тұрақтандыру қорымызда 60 тонна картоп сақтаулы тұр. Мұның сыртында алдын ала жасалынған меморандум бойынша келетін көкөніс түрлері де бар. Бұлардың бәрі қалада картоп, жуа сияқты көкөніс түрлерінің бағасының негізсіз өспеуіне сеп болуда, – дейді Амантай Әбілқасымов.

Қалай дегенде де баға бүгінде баршаның бас ауруы болып отыр. Әсіресе, қарапайым халықтың көңілі күпті. Билік бар күшін салып бағуда. Ал, баға бұғалыққа көнеді ме, көнбейді мен оны алдағы уақыт көрсетеді.

 Тұрғындардың назарына!

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді бұрынғылар. Басқа шауып төске өрлеп тұрған баға бұғалыққа оңай көнбес. Сондықтан бағамен бірлесе күресейік! Алда-жалда сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарында бағаның өскенін байқай қалсаңыздар мына төмендегі сенім телефондарына қоңырау шалыңыздар.

Коммуналдық қызметтер мен жанар-жағар май бағалары бойынша: 3-34-35

Азық-түлік тауарларының бағалары бойынша: 3-87-01; 3-65-16

Азық-түлік емес тауарлар бағасы бойынша: 3-86-88; 3-74-53

Дәрі-дәрмектер бағалары бойынша: 3-67-15; 3-25-85.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.